• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2015

Головкин әлемдегі ең үздік үш боксшының қатарына қосылды

317 рет
көрсетілді

АСТАНА. 4 мамыр. Кәсіпқой бокстан орта салмақ дәрежесінде WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин тағы бір белесті бағындырды. Отандасымыз барлық салмақ дәрежесі бойынша (Pound-for-Pound, P4P) әлемнің ең үздік үш боксшысының қатарына қосылды. Бұл туралы vesti.kz хабарлады. Головкин мұндай дәрежеге кеше өткен Мэйвезер мен Пакьяо арасындағы жекпе-жектен кейін қол жеткізіп отыр. Аталған айқастан кейін boxrec.com нұсқасы бойынша P4P тәуелсіз рейтингісі жарияланды. Көш басында барлық жекпе-жегінде жеңіске жеткен Флойд Мэйвезер тұр (2059 ұпай). Екінші сатыда даңқты украиналық боксшы Владимир Кличко келеді (1280 ұпай). Ал Мэйвезерге есе жіберген Мэнни Пакьяо төрт саты төмен сырғып, 7-орынға жайғасты (925 ұпай). Филиппин боксшысының бұл көрсеткіші Головкиннің жоғары көтерілуіне себеп болды. Нәтижесінде 1085 ұпайға ие жерлесіміз 3-орынға табан тіреді. Айта кетейік, Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 16 мамырда АҚШ-та Вилли Монроға қарсы өткізеді. Жерлесіміздің бүгінге дейін 32 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткені белгілі. Еламан Қоңыр. Дерек: vesti.kz. Сурет: mail.ru.