• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2015

Болжам және ақиқат

260 рет
көрсетілді

Экономистерден қандай пайда бар? 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы экономистердің кәсіп­қ­ойлығына қазіргі замандық эко­номикалық теориялардың уа­қыт ағымына сайма-сайлығына қоғам тарапынан күмән келтіруге алып келді. Осыған байланысты экономикалық кәсіптің деңгейіне сын айтушылар көбейіп кетті. Өйткені, сол тұста жекелеген кәсіпқой экономистер ғана әлемнің қаржы жүйесіндегі кемшіліктерге үңіле алған болатын. Ал басым көпшілігі салмағы қазіргі күнге дейін сезіліп келе жатқан осы дерт­тің басталатындығын аңғар­маған қалпында қалып қойды. Осы жағдай көптеген адамдарды қазіргі экономикалық теорияларға сын көзбен қарауға мәжбүр етті. Егер экономистер әлемнің эконо­микалық жағдайының қайда кетіп бара жатқандығын күні бұрын аңғара алмаса, олардан қандай пайда бар деген сұрақтар көтерілді. Ғалымдар не дейді? Нобель сыйлығының лау­реаты Роберт Шиллер өзінің жуықтағы мақаласында эконо­мистердің өткен ғасырдағы ірі дағдарыстарды дер кезінде аңғара алмай қалғандықтарын жазады. Олардың қатарында 1920-1921 жылдарғы және 1980-1982 жылдардағы дағдарыстар бар. Тіпті, оларды былай қойғанның өзінде тарихта «Ұлы күйзеліс» деген атқа ие болған 1929 жылғы рыноктың құлайтындығын да экономистер күні бұрын айта алмаған көрінеді. «Мен осы дағдарыстардың алдындағы бір жыл бұрынғы жаңалықтар мұрағаттарының барлығын қарап шықтым. Бірақ олардың арасынан экономистердің ауыр дағдарыстың келе жатқан­дығы туралы сақтандыру мақа­ла­ларын кездестіре алғаным жоқ. Қайта сол тұстағы газет бет­терін­де бизнес жетекшілері мен саясаткерлердің алдағы кезең туралы өте жағымды сипатта жа­зылған мақалаларын көп кез­­де­с­тірдім», дейді Нобель сый­лығының лауреаты. Дегенмен, 1980-1982 жылдарғы дағдарыс алдындағы уақытта экономикада қолайсыз­дықтардың болатындығы туралы АҚШ-тағы федеральдық резервтік жүйе төрағасы Пол А.Волкердің сөзі бар екен. Ол 1979 жылы Құрама Штаттардың алдағы уақыттары «жағымсыз экономикалық жағ­дайға» тап болуы мүмкін екенін айтып, «неғұрлым қатал шешім­дерге баратын уақыт жетті» депті. Әрине, жалпы экономикалық қауымдастықтан оның бұл ескерт­песіне үн қосушылық бай­қала қоймаған. Өткен ғасырда дағ­дарыс қаупі әбден сезіле бастаған күндердің өзінде эконо­мистердің неғұрлым басым көп­шілігі дағ­дарыс болуы мүм­кін бе деген сұ­рақ­тардың өзіне жоқ деген жауап қайтарып отырған. «Тіпті бұл жағдайда мен бұдан да әріге бара алар едім. Экономикалық кәсіп сала­сының білікті шебер­лерінің өзі, атап айтсақ, осы са­ланың да­ныш­пандарына балана­тын Джон Мейнард Кейнс, Ф.