АСТАНА. 7 ақпан. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ ауылының тұрғынын өлтірді деген күдік таңылған адам көрші Өзбекстан мемлекетінің аумағынан ұсталды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.
«Қазақстан полициясының күшімен Өзбекстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Ынтымақ ауылының тұрғынын өлтіруге күдікті адам ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды», - делінген таратылған хабарламада.
Қазіргі таңда ұсталған адам Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті тергеу оқшаулағышында отыр. Қылмысты тергеуді ішкі істер министрінің тергеу департаменті мен облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлерінен құралған арнайы тергеу-жедел тобы жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, 4 ақпан күні Сарыағаш ауданының Бостандық елді мекені маңынан Ынтымақ ауылы тұрғынының пышақ салынған денесі табылды. Осыған байланысты «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін полиция оқиғаға күдіктіні анықтады. Ол Сарыағаш ауданы Бостандық ауылының 1976 жылы туған Н.Нарметов деген тұрғыны болып шықты. Күдікті марқұмның жылыжайын жалға алған екен. Сол күні олардың арасында жалға байланысты келіспеушілік орын алған. Жанжалдың соңы күдіктінің жылыжай иесін өлтіруімен аяқталған.
«5 ақпан күні Б.Артықовтың (қаза тапқан ер адам) ауылдастарынан тұратын бір топ жігіт Н.Нарметов тұратын жерде тәртіпсіздік жасады, соның салдарынан бірнеше автокөлік өртеніп, аударып тасталды. Жақын маңдағы үйлерге зақым келді. Бұдан кейінгі бұзақылық әрекеттерді оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тоқтатты. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады полицейлер.
Қазір Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары жүргізіліп жатыр, жағдайды ішкі істер қызметкерлері бақылауға алған.
Құрыш Нұрымбет.
Дерек, фото: Tengrinews.kz.