Логистика 21 Ақпан, 2025

Көлік-логистиканың өзекті мәселелері

57 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктер мен мемлекеттік ұйымдар басшылығының қатысуымен Көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізді.

Автомобиль, теміржол, су және авиа­ция көлігі салаларындағы ағым­дағы жағдай мен күрделі мәселелерге қатыс­ты сындарлы диалог өтті. Биз­нес өкілдері жеке инвестицияларды ен­гізудегі және саладағы жаңа инфра­құры­лымдық жобаларды іске асыру бары­сындағы әкімшілік кедергілер тура­лы мәлімдеді. Еліміздегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін реттеуші нормаларды жетілдіру туралы ұсыныстар айтылды.

«Конкурент-Б» ЖШС бас директоры Бақытбек Қадыров теміржол сала­сына жеке инвестицияларды тарту­ға қатысты ұсыныстар айтты. Атап айт­қанда, инфрақұрылымы жоқ, бірақ эко­номикалық өсу үшін әлеуеті бар өңірлерде жаңа жолдар салу жө­нінде бастама көтерді. Бұл инфра­құ­рылымдағы кедергілерді жеңілдетуге, елішілік аумақтық байланыстың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Премьер-министр теміржол құры­лысына жеке инвестицияларға қатыс­ты бастаманы қолдап, Көлік министр­лігіне биылғы 1 наурызға дейін инвестицияларды қайтару тетігі бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Халықаралық автомобиль тасымалдаушылар одағының президенті Мақсат Сақтағанов көліктегі бақылау тақырыбын көтерді. Ұсыныс ретін­де автомобиль көлігінде валюталық бақылауды енгізу идеясы айтылды. Сондай-ақ оның пікірінше, рұқсат беру құжаттарының түпнұсқалығын тексеру рәсімі бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақ­паров рұқсат беру құжаттары­ның ашықтығын қамтамасыз ету мақ­сатында қолдан жасауға жол бермеу үшін QR-кодтарды енгізу жоспары туралы баяндады.

«Victory trans» ЖШС директоры Қуанышбек Садырбаев отандық тасымалдаушыларды қолдау мақсатында Қазақстанда халықаралық тасымалдарда автомобиль көлігіне рұқсат беру жүйесін қолдану ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізу туралы бастама көтерді.

Еліміздің 60 ірі және 40 шағын автобус тасымалдаушыларын бірікті­ретін «Қазақстан автомобиль конвен­ция­сы» қауымдастығының прези­денті Марат Берқалиев елімізде автомо­биль көлігімен жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі 3 жылға арнал­ған шаралар кешенін бекітуге қатысты ұсы­ныстарын айтты, онда тасымалдау­шылардың шығындарын толық субсидиялау, паркті жаңарту және басқа да мәселелер көзделген.

Премьер-министр бұл ұсынысты қолдап, Көлік министрлігіне тиісті тапсырма берді.

«Сары-Арқа» халықаралық әуежайы» АҚ бас директоры Ерлан Оспанов шағын авиация инфрақұры­лымы үшін әуе хабтарын дамыту бойынша бірқатар шара ұсынды. Әуежайларды жүйелі дамыту, олардың экономикалық тұрақтылығын арттыру қажеттігіне баса назар аударылды.

Премьер-министр бастамаларға қолдау білдіріп, әуежайлардың жұмы­сы үшін бәсекеге қабілетті жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Атал­ған мәселеге қатысты егжей-тег­жейлі пысықтау және шешім қабылдау үшін қосымша кездесулер өткізіледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Олжас Бектенов көлік инфра­құрылы­мын дамыту мемлекет пен бизнестің белсенді өзара іс-қимылын қажет ететінін баса айтты. Мемлекеттік бюджет сала­ның барлық қажеттілігін өтей алмайды, сондықтан жеке инвестициялар тартуға басымдық беріледі.

Үкіметтің «Атамекен» ҰКП-мен ел экономикасын тиімді дамыту мақ­сатында бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ны­ғай­ту жөніндегі бірлескен жұмысы жалғасып жатыр.