АСТАНА. 3 мамыр. Бүгін «Ғасыр жекпе-жегінде» Мэнни Пакьяодан басым түскен Флойд Мэйвезер осы жылдың қыркүйегінде соңғы рет жұдырықтасатынын айтты. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
«Келесі жекпе-жегім осы жылдың қыркүйек айында өтеді. Бұл кездесу спорттық ғұмырымдағы ең соңғысы болмақ. 49 жекпе-жек өткізіп, бірде бір рет жеңілмей рингтен кетемін», – деді боксшы кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында.
Пакьяо туралы ол: «Мэннидің кез келген қарсыласын бас көтертпейтіндей қауқары бар. Оның не үшін бокс биігінде жүргенін енді түсіндім. Пакьяодан басым түскенім үшін өзімді ақылды боксшы санаймын. Ол – өте мықты қарсылас. Сондықтан маған оңтайлы сәтті күтіп, өте сақ қимыдауға тура келді», – деді.
Өз кезегінде Мэнни Пакьяо төрешілердің шешімімен келіспейтінін айтты. «Мэйвезерге қарағанда менің соққыларым көп болды деп ойладым. Жеңілетіндей соншалықты таяқ жегем жоқ. Сондықтан төрешілердің шешіміне әлі таң қалып тұрмын», – деді филиппиндік боксшы.
Айта кетейік, жартылай орта салмақтағы қос мықты арасындағы жекпе-жек бүгін АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы MGM Grand аренасында өтті. 12 раундқа созылған айқаста Мэйвезер төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Еламан Қоңыр.
Дерек: ТАСС
Сурет: lenta.ru.