«Жолдар, жолдар мені алысқа апарыңдар!» деп көркем сөздің кербұғысы Оралхан Бөкей жазғандай, арнасы кең, тақтайдай тегіс жолдар ғана ең дамыған 30 елдің қатарына еркін жеткізері мәлім. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат тұжырымдамасында жол инфрақұрылымын уақыт талабына сай ыждағатпен дамытуға тапсырма берді. «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі» екенін жіліктеп ұғындырды. Жол және ондағы қозғалыстың іркіліссіз болуы интеграцияны жандандырып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, сондай-ақ ел экономикасын дамытудың драйверіне айналатынын меңзеді.
Елбасы екпін берген еңселі жобалар
Елбасы еліміздің макроөңірлерін ықпалдастыруға бағытталған көліктік инфрақұрылымды дамыту жоспарын жасау туралы шешім қабылдады. Бұл жоспар жаңа экономикалық саясаттың негізін қалайды. Жоспар жобасына кірген бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бар. Олар жүзеге асырылғанда интеграциялық саясат жандана түсері хақ. Құрық селосындағы паром кешенін салу мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА» құрылысы мен кешенін дамыту істері қарқынды жүргізіліп жатыр. Астана Халықаралық әуежайының жолаушылар терминалын жаңғырту шаралары да басты назарда. Бұлармен бірге, Боржақты – Ерсай теміржол желісінің құрылысын салу мен Алматы – Шу теміржол телімінде екінші жол құрылысын жасау көзделіп отыр.
Көрсетілген жобалар ел ішіндегі және сыртқы бағдарларды ұтымды ұйымдастырып, бірыңғай көліктік кеңістікті қалыптастыруға негіз болады. Сөйтіп, мемлекетіміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін еселеп арттырады деген үміт зор. Үміт ақталса Мемлекет басшысының Қазақстанды ғаламдық көліктік инфрақұрылымдық ықпалдасудың Орталық Азиядағы іскерлік және логистикалық хабы етіп қалыптастыруға қатысты берген тапсырмасын орындауға мүмкіндік туады. Бүгінде көліктік-инфрақұрылымдық дамуды жүзеге асыру үшін «Боржақты-Ерсай» теміржол желісі мен «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрылысы мен кешенді дамыту» жобаларын жүзеге асыру басталған. Сондай-ақ, «Алматы-Шу» теміржол телімінің екінші желісінің құрылысы мен «Құрық селосының паром құрылысы» жобаларының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр.
Соңғы жылдары автомобиль жолдарын жетілдіру мақсатында ірі жобалар қолға алынып, салада үлкен серпіліс жасалғаны мәлім. «Қазақстан Президенті өз Жолдауында көбінесе инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға басымдық берді. Мемлекет басшысының қойған міндеттерінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізін, Астана-Алматы, Астана-Өскемен, Астана-Ақтөбе-Атырау, Алматы-Өскемен, Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды, Атырау-Астрахань автомобиль жолдарын жаңғырту жөнінде сөз қозғалады. Сонымен бірге, Нұрлы Жол бағдарламасы шеңберінде Астана-Петропавл-Ресей шекарасы, Үшарал-Достық, Жезқазған-Петропавл, Орал-Каменка, Астана қаласының Оңтүстік-Батыс айналма автомобиль жолы жобалары іске асырылатын болады. Қазіргі уақытта Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Астана-Алматы, Астана-Өскемен жобалары бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде», деді бұл жөнінде Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев.
Негізінен, автожол саласының таяу жылдардағы басты міндеті «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс» және «Орталық-Батыс» бағыттарын дамыту, сонымен бірге, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің құрылысын аяқтау екені белгілі. «Орталық-Оңтүстік» бағытында қазіргі уақытта Астана-Теміртау мен Алматы-Қапшағай жолдарында жұмыс атқарылуда. Осымен қатар, Теміртау мен Қарағанды, Ақсу-Аюлы мен Ақшатау, сонымен бірге, Бурылбайтал мен Күртінің арасындағы жалпы ұзақтығы 379 шақырым болатын 9 учаскенің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде екен. Ал, «Орталық-Шығыс» дәлізін дамыту мақсатында Астана-Павлодар және Семей-Қалбатау автожолдарының 570 шақырымы бойында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Павлодар мен Семей және Қалбатау мен Өскемен арасындағы жалпы ұзақтығы 404 шақырым болатын 10 телімнің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалған. Мұндағы жұмыстарды іске асыру осы жылы басталады. «Орталық-Батыс» бағытына келетін болсақ, қазір Ақтау-Бейнеу жолында жұмыс жалғасып жатыр. Оны келесі жылы аяқтау жоспарланған.
