ҚОСТАНАЙ. 4 мамыр. Қостанайда «Золотой микрофон» ХШ халықаралық балалар вокалдық байқауы аяқталды. Оның бас жүолдесін алматылық жас дарынды әнші Әсет Балғазин еншіледі. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бұл дәстүрлі байқау жыл сайын өріс алып келеді. Оған Қазақстан облыстарымен қатар Еуропа елдерінен, Ресейден, Әзербайжаннан, Армениядан барлығы 75 дарынды балалар қатысты. Балалар өнері композитор Кеңес Дүйсекеев басқаратын кәсіби қазылардың қатаң сынынан, таразысынан өтеді. Үш күнге созылған байқауда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар озды.
Бірінші орынды Арқалық қаласынан келген Айрау Жүсіпбекова, челябілік «Продленка» тобы, болгариялық Иван Гайдаров иеленді. Екіншіорынды қостанайлық талантты балалар Анна Тысленко, Рамин Сармурзина, Әлия Намиляева, Әділ Нұрышев мен астаналық Әнел Смайылова бөлісті. Үшінші орын Алматыдан келген Арай Тастыбайға, астаналық Мәлике Смағұловаға, «Bionic» тобына, Әзербайжаннан келген Анжелика Мұрадоваға, Белоруссиядан келіп қатысқан Ярина Алексееваға және қостанайлық екі әнші Елдар Ахметбеков мен Екатерина Ковальчукқа бұйырды. Ал байқаудың Гран-При сыйлығын алматылық жас талант Әсет Балғазин иеленді. Оған 300 мың теңгенің сертификаты мен планшет сыйға берілді.
Байқаудың режиссері әрі продюссері Вячеслав Авдеев: «Золотой микрофон» аясы жылдан жылға кеңейіп, ол нағыз шығармашылық тартысты сипат алып келеді. Биылғы байқау «Қостанай – бейбітшілік пен достық қаласы» атты девизбен өтті. Осы байқаудың жеңімпаздары еліміздің ғана емес, өзге де елдер өнерінің жұлдызына айналады. Қостанайдан әлі де талай талант ұшады», деді.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек: egemen.kz
Сурет: kst.news.kz