• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2015

«Астана» жеңілістен көз аша алмай келеді

274 рет
көрсетілді

АСТАНА. 8 ақпан. Баскетболдан ВТБ лигасында ел намысын қорғайтын «Астана» сырт алаңда Волгоградтың «Красный Октябрь» командасынан 84:72 есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Осы ойын алдында «Астананың» бас жаттықтырушысы ауысты. Клуб басшылығының мұндай шешім қабылдауына «Астананың» биылғы маусымдағы сүреңсіз ойыны себеп болды. Тіпті, ВТБ лигасы мен Еврочелледж турнирі аясындағы соңғы бес кездесуде жеңіліс тауып, турнир кестесіндегі жағдайы әбден нашарлап кетті. Нәтижесінде, Александр Трифунович қызметінен кетіп, елордалықтарды Волгоградқа литвалық маман Рамунас Бутаутас бастап барды. Бұл маманмен «Астана» маусым соңына дейін келісім шарт жасасты. Бутаутас кезінде Литва құрамасын жаттықтырып, 2008 жылғы Пекин Олимпиадасында командасымен бірге 4-орыннан көрінген. Одан бөлек, Литваның атақты «Жальгирис» командасын да жаттықтырған тәжірибелі маман. Латвия, Украина елдерінде де жұмыс істегенін айта кетейік. Волгоградтағы ойын астаналықтардың басымдығымен басталды. Есепті ашқан да біздің команда. Тіпті 6:0 есебімен алға шықты. Үзіліске дейін тізгінді уыстарынан шығармаған «Астана» ойыншылары бірінші кезеңді 20:15 есебімен өз пайдаларына аяқтады. Екінші кезеңде алаң иелерінің ойынына қан жүгіріп, сәт сайын ұпайларын молайта берді. Әсіресе, Калпеппер-Виктор-Хэмилтон үштігі «Астананың» қорғанысын бірінен соң бірі бұзып, өз жанкүйерлерінің алғысына бөленді. Үлкен үзіліске дейін 24 ұпай жиған волгоградтықтарға біздің баскетболшылар 14 ұпаймен ғана жауап берді. Екі кезең қорытындысы бойынша «Красный Октябрь» 39:34 есебімен алға шықты. Неміс маманы Дирк Бауэрман жаттықтыратын жергілікті команда келесі кезеңде де қарқынын жоғалтқан жоқ. Тіпті, бұл кезеңде астаналықтардың алаңда бар-жоғы білінбеді десек, артық айтқандық емес. Себебі, 10 минут бойы біздің команда бар-жоғы алты-ақ ұпай жиса, «Красный Октябрь» қоржындарына 19 ұпай салып, жалпы есепті 58:40-қа жеткізді. Шешуші соңғы кезеңде Бутаутас шәкірттері жинақылық танытқандай болды. Джерри Джонсон, Патрик Калатес, Лука Андрич және Рашид Махалбасичтар ойынды құтқарып қалу мақсатында аянып қалмады. Алайда, олардың бұл талпыныстары тым кеш еді. Төртінші кезең 32:26 есебімен «Астананың» пайдасына аяқталды. Десек те, бұл көрсеткіш екінші және үшінші кезеңдерде қажет ұпайларына қол жеткізген волгоградтықтарға ойында жеңіске жетуге кедергі болмады. Елордалықтар ВТБ лигасында осымен бесінші мәрте қатарынан жеңіліске ұшырады. Ойын барысында ең көп ұпай жинаған спортшы «Красный Октябрь» сапындағы Ламонт Хэмилтон. Ол 40 минуттың ішінде 23 ұпайдың иесі атанды. Ал 18 ұпай жинаған Джерри Джонсон «Астана» сапындағы ең мерген ойыншы деп танылды. Осы жеңісінен кейін «Красный Октябрь» турнир кестесінде «Астананы» айналып өтіп, плей-офф кезеңіне жолдама беретін 8-орынға жайғасты. Бір саты төмен сырғыған астаналықтар бүгінде 11-орында тұр. Қос қарсылас маусым басында Астанада сынға түсіп, біздің команда 94:76 есебімен жеңіске жеткенін айта кетейік. «Астана» лига аясындағы келесі ойынды 13 ақпан күні финляндиялық «Байзонс» командасына қарсы өткізеді. Оған дейін, яғни, 11 ақпанда Еврочелледж турнирінің топтық кезеңінде Италияның «Бриндизи» командасымен сынға түседі. Бұл ойын Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: bcastana.kz.