АСТАНА. 3 мамыр. АҚШ-тың Небраска штатында адам сенгісіз жайт тіркелді. Екі ай бұрын миы тіршілігін тоқтатқан әйелдің құрсағында жетілген сәби дәрігерлердің себеп болуымен аман-есен дүниеге келді. Бұл туралы belta.by хабарлады.
Ақпан айында аяғы ауыр әйел кенеттен көп мөлшерде қан жоғалтып, ауруханаға жеткізіледі. Алайда, мамандар оның дертіне дауа таба алмады. Нәтижесінде болашақ ананың миында тіршілік белгісі тоқтап, әйел жарық дүниемен қош айтысады. Бұл кезде әйелдің жүктілік мерзіміне 5 ай толғанын айта кетейік.
Тексеру барысында дәрігерлер құрсақтағы баланың денсаулығына ешқандай зақым келмегенін анықтайды. Соған орай оның өмірін сақтап қалуға күш жұмсады. Осы мақсатта әйелді арнайы аппараттарға қосып, шарананы жасанды жетілдіру ісін қолға алды. Миы өлген әйел бұл күйде 54 күн жатқан.
Сәуір айында іштегі балаға 7 ай толып, жетілген кезде дәрігерлер жасанды босандыру (кесарево сечение) арқылы өмірге ұл баланың келуіне себеп болды. Мамандардың айтуынша, анасының жағдайы сәбидің денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізбеген. Бүгінде жаңа туған нәрестенің жағдайы бірқалыпты.
Қазір бұл оқиғаға байланысты АҚШ-та әлеуметтік желілер арқылы көптеген пікірлер жазылуда. Барлығы анасының өз өмірін баласына бергенін айтып, сәбиге ұзақ өмір тілеуде.
Еламан Қоңыр.
Дерек: belta.by.
Сурет: lenta.ru.