Хайек немесе Ирвинг Фишер ешқандай бір ашық мәлімдемемен қоғам алдына шықпаған», деп мәлімдейді Роберт Шиллер. Дегенмен, тарихшы Дуглас Ирвиннің айтуынша, бұл қатарға швед экономисі Густав Кассельді жатқызуға болмайды. Колумбия университетіндегі лекциялар серия­сында ол 1928 жылы «әлемде ұзақ мерзімдік экономикалық дағ­дарыстың» келе жатқандығы туралы болжамдар білдіреді. Бірақ кезінде бұған ешкім назар аудара қоймаған. Себебі, Густав Кассельдің лекциялары негізінен ақша экономикасы мен алтын стандартына арналған еді. Оның осы лекциялар арасында қам­тылған техникалық тұрғыдан талқылауларына экономистер қауымдастығы көп мән бермеген. Сөйтіп, бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдары назарынан тысқары қалған көрінеді. Демек, соңғы дағдарысты көре білу сәтсіздіктері қоғамды неге сонша бір толғандырып отыр? Өйткені, бұрынғы өткен дағдарыстардың болатындығын алдын ала айқындамады деп экономистерді кінәлау көп кез­десе қоймайтын. Роберт Шил­лер осы жағдайды ескере оты­рып, өз мақаласын қазіргі эконо­мис­терді төтенше сыннан қорғау мақ­сатында жазған. Оның айтуынша, қазіргідей күрделі уақыттары болып өткен оқиға үшін экономистерді кінә­лаудың қажеті жоқ. Сондық­тан олар өздеріне айтылған сын­ды әділетсіз деп есептейді. «Біз ауруымызды күні бұрын айқындап бермеді деп дәрігерлерді кінәлай қоймаймыз. Себебі, дерттің өзі ағзаға кездейсоқ жабысуы мүмкін. Сондықтан біз дәрі­герлерге бізді емдегендері үшін де риза­шылық танытамыз. Оның үстіне экономистердің көпшілігі дағ­дары­с­тарды айқындау мәселесі­мен айналыспайды. Олар негізінен та­бысты қалай табу мәселесіне көбі­рек көңіл бөледі. Осының өзіне бізге рахмет айтуға болады», дейді. Байлықты есепшілер қалыптастыра ма? Брукингс институтының профессоры Роберт Литан өзінің «Триллион доллардың экономистері» атты жаңа кітабын­да экономикалық кәсіптің Америка Құрама Штаттары мен басқа да елдер үшін триллиондаған дол­лар­дың кірісі мен байлығын қалыптастырғандығын айтады. Бұл әрине, қоғамға келген аз пайда емес. Роберт Шиллердің жазуынша, тіпті, мұндағы әр экономистің қосқан үлесін шартты түрде есеп­теп шығаруға болатындай. «Мәселен, америкалық экономи­калық ассоциацияның 20 мың мүшесі бар. Егер біз осы уақыт аралығында келген 2 триллион кіріс пен байлықты әр экономиске бөлетін болсақ, онда ол 100 миллион доллардан айналған болар еді», деп жазады Р.Шиллер. Әрине, мұның өзі қарапайым және шартты түрде алынған мысалдардың бірі. Мұндай жағ­дайда тіпті былай деп сұрақ қоюға болар еді. «Егер эконо­мистердің өздері соншама ақыл­ды болатын болса, онда олардың өздері неге бай емес?». Бұған берілетін жауап та қарапайым: «Көптеген экономикалық идеялар қоғамдық байлықтың негізіне барып қала­нады. Оларды патенттеудің өзі мүмкін емес. Өйткені, экономист өнертапқыш емес. Сондықтан да экономистердің көпшілігінің бай болмауы олардың қоғамдық бай­лыққа қосып отырған үлесін жоққа шығара алмайды». Мәселен, Роберт Литан өзі­нің жоғарыдағы аталған кіта­бында бизнеспен қалайша жақсы шұғылдануға болады немесе экономиканы басқарудың жол­дары қандай деген сұрақтарға бай­ланысты көптеген идеяларды келтіреді. Олар тиімді баға қалып­тастыру, маркетингтік тетіктер, монополияларды ретке келтіру, табиғи ресурстарды басқару секілді мәселелерді қамтиды. Әрине, ол идеялардың ешқайсысы триллион долларға татымайтындығы анық. Бірақ, олар осы тектес басқа идея­лар­мен қосыла келіп, қоғамдық байлықтың артуына қызмет ететіндігі анық. Өмірді жақсартушылар кімдер? Экономистердің қосып отыр­ған үлесінің нәтижесінде қазіргі