Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы өңір өміріне серпіліс әкелгендігін бүгінгі ұлан-ғайыр өзгерістерден айқын байқауға болады. Қалаларды былай қойып, шалғай елді мекендерде қолжетпестей көрінген озық жобалар қолға алынып, жемісін беріп жатыр. Жүк автомобильдері, астық комбайндары, ауылшаруашылық техникалары, авиациялық бұйымдар, медициналық жабдықтар, заманалық қуат көздері мен химия-биология өнімдері ел игілігіне айналғаны қашан. Қат дүниенің бірі цемент еді. Ақмола алдағы сәуір айында үлкен кәсіпорынды іске қосып, республика құрылыс индустриясының өркендеуіне өзінің салмақты үлесін қосады деп күтілуде. Бөлектеп айтарымыз, бұл да ауылдық жерде, Еңбекшілдер ауданының Заозерный кентінде бой көтеретін мүбәрак дүние екендігі.
Әлемдік деңгейдегі озық технологияға, жұмылдырылған инвестицияның ауқымдылығына негізделген жобаның солтүстік аймақта баламасы жоқтығын айтады мамандар. Жаңа өндірістік бірлестік толық қуатында жұмыс істеу барысында жылына жоғары сападағы 2 миллион тонна цемент шығаратын болады. Құрылыс индустриясының барлық саласында үлкен сұраныспен қолданылатын «ПЦ-400», «ПЦ-500», «ПЦ-600», «Д-20», тағы басқа маркадағы құрғақ өнімнің 20 түрі әріптестерге үздіксіз жөнелтіледі. Жобаның ұтымдылығы негізгі шикізат – Көксор кенішіндегі әк пен құм қоспалары (аргиллит) өзімізде өндірілетіндігінде. Зауыт құрылысы жобасының жалпы құны 59 миллиард теңгені құраса, оның 54 миллиард теңгесі игеріліп отыр. Алдағы уақытта облыс пен аудан аумағының 700 тұрғыны осында жұмысқа орналастырылып, кәсіпорын есебінен шетелдік салалық компанияларда біліктілігін жетілдірмек.
Мұны неге айтып отырмыз? Жауапты «Көкше-цемент» өндірістік бірлестігі» ЖШС директоры Мұрат Молтұсыновтың пікірлерінен табатын сияқтымыз.
– «Көкше-цемент» шын мәнінде жалпыхалықтық құрылысқа айналды, – дейді ол. – Өндірістік цикл барысында, құрылыс алаңдарындағы жұмыстарға 21 қосымша мердігерлік ұйымдар тартылды. Мұнда 361 адам, оның ішінде 157 инженерлік техникалық қызметкер мен 199 жұмысшы еңбек етуде. Олардың орташа айлық еңбекақысы 95 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, 61 арнайы техника жұмылдырылған. Жабдықтар цемент өндіру саласында әлемдік үздік фирма саналатын «FLSmidth» (Дания) компаниясынан жеткізіліп, сол елдің мамандары бізде жұмыс істеуде. Осының өзі нысанның ерекше назарда екендігін білдіреді. Ал кешенді жұмыстар 2007 жылы басталған. Бұған қарап, кейбір жерде айтылып қалатындай, мұны «сақалды» құрылысқа жатқызуға болмайды. Жұмыс ырғағында соншалықты ауытқушылық жоқ. Маңызды нысан жоспарлы кестемен пайдалануға берілетіні анық. Осы істердің барлығын бұрынғы бас мердігер «ТОМС Индастриал» мен қазіргі «ВЭК-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұтымды үйлестіре білді. Осы орайда, ұйымдастырушылық қызметте көп көмек көрсеткен облыс, аудан басшылығына ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Біздің ұстанымымыз – сапа.
Шындығында, бұл жұмыс екпіндете ұран көтеріп, асығыс алға басуды көтермейді. Біз атқарылған істің есеп-қисабын тәптіштеуден аулақпыз. Бірақ, ен далада ондаған миллион текше метр жер қазу, бетон құю ісі атқарылғанын, қыруар металл бұйымдары құрастырылғанын, бұлардың бір тынбай тасымалданғанын және қымбат дүниелерді сақтайтын қоймалардың салынғанын еске сала кеткіміз келеді. Мұны, ең бастысы, ел ішіндегі тың нарықтарға жол ашудың негізі деп әспеттесек те жарасады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді», деген сөздерін жаңа кәсіпорынның ертеңгі шапағаттарымен байланыстыруға болады.
Кешегі кеңестер заманындағы «жабық кенттің» шамдары жарқырап барып заматта сөнгенін еске алсақ, бүгінгі Заозерныйдағы жаңғырған тіршілікке қайран қалатынымыз анық. Макинка қаласындағы трансформаторлық стансаның қуаты кеңейтіліп, қайта жарақтандырылды және цемент зауытына дейінгі 98 шақырымдық ВЛ 110 кВт электр желісі тартылды. Сондай-ақ, Айсары және Степногор қаласындағы Заводской теміржол стансаларының қайта құру құрылысы аяқталды. «Заозерный-Донской» тас жолы салынды. Екі бірдей артезиян құдығынан су тартыла бастады. Жұмысшы кентінде 60 отбасылық жатақхана, қонақүй, вахталық поселкеде 256 орындық, барлық қолайлылықтар қарастырылған тұрақжай, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтерді. Цемент зауыты әкімшілігінің демеушілігімен Заозерный орта мектебінің шатыры күрделі жөндеуден өткізілді.
Сапар барысында аудан әкімі Абай Сәдуақасұлымен тілдесудің сәті түскен. «Дәстүрлі мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысатын ауданымыз мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданған жылдар ішінде экономиканы шұғыл әртараптандыруға қол жеткізді, дейді ол. Елбасымыз Н.Назарбаев Атансор темір кенішін әдейі келіп, ашып берді. Озық өндіріс ошақтарымызды Президенттің қатысуымен өткізілген тікелей телекөпірлерде таныстыру мүмкіндігіне ие болдық. Ал «Көкше-цементтің» болашағынан үлкен үміт күтеміз. Көптеген жұмыс орындары ашылуда, жастарымыз жаңа кәсіп түрлерін игеріп жатыр. Әлеуметтік жобалар шеңбері де кеңейе түспек.
Әрине, бізді толғандырып отырған мәселелер баршылық. Зауыт пайдалануға берілген кезде дайын өнімі, шикізаты бар тәулігіне 8000 тоннаға жуық жүк тасымалданатын болады. Бұл ұзақ мерзім пайдаланып келген автомобиль жолына қосымша салмақ түсіреді. Сондай-ақ, құзырлы органдар назарына «Алтынтау-Айсары» стансалары аралығында жолаушы пойызын жүргізу мәселесін қойып отырмыз».
Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Еңбекшілдер ауданы.