Елдер әлеуетін өрге оздырар одақ
Тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі кезде Кеңестер Одағы құрамынан шыққан тәуелсіз елдер өздерінің болашақ бағдарын іздей бастады. Сондай бір толғақты тұста, яғни 1994 жылғы наурыздың 29-ында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге ресми сапармен барды. Қазақ басшысын құрметпен қарсы алған көрші ағайын Елбасының әрбір сөзін қалт жібермей, мұқият тыңдады. Мәскеу университетіндегі кездесуде Мемлекет басшысы басқалар сияқты өз елінің байлығымен мақтанбады, барлығымен шаттанбады, жоғын айтып, алақан жайған жоқ, қайта бүкіл әлемнің алдында тұрған сын-қатерлерден аман алып шығатын Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы өз ойын ортаға салды. Бұл ұсыныс өркениет пен экономиканың толғақты мәселелерін шешу жолында тер төгіп жүргендерге тосын жағдай болып көрінді. Ал жылдар өте Елбасының сол ұсынысы жарқын болашақтың кілтіне айналды. Содан бері жаһандық саяси жағдай сан құбылды. Жаңа одақтың болашағынан бірден түңілгендер де, оның мән-маңызына тереңірек үңілгендер де кездесті. Түптеп келгенде, көрегендік идея ақыры жүзеге асты.
Басында саясаткері де, экономисі де, қылаяғы өріске малын өргізгелі шыққан ауыл тұрғындары да осыған қатысты болжамдарға белсенді түрде атсалысты. Олардың бір бөлігі аталмыш одақ өркениетке, ұлттық байлықтың артуына, кәсіпкерліктің қордалануына пайдалы бастама десе, енді бірі Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндіретінін дәлелдеуге тырысты. Тіпті, Украинадағы жағдайдан кейін, шындығында да, Ресейдің Кеңес Одағына ұқсас «бірдеңе» құруға ашықтан-ашық кіріскенін дәлелдеу үшін дәйек іздегендер де аз болған жоқ. Кеше ғана Ресей рублінің құнсыздануы жерлестерімізді тағы да ойға қалдырды. Төрт түлігін мыңғыртып, мал басында жүрген шаруалар Ресейге шығарылатын ет өнімдері саудасының тоқырауын жаман ырымға балап, жандарын қоярға жер таппай қалды.
Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерін тек қана географиялық жағдайы жақын етіп тұрған жоқ. Олардың басын біріктіретін, ортақ ойға кіріктіретін бірлескен жобалары жетерлік. Осы тұрғыдан келгенде үш елдің арасында түрлі талаптың болатыны да белгілі. Бәрі де өз мүддесін әлсіретіп, келесі елдерге есе жібергісі келмейді. Өйткені, оның артында елінің болашағы, халқының мүддесі жатыр. Рас, Қазақстан да, Ресей де шикізат елі. Әйтсе де, Батыстағы көршіміздің шетелдерге шығаратын өнімдері бар. Қаншалық қиындықтар қыспаққа алса да, экономикалық тұрғыдан күйреп кетпейді. Саяси жақта да өзінің салиқалы бағытын сақтап қалатын күш-қуаты жеткілікті.
Жалпы, қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа қызығушылық танытып отырған елдер көп. Жақын болашақта оның қатары тағы да бірнеше елмен толығып жатса, оған таңданудың қажеті жоқ. Себебі, әлемдік нарық бүгінгі күннің үдесінен шығу үшін тауарлар мен қызметтің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалуын талап етуде. Расында, бірлік болса тірлік, бәсеке болса сапа бар. «Көп болып пішкен тонның келте болмайтынын» жадына берік сіңірген Қазақ елі қашанда жетістігі болса жұртпен бірге қуанып, қиындықты ортақ бөлісіп, өркендеп келеді. Шынында, іргелес көршімен тату-тәтті болу қай жағынан да тиімді. Төрткүл дүниеде алыс-беріс, барыс-келіс жасамаған бір мемлекетті кездестірмейсің. Тарихтың қойнауында сан түрлі теперішті көріп, алмағайып заманды бастан өткерген халқымыздың көңілінде көп алаң болса да, көршімен тату болған елдің ешқашан ұтылмайтынын ұмытпайды. Жаһандану заманында айналамыздағы ағайындармен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір-біріміздің әлеуетімізді пайдаланып, алға жылжудың берері мол. Демек, аталмыш одақтан түңілетіндей қатер жоқ. Қайта, осыдан бұрын жүзеге асқан Кеден одағы барысында қол жеткізген нәтижелеріміз жаңа одақ құрамындағы елдердің жағдайының жаман болмайтынын аңғартады. Сонымен, 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ күшіне енді. Ендеше, ат-тонымызды ала қашпай, алдымызда тұрған игілікке кенелу үшін ұмтылған жөн.
