ҚОСТАНАЙ. 4 мамыр. Осыдан бір ай бұрын жоғалып кеткен 17 жастағы Нұргүл Ағыбаеваның денесін арнайы құрылған тергеу-іздестіру тобы Тобыл өзенінен тапты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Сот-медициналық сараптамасының нәтижесі көрсеткендей, қыздың денесінде ешқандай зорлық-зомбылықтың ізі жоқ. Ол өкпесі суға толып, тұншығып өлген. Тергеу жұмыстары оның суицидтен болғанын да жоққа шығармай отыр.
Еске сала кетсек, Нұргүл Қостанай қаласында колледжде оқыған. Қостанай қаласында ол тұрған туыстарының үйі қыздың денесі табылған Тобылдың иінінен алыс емес. Оның ағасының айтуына қарағанда, 3 сәуір күні сабаққа жиналған, бірақ колледжге бармаған, сумкасы, заттары үйде қалған. Телефоны жауап бермеген. Қыздың анасының айтуынша, оның телефонына түнгі 22.30 дейін қоңырау барып тұрған, одан кейін сөндірілген. Полиция қыздың ата-анасына соңғы қоңырауды қала түбіндегі Амангелді селосындағы шамамен Энергетик көшесінің 1 үйінен жасалғандығын, содан кейін байланыстың үзіліп кеткенін жеткізген.
Қостанайда жасөспірімдердің жоғалуы азаймай тұр. Сәуір айында жоғалған ұл мен қыз әлі іздестірілуде.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: alau.kz