Көрме 20 Ақпан, 2025

Елордада «Көктемнің оянуы» атты картиналар көрмесі өтті

540 рет
көрсетілді

Бүгін Астанада «Ауыл» партиясы мен қала әкімдігі бірлесіп Наурыз мерекесіне және «Ауыл» партиясының 25 жылдығына орай картиналар көрмесін ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.

«SalSeri» сурет галереясындағы көрме – жылдың ең әдемі мезгіліне арналып «Көктемнің оянуы» деп аталыпты. Көрме – бейнелеу шығармашылығы арқылы жастарды рухани тәрбиелеуді, Отанға, туған өлке – ауылға, еңбек адамдарына деген сүйіспеншілікті арттыруды, эстетикалық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.

Аталған көрмеге қатысқан 5 суретші де Қазақстанның Дизайнерлер Одағы мен Суретшілер Одағының мүшелері әрі шетелдерге де біршама белгілі тұлғалар. Атап айтқанда, Нью-Йоркте  өткен «Арт-Экспо 2011» халықаралық байқауының лауреаты, еңбектері бірнеше жинақ кітапқа  енген суретші Бақытнұр Бурдесбеков, Еуразиялық Дизайнерлер Одағының және Ресей Суретшілер кәсіптік одағының (ПСХР) мүшесі, «Артэкспо Нью-Йорк-2011» байқауының алтын медаль иегері, Ұлттық дизайн академиясының академигі, мәдениет қайраткері Төлеуғазы Байғалиев, Қазақстан мен Ресейдің көрмелері мен конкурстарының қатысушысы, жұмыстары ҚР мұражайларында және АҚШ пен Еуропадағы жеке коллекцияларда қойылған Табын Қылышбай, «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің лауреаты, АҚШ-тағы «New York realism fine art» көрмесінің алтын медаль иегері, 2018 жылы «Ғажайып адамдар» халықаралық байқауының финалисті атанып, көзін жұмып сурет салған суретші Ренат Елубай, Қазақстанның және Ресейдің көркемөнер көрмелері мен симпозиумдарының қатысушысы, кітаптар бойынша иллюстрациялардың авторы Әділғали Баяндин қатысып, картиналарын көрмеге қойды.

Тағылымды шараны Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев құттықтау сөзімен ашты.  

«Сіздердің туындыларыңыз көптеген шетелдік көрмелерде ұсынылды, ал кейбірі АҚШ, Еуропа және басқа да шет елдерде өнер бағалаушыларының жеке коллекцияларында тұр. Шығармаларыңыздың арқасында әлем қазақ тарихын, мәдениетін, тұрмысын, табиғатын және қазіргі заманғы Қазақстанды таниды», деп суретшілерге ризашылығын білдірген «Ауыл» партиясы Төрағасы С.Егізбаев көрмені бірлесіп ұйымдастырғаны үшін Астана қаласының әкімдігіне, суретшілерге, сондай-ақ  алаң ұсынып, көрмені безендіргені үшін Арыстан  Смағұлов мырзаға және оның қызметкерлеріне алғыс айтты.

Айта кетейік, аталған көрме «Ауыл» партиясының еңбек адамдарын қолдаудағы маңызды рөлін көрсетеді, ал өнер – еңбек пен жасампаздықты шабыттандыратын әрі адамдарды байланыстыратын дәнекер сала екені мәлім.

5 суретшінің әрқайсысы жаңару уақыты, көктем тақырыбына өз көзқарасын білдіреді, яғни, олардың әрқайсысында тек өзіне тән шығармашылық бейнелеу тәсілі бар. Картиналар – табиғат пен туған жер, ауылға деген сүйіспеншілік пен жылылыққа толы.

Көрмеге суреттері қойылған суретшінің бірі, шараның ашылуында құттықтау сөз сөйлеген Әділғали Баяндиннің айтуынша аталған көрмеге барлығы 50-ге жуық картина қойылған.

«Көрмедегі негізгі тақырып – ауыл. Ауылда туып өскендіктен осы тақырып салыстырмалы түрде айтқанда бізге әлдеқайда жақын. Өзім 12 картинамды қойдым. Бірінші картинамда осыдан жүздеген жылдар бұрынғы ата- бабаларымыздың Наурызды тойлағаны, яғни, ауылға келе жатқан қонақтар, қазанда пісіріліп жатқан бауырсақ пен көже, ойнап жүрген балалар және тағы басқа көріністерді бейнеледім. Екінші картинамда заманауи Астана мен осы жерде көшіп жүрген баяғы ата-бабаларымыздың көшін суреттедім. Үшінші картинамда Астанадағы Наурыз мейрамы, киіз үйлер, халықтың думандатып  жатқан көрінісін паш еттім. Осы тұста айтайын, жалпы киіз үйлер Наурыз мейрамында ғана емес, әрдайым тігіліп тұрса, елордамыздың өте тамаша салтанатты көрінісінің бірі болар еді», деді Әділғали Сәрсенұлы.

Түйіндей айтқанда, жалпы адам баласының, туған өлкенің, ауылдың, қазақ даласының, табиғаттың көктемгі оянуының сұлулылық сырларын көркемдік шеберлікпен әр түрлі стильде бейнелеген «Көктемнің оянуы» көрмесін тамашалаған жұрт ауылдарына ойша саяхаттап, көңілдеріне рухани әсер алып тарқасты.

Айта кетейік, аталған көрме 5 наурызға дейін жалғасады.