Дәуірінде қолындағы сырнайын сақ-сақ күлдіріп, домбырасын бебеулетіп, топқа түссе шашасына шаң жұқпаған ақын, сазгер, әнші Тайжан Қалмағамбетұлы есімі Ұлытау өңіріне ғана емес, елімізге танымал. Он екі жасында ән айтып, он бес жасында Үкілі Ыбырайдан бата алып, Ұлытау, Көкше, Сыр бойы жұртын өнерімен тәнті еткен Тайжан мұрасы – ұлт өнерінің қазынасы.
Екі күн бойы Сәтбаев қаласындағы Шынболат Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында IV республикалық «Ұлытаудан қанат қаққан ақын Тайжан» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Сәтбаев қаласы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған өнер додасына еліміздің он облысынан 18–35 жас аралығында 18 әнші қатысты. Байқауға қатысушыларды Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев құттықтап, осындай өнер байқаулары жыл сайын өтетінін және қолдау көрсететінін атап өтті.
Қазылар алқасының төрағасы – тайжантанушы, әнші Ғалым Мұхамедин ақынның тағдыры мен соңында қалған мұрасы жөнінде мағлұмат берді.
Байқау алдында Тайжан Қалмағамбетұлы атындағы Ұлытау облыстық филармониясының айтулы әншілері шығып, әуелете салған әнімен қатысушылардың делебесін қоздырып, шабыттандырды. Алғашқы күні байқауға қатысушы әрбір үміткер Тайжан, Нартай, Үкілі Ыбырайдың әндерінен барлығы үш ән орындады.
Домбыра, сырнаймен шыққан дарынды жастардың оза шапқаны да, бабы келіспегені де болды. Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданының мәдени-сауық орталығына қарасты «Шың» драма-музыка театрынан келген Кенесары Бұлғанбаев – ең жас қатысушы. Ол Тайжанның әні «Сақ-сақ», Үкілі Ыбырайдың әні «Қалдырған» және Нартайдың термесін орындады. Алғашқы әнінен-ақ жас дарынның өнер әлемінде өз қолтаңбасы бары байқалды.
Түркістандық Аружан Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін өзінің тақиясына таққан үкісіндей құлпыртып жіберді. Қарағандылық Альяна Берғазықызының орындауындағы Тайжанның «Шолпанға» әні де көңілден шықты.
Өнерлі жастарға баға беретін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Ғалым Мұхамедин басқарған қазылар алқасының мүшелері осал емес. Сонау Оралдан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев, Қарағандыдан Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұстазы, әнші Жақсыкелді Кемалов, Ұлытаудан әнші, өнертанушы Серік Оспанов, Алматыдан Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның доценті, Мәдениет саласының үздігі Күзеубай Аманкелді, Қызылордадан Мәдениет саласының үздігі, Республикалық ақын-жыраулар одағының мүшесі Ақмарал Ноғайбаева, Астанадан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы, термеші Қошан Мұстафаұлы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Мәдениет саласының үздігі Шолпан Даржан, дәстүрлі әнші Дәрігүл Алдажанова бар.
Тайжан Қалмағамбетұлының немере келіні Гүлдәрі Оспанова: «Жарым, ақын атамыздың немересі Әбдікәрім Шубайұлы 2006 жылы қайтыс болды. Ақын атамыз нағашысы Үкілі Ыбырайдан бата алған. Кеудесі әнге, толқынды жырға толған. Атамыз кез келген жерде ағаштан жонып домбыра жасап алады екен. Әнді көбіне сырнаймен айтады. Кенен Әзірбаевпен айтысқан, суырыпсалмалық өнері бар. Қарсақбайдың мыс зауыты енді ашылып жатқанда жан-жақтан ақын-жазушылар келіп, атамен танысады. «Қызыл кеніш» газетінің редакторы Әбділдә Тәжібаев ақынмен жақын танысып, өлеңдерін осы газетке береді. Ақын атамыз Қаныш Сәтбаевпен танысып, атақты геологке қолдау көрсеткен. 1934–1936 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан. Сырнайды құлаштап ән айтқанда даусы екі көштік жерден естіледі екен», деп біраз дерек айтты.
Сонымен байқау мәреге жетті. Бас жүлде Түркістан қаласынан келген Аружан Сағындыққа бұйырып, 1 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Бірінші орынды Т.Қалмағанбетұлы атындағы Ұлытау облыстық филармониясының әртісі Мадияр Мақсұтов (1 млн теңге), екінші орынды Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан Мадияр Өмірғалы (700 мың теңге), үшінші орынды Батыс Қазақстан Бәйтерек ауданының мәдени-сауық орталығына қарасты «Шың» драма-сазды театрынан Кенесары Бұлғанбаев (500 мың теңге) иеленді.
Тайжан Қалмағамбетұлы атындағы арнайы жүлде Қарағанды облысы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыдан Ақжігіт Дәулетбекке, Жақсыгелді Сейілов атындағы арнайы жүлде Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінен Ақниет Серғазинаға, Шынболат Ділдебаев атындағы арнайы жүлде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясынан келген Сәулет Аманғазинге бұйырды.
Қостанайлық Жасұлан Өтемұратов пен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан келген Абдуррахман Естайұлы дипломант атанды.
Сахна шымылдығы Тайжан Қалмағанбетұлы атындағы Ұлытау облыстық филармониясының әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Әділет Тұрлығожаевтың орындауындағы «Атамекен» әнімен жабылды.
Мәдениет сарайындағы залдың әр жерінде тарыдай шашылған санаулы көрерменді көргенде көңіліміз түсіп қалған. Есті әнге емес, есер әнге үйір жастардың бой көрсетпеуі көңілге кірбің ұялатты. Эстрада әншісі келді десе, залда ине шаншар орын болмайтыны анық. Бәрінен бұрын дәстүрлі әнді насихаттаған дарынды жастардың әнін өз қатарластары тыңдамайтыны қабырғаға батады.
Ұлытау облысы