Рас, әлем елдері арасында экономикалық тұрғыда ықпалдасып, бірлесіп, алға жылжытатын маңызды жобалар аз емес. Сол қатарда құрамындағы 27 елдің мүддесін ұйыстырып, экономикасына серпін беру мақсатында 1993 жылы құрылған Еуропалық одақты айтуға болады. Бүгінде бәсекелестік пен достықтың ұйытқысы болған одақтан саяси тұрғыда мемлекеттердің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін жағдайды көріп тұрған жоқпыз. Сондықтан адам, ақша, бизнес, тәртіп тұрғысынан жетілдіріле түскен Еуразиялық экономикалық одақтың саясаттан аулақ болып, сан салалы шаруашылыққа серпін беретінін біле жүргеніміз жөн. Тіпті, оның адамзат қоғамына қосар табысы да мол болмақ.
Ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одаққа енетін Ресей, Беларусь, Қазақстан сауда шекараларын ашып, кедендік кедергілерді алып тастаса, экономикамыздың дамуына, бәсекелестіктің күшеюіне және соған сай сапаның артып, бағаның төмендеуіне ықпал етеді. Қазақстандық тауарлардың өзге мемлекеттерге тасымалдануына оңтайлы жағдай туады. Бұл біздің тауар өндірушілеріміз үшін үлкен нарыққа шығуға жол ашады. Осы тұрғыдан келгенде, жаңа одақ еліміздегі шағын және орта бизнеске береке береді. Яғни, шикізаттың сан түрі бар қазақстандықтар сол байлықты шетелдік қаржы көздерінің көмегінсіз шып-шырғасын шығармай игілікке айналдыра алса қалтаға құйылар теңгенің көлемі де күн сайын ұлғая түсетіні анық. Жаңа одақ осы мүмкіндікке жол ашып, осыған дейін түрлі қысым мен кедергінің қыспағында келген шағын және орта бизнес субъектілерінің қуаттылығын арттыра түседі. Сондай-ақ, жеке шаруашылықпен айналысатын тұлғалар кеңестік шаруашылықтың тәртібіне шырмалып келген қатаң қағидаларды быт-шыт етіп, есесіне еуропалық талапқа сай қызмет көрсету мен жұмыс өнімділігін енгізуге мүмкіндік алады. Білікті мамандарға деген сұраныс қауырт артады. Оны мынадай қарапайым мысал арқылы түсіндіруге болады. Әлемдік бәсекелестіктің талабына орай, ірі, ұсақ кәсіпорынның болашағы қол астындағы маманның біліктілігіне тәуелді болып қалады. Осы тұста болашақ жоспарын табысты атқаруды ойға алған кәсіпкерлер жауапкершілігі жоғары білгір азаматтарды іздей бастайды. Бұл – аталмыш одақтың қазақ қоғамын саналы түрде жетілдіруге сеп болатын тұсы.
Тағы бір жағынан, қазірге дейін еліміздегі кәсіпкерлік саласы тек ішкі нарықтағы сұраныстан аса алмай келді. Бұл өнім өндіретін кәсіпорынның қуаттылығының төмендігінен емес, тұтынушылардың аздығынан туындаған жағдай-тұғын. Ал аталмыш одақ аясында көрші елдердегі үлкен нарыққа емін-еркін шығуға мүмкіндік бар. Бұл, бір жағынан, өндірісті өркендетсе, екіншіден, өнімнің сапалық деңгейін талап етеді. Сондықтан кәсіпорындар, зауыт, фабрикалар міндетті түрде заманға сай өндіріспен айналысуға мәжбүр болады. Нәтижесінде жан-жақтан ағылған заманауи құрылғылар оның тілін табу үшін шетелге ағылып, техника тілін меңгеруге талаптанатын мамандардың қатарын көбейтеді. Біліктілікке қосылатын бұл капитал фермерлерді мал шаруашылығы, диқандарды өсімдік шаруашылығы өнімдерін молынан өндіруге ынталандырады. Өйткені, бізде ұлан-ғайыр жер, жыл сайын бітік өсетін астық қоры бар.
