АСТАНА. 4 мамыр. Непалда 25 сәуірде болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жою жұмыстары мен құтқару шаралары әлі жалғасуда. Апаттан кейін 8 күн уақыт өткенде өз үйінің астында қалған 105 жастағы қария тірі табылды. Бұл туралы NDTV телеарнасына сілтеме жасап, lenta.ru хабарлады.
Оқиға Кимтанг ауылында болған. Фанчу Гэйл (Fanchu Ghale) есімді ер адамның зілзала салдарынан аяқ-қолы ғана жеңіл жарақаттанған. Қазір ол әскери тікұшақпен ауруханаға жеткізілді.
Бұдан бөлек, тағы бір ұзақ жасаған ер адамның үйінді астынан аман табылғаны анықталды. РИА «Новости» ақпараттық агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, оның жасы 101-де. Сенбі күні өз үйінің астынан табылған ол қария да қазіргі таңда ауруханада ем-дом қабылдауда.
Сондай-ақ, кеше құтқарушылар елдің солтүстік-шығысындағы аудандардың бірінен бір ер және екі әйел адамның тірі табылғанын хабарлады.
Осыған дейін Непал билігі үйінділер астынан тірі қалғандардың табылуы екіталай деп, үміттерін үзген еді. Тіпті құтқарушылар шалғайдағы елді мекендерге жеткен кезде құрбан болғандардың саны күрт артуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Айта кетейік, Непалдағы магнитудасы 7,9 баллды құраған жойқын зілзала 25 сәуірде болды. Жерасты дүмпуінің ошағы ел астанасы – Катмандудан солтүстік-батысқа қарай 82 км. жерде тіркелді. Дүмпудің тереңдігі 15 км.-ге дейін жеткен. Соңғы деректер бойынша, қаза тапқандардың саны 7 200-ден асқан. 14 мыңнан астам адам әртүрлі деңгейдегі жарақат алған.
Бүгінде зілзала әлі тыңшыған жоқ. Өткен аптаның соңында бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Олардың ішінде магнитудасы 6,7 баллды құраған дүмпулер де болды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: lenta.ru.
Сурет: AFP.