• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2015

Жарысты Жапония жалғастырады

317 рет
көрсетілді

АСТАНА. 7 ақпан. Теннистен Федерация кубогы үшін жарыс аясында Қазақстан Жапониядан 2:0 есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Отандық теннисшілер аталған жарыста Азия және Мұхит аймағы елдерінің бірінші тобында ойнағаны белгілі. «В» тобына түскен қыздарымыз осыған дейінгі барлық ойындарында жеңіске жетіп, ІІ Әлемдік топқа берілер жолдамаға таласуға мүмкіндік алған еді. Ол үшін Жапонияны жеңсе болғаны. Дегенмен, дәл жапон теннисшілерімен болған шешуші тартыста ұлттық құраманың капитаны Диас Досқараев команда құрамына өзгеріс енгізді. Соған сәйкес, Жапонияға қарсы жекелей сында еліміздің бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Зарина Диас шыққан жоқ. Капитан оны жұптық кездесудегі ойынға сақтауды жөн көріпті. Нәтижесінде, жекелей сында Ярослава Шведова мен WTA рейтингінде 111-сатыда тұрған, тәжірибесі аз Юлия Путинцеваға сенім артылды. Осы жарыс барысында жекелей сынға алғаш рет шығып тұрған Юлия қарсыласы Мисаки Дойға 6:1, 6:3 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ, Жапонияның көшбасшысы Куруми Нарамен бәсекеге түскен Шведова да алғашқы сетті 6:2 есебімен жеңгенімен, қалған екі кезеңде 6:7, 3:6 есебімен жол берді. Осылайша екі ойында қажет ұпайларын олжалаған Жапония теннисшілері мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Кездесу тағдыры шешілгендіктен қос команда арасындағы жоспарланған жұптық ойын болған жоқ. Бұл тартыста жоғарыда айтқанымыздай, Зарина Диас пен Слава Шведова шығуы тиіс болатын. Енді ережеге сәйкес жарысты әрі қарай Жапония жалғастырады. Олар ІІ Әлемдік топтың ең осал командасымен шеберлі байқасады. Жеңгені аталған топтың жолдамасына ие болады. Федерация кубогы жарысының Азия және Мұхит аймағы елдері арасындағы бәсекесінде Қазақстан осымен Жапониядан үшінші рет жеңіліп отыр. Алғаш рет 2000 жылы кездесіп, біздің қыздар 3:0 есебімен жеңілген еді. Ол кезде жарыстың Жапонияда өткенін айта кетейік. Келесі тартыс 2011 жылы Таиланд жерінде өтті. Бұл жолы отандық теннисшілер бір ойында жеңіске жеткенімен, жалпы есепте 2:1 есебімен қарсыластарына есе жіберді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: facebook.com.