Жолдарға қатысты ірі жобаларды жүзеге асыру барысында, оларды бір-бірімен байланыстыру шарасы да қолға алынған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», Алматы-Өскемен, Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды және Атырау-Астрахань автомобиль жолдарын жаңғырту арқылы аталған хабтарды өзара байланыстыру жоспарлануда. БЕ-БҚ дәлізінің Қазақстанның аумағы арқылы жалпы ұзақтығы 2787 шақырымды құрайтыны мәлім. Оның басым бөлігі жаңғыртылып бітті. Бұйыртса, үстіміздегі жылы магистральдің өн бойымен қозғалыс ашылатын болады. Қазіргі уақытта ұзақтығы 1073 шақырым Алматы-Өскемен дәлізінің Қапшағайдан Талдықорғанға дейінгі аралықтағы 156 шақырым жол бойында жұмыс жүргізіліп жатыр. Құрылыс келер жылы мәресіне жетеді. Ал, Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды автожолының ұзақтығы 925 шақырым. Қызылорда мен Жезқазған аралығындағы 157 шақырым болатын үш учаске бойынша құрылыс жұмыстары биыл басталады. Атырау-Астрахань арасындағы 277 шақырым болатын учаскесі туралы айтар болсақ, оның жобалық-сметалық құжаттамасы осы жылы әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталмақ», деді комитет төрағасы.
Бүгінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында құрылыс және қайта жаңарту нысандарында 50-ден астам мердігер ұйымдар тартылған, олардың 45-і отандық компаниялар көрінеді. М.Пішембаев жаңа автожол жобаларын жүзеге асыруға тартылған компаниялардың саны құрылыс жұмыстарына конкурсты өткізгеннен кейін анықталатынын, компанияларды іріктеу кезінде бірінші кезекте құрылыс тәжірибесі, материалдық және техникалық қамсыздану, білікті кадрлармен қамтамасыз етілгендігі ескерілетінін айтты. Нұрлы Жол бағдарламасының шеңберінде болжам бойынша 7 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту жоспарланған. Бұл автожол жобаларын іске асыруға барлығы 2,4 трлн. теңге жұмсалатын болады.
Көліктік-логистика сауда көшін жүргізуші жүйе
Ұлттық экономиканы дамытудың тың жолдарын қолға алып, жүзеге асырып жатқан еліміз «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың негізінде көліктік-логистикалық компания құрып жатқаны белгілі. Аталған компания ел экономикасы мен жергілікті тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз тасымалдау ғана емес, жылма-жыл темір жол көлігі машиналарын жасауда жаңа өндіріс орындарын іске қосып, еліміздің көліктік инфрақұрылымын жаңғыртып, логистиканы дамытуды басты мақсаты тұтып отыр. Нәтижесінде, экономиканың дамуына серпін беріп, мультипликативтік тиімділік әпере бастады. Мәселен, сол арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жолаушылардың жүріп тұруы жеделдеп келеді. Сабақтас салалардың өндірістік дамуына да жол ашылуда. Көліктік шығындар жылдан-жылға азайып жатқаны орасан еңбектің жемісі. Бұлармен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмаларына орай, экономиканың бәсекелестігін нығайту үшін, ішкі коммуникация мен логистикалық тізбекті қамтамасыз етуді көздейді. Сөйтіп, Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін күшейтеді. Осылай тұрақты өндірістік дамуын ілгерілете береді.
Бүгінде отандық магистральге халықаралық жүк ағындарын тарта отырып, сыртқы көліктік-логистикалық терминалдар желісінің тіректік желісін қалыптастыру өте маңызды болып отыр. Әсіресе, стратегиялық тораптар саналатын, Ляньюньгань теңіз порты мен Қытайдың өзге де ірі қалаларындағы «құрғақ порттар», Парсы шығанағы, Қара және Балтық теңізі жағалауларындағы теңіз порттарының маңызы зор екені мәлім.
Көліктік-логистикалық оператор болып бекітілген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2013 жылдан бастап Каспий теңізінде құрғақ жүктерді тасымалдауды өз кемелерімен жүзеге асыра бастады. «Таяу арада теңіз кемелерінің санын бесеуге, ал 2020 жылы 20-ға жеткізу жоспарланып отыр. Нарық сегментінде компанияның серпінді дамуын қамтамасыз ететін әлеуеті транзиттік және мультимодальдық тасымалдау болып табылады. Ұлттық компанияның стратегиялық бастамашылдықты жоспарларында бәсекелес ортадағы жоғары табысты саланың үлес салмағын арттыруды көздейді. Сондықтан да Еуразиялық құрлықтағы көліктік-логистикалық нарықтың ірі қатысушыларымен стратегиялық серіктестіктер мен альянстар жасақталуда.
Транзиттік бағдарлардағы контейнерлік жүк ағындарына тапсырыс берушілерді көптеп тарту мақсатында жүрдек контейнерлік пойыздардың сервистік қызметі ұйымдастырылды. Қазіргі таңда трафиктік жүк ағындарына қызмет көрсететін контейнерлік пойыздар саны 1772 данаға жеткізілсе, оның 946-сы транзиттік болып табылады. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге жоғары көрсеткіш», дейді компания президенті Асқар Мамин.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».