Өткен сенбі күні Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «Астана ЭКСПО-2017» нысандарының құрылысы барысында шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тартуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Көрме кешенінің құрылыс алаңында өткен кеңеске орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың басшылары, құрылыс ұйымдары мен өңірлік тауар өндірушілердің өкілдері қатысты.
Бірінші вице-премьер құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен және көрме мен ЭКСПО-қалашығы нысандарының құрылысы үшін материалдарды жеткізу жағдайымен танысты.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының ақпараты бойынша, бүгінгі күнге қатысты көрмені салушы бас мердігерлер мен Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының тауар өндіруші кәсіпорындары жалпы сомасы шамамен 3 млрд. теңгені құрайтын келісімдер бекіткен. Оның сыртында астаналық кәсіпорындардан сомасы кемінде 50 млрд.теңге болатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алу жөнінде ұлттық компаниялар мен Астана әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді.
Кеңес қорытындысы бойынша, Б.Сағынтаев ЭКСПО нысандары құрылысына отандық тауар өндірушілерді, шағын және орта бизнесті тартуға қатысты өңірлермен жұмысты жандандыру жөнінде мемлекеттік органдар мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-қа бірқатар тапсырмалар берді.