Ақмола облысына Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрлігінің сыртқы экономикалық қызмет басқармасының басшысы Владимир Волчок бастаған бір топ беларусьтік іскер азаматтар келді.
Беларусьтіктердің өңірге сапарының басты мақсаты Еуразиялық экономикалық одақ аясында құрылған «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысымен танысу және алдағы жоспарларын талқылауға арналды.
Аталған жоба 2012 жылы қолға алына бастады. Мұндағы мақсат Беларусь елінің коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласының озық техникаларын елімізде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту болып табылады. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусь елінің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын.
Ал өткен жылы аталған жобаны Индустрияландыру картасына енгізу үшін облыс әкімдігінің жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен қолдау тауып, Индустрияландыру картасына енгізілді. Сондай-ақ, сумен, электр қуатымен жабдықтау, кәріз және жылу жүйесі тәрізді инфрақұрылымды тарту мәселесі де оң шешімін тапқан.
Жалпы, беларусьтік компанияның Ақмола облысымен іскерлік байланысы 2010 жылдан бастау алады. Осы аралықта 5 миллионға жуық АҚШ долларына 7 түрлі техниканың 500 данасы құрастырылып шығарылған. Бұлар негізінен отандастарымыз тарапынан сұранысқа ие коммуналдық және ауылшаруашылық техникалары болып табылады.
«Қазақстан біздің стратегиялық әріптесіміз. Мұнда Беларусь өнімдеріне сұраныс жоғары. Осындағы индустриялық-технологиялық парк осы бағытта бірлесе істеп жатқан жұмыстарымыздың жемісі. Сондықтан, алдағы уақытта өнім көлемін арттыру жоспарда бар. Бұл екі жаққа тиімді екендігі сөзсіз», дейді Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрлігінің сыртқы экономикалық қызмет басқармасының басшысы Владимир Волчок.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.