Айтпақшы, жаңа одақтың өміршеңдігін осыған дейін атқарылып келген Кеден одағындағы жетістігімізбен де дәлелдеуге болады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Кеден одағының ықпалымен түрлі салада отандық экспорт 11 пайызға артса, импорттың өсу қарқыны айтарлықтай төмендеген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Үкімет мүшелерінің алдында берген есебінде «Осыған дейін мал етін көрші елдерге сату үшін міндетті түрде Ресей, Беларусь елінің мамандарының медициналық сараптауынан өтіп, рұқсат қағазын алу керек болатын. Өкінішке орай, олар екі жылда бір келетін де бұл кедергі көрші елдің нарығына шығуға қолбайлау болып келді. Қазіргі таңда ортақ одақтың аясында қазақстандық сертификатпен кез келген елге ет өнімдерін шығаруға, саудалауға мүмкіндік бар», десе, Премьр-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың журналистерге арналған баспасөз хабарламасында Кеден одағы аясында отандық кондитер өнімдерінің экспорты – 3, Ресей мен Беларуське жеткізілген отандық жүк көліктері – 17, цемент экспортының 16 есеге артқанын жеткізді. Айта кетерлігі, сыртқа экспортталған тауарлардың ішінде өңделген өнімнің де үлесі басым. Мәселен, Кеден одағына мүше елдерге жөнелтілген тауар 2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылы 18 млрд. теңгеге артып, өңделген өнімнің нарықтағы үлесі 44,9 пайыздан 58,9 пайызға ұлғайыпты. Осы тұста өңдеу өнеркәсібіне құйылған шетелдік инвестицияның да көңілден шығатынын айта кеткен жөн. Осыдан-ақ Кеден одағы құрамындағы үш елдің барыс-келісі баянды, алыс-берісі келісті болғанын байқайсыз. Ал талаптары мен мүмкіндіктері Кеден одағын он орайтын Еуразиялық экономикалық одақтың берері тіптен мол болмақ.
Кейбір мамандар Еуразиялық экономикалық одақтың Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге соны соқпақ болатынын дәлелдеп жатыр. Бұл пікірге біз де қосыламыз. Байыптап қарайтын болсақ, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің артықшылығы мол. Оны көрші Қытай мен Қырғызстандағы сауда-саттық әлеуетінен көруге болады. Қарапайым ғана мысал, Қытайдан Қазақстанға тасымалданатын сапасы бірдей тауардың бағасы көрші Қырғызстанда бірнеше есеге арзан. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының шартында қарастырылған тиімділік. Қазақстанға Қытайда өндірілген ұқсас тауар үш түрлі жолмен кіреді. Бірінші, Үрімші қаласындағы халықаралық сауда орталықтары арқылы Алматыға тауар тасымалдайтын бағыт, екіншісі Қытайдың ішкі қалаларында өндірілген өнімінің тікелей Қорғастағы «құрғақ порт» арқылы алыпсатарлардың қолына тиетін жаңа жол (жұрт айтып жүрген бір күндік сауда дегені осы), енді бірі кеңсесі Дубай, Түркия, Еуропа қалаларында орналасқанымен тауарын Қытайда өндіріп, Қазақстанға тасымалдайтын керуен жолы. Қарап отырсаңыз, Қытайдың бір фирмасында өндірілген ұқсас тауар түрлі жолмен біздің базарларда саудаланып жатыр. Сондықтан олардың бағасы да әр алуан. Сәулетті сауда сарайында доллармен сатылатын тауарды кейбір жаймалардан болмашы теңгемен сатып алуға да болады. Егер, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін болсақ, шетел тауары Қазақстанға бір ғана жолмен, яғни аталған ұйым бекіткен ортақ шартпен кіреді. Бұл «мынау шетелдікі, мынау қытайдікі», деп алдап сауда жасайтын, бағаны өз бетінше белгілейтін алыпсатарларға тосқауыл болады. Ал еліміздің ДСҰ-ға кіруіне Еуразиялық экономикалық одақ жол ашады. Бұдан басқа да сансыз дәлелді келтіруге болар еді. Қысқасы, сынықтан сылтау іздеп, қазанның құлағынан қарауыл қараудың қажеті шамалы. Бастысы, батыл қадаммен жаңа бастаманы жетілдіруге дайын болғанымыз жөн. Одан ұтарымыз көп болмақ.
Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен Қазақстан ұтыла қоймайды. Себебі, жан-жағы алып империялармен шекараласатын бізге көрші елдермен сауда-экономикалық байланыс өте қажет. Ішкі нарықты қуаттандырып, кәсіпкерлердің жұмыс өнімділігін жетілдіруде Ресеймен қарым-қатынас жасау тиімді. Ал Еуропа нарығына ену үшін Беларусь елінің мүмкіндігі керек.
Қажет АНДАС,
білім магистрі.
Алматы облысы.