экономикалық ілімнің өзі алға басып, оның жаңа қырлары айқындала түсуде. Мәселен, Джон Зигфрид 2010 жылы редакциялаған «Экономикалық ғылым біздің өмірімізді қалайша жақсартады?» атты кітапта экономика саласына қосылған көптеген жаңалықтар мен кәсіп түрлері аталып көрсе­тіледі. Олардың қатарында қор­шаған ортаға тарайтын залалды қал­дықтар саудасы, еңбек кірісіне салық жеңілдігі, сауданың төменгі тарифтері, жұмыстағы әлеуметтік қамсыздандыру, неғұрлым тиімді ақша-несие саясаты, жаңалықтар лицензияларының аукциондары секілді ұғымдар бар. Литан мен Зигфридтің кітап­тарындағы жазылған иннова­циялар экономикалық кәсіптің көптеген бағалы жұмыстарды дүниеге әкелгендігін көрсетеді. Сондықтан да экономистердің еңбегін ешуақытта жоққа шы­ғаруға болмайтындай. Иә, эконо­мистердің басым көпшілігі дәрігер­лердің ауруларды алдын ала ай­қын­дай алмайтыны секілді келе жат­қан қаржы және экономикалық дағдарыстарды көре білмеуі мүм­кін. Бірақ олар науқасты емдеп шы­ғаратын дәрігерлер секілді өмір­дің жақсара түсуіне үлкен үлес қосатындығы анық. Тобықтай түйін Біз осы деректердің барлығын интернеттен алып отырмыз. Осы жолдарды жаза келе мынадай ойға қалдық. Егер бүкіл әлем бо­йынша небір аузын айға білеген экономикалық кәсіп шеберлерінің өзі келе жатқан дағдарысты алдын-ала болжай алмай қоғамның наразылығына ұшырап отырған болса, осыған байланысты оларды қорғау мақсатында мақалалар пайда болып жатса, өз тәуелсіздігіне ие бол­ғанына 20 жылдан асқан біз­дің жас мемлекетіміздің Үкіметі, шүкір, жаман жұмыс істеп жатқан жоқ екен ғой. Осының алдындағы дағдарыс тұсындағы Қазақстан Үкіметінің белсенді әрекеттері біз­дің есімізде сақталып қалды. Сол тұста елімізде экономика қолдан басқаруға көшіріліп, көптеген төтенше шаралардың жүзеге асы­рыл­­ғандығы белгілі. Елбасының бел­­сенді әрекетінің нәтижесінде елі­міздегі ірі компаниялар мен Үкі­мет арасында меморандумдар жа­салынып, жұмыс орындары сақталынып қалған болатын. Көптеген үлескерлердің мәсе­ле­лері дағдарыс тұсының өзінде сәтті шешімін тауып, олар үйлі болды. Мемлекет қаржы рыногында белсенді әрекетке кірісіп, банк­тер­дің банкротқа кетуіне жол бермеді. Қысқасын айтқанда, Елбасының жағдайды алдын-ала болжап, жедел пәрмен беруі арқасында біздің еліміз дағдарыс салмағын сезіне қойған жоқ. Одан кейін үдемелі ин­дус­т­рия­лық-инновация­лық даму бағ­­дарламасына ерекше ек­пін бері­ліп, санаулы уақыттың өзінде сан­даған жаңа кәсіпорындар елімізде бой көтеріп үлгерді. Енді, міне, тағы бір дағдарыстың шеті қылтиып көріне бастағандай. Оған да еліміз қазіргі күні үлкен әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Көрпеге қарай көсілудің қажет екендігін Елбасымыз ескертіп отыр. Соған сәйкес бюджеттің шығыс бөлігіне түзетулер енгізі­летін сияқты. Біз мұны дер кезінде жасалынып жатқан шаралар деп ұғамыз. Қысқасын айтқанда, біздің елімізде де келе жатқан дағ­дарыстың алғашқы белгілерін күні бұрын айқындап, одан аман қалудың емін ұсынатын эко­номистер тапшылау болса да, әлем­дегі экономика саласындағы әр­бір қатерлі құбылысқа қатысты сақ­тығымыз онша жаман емес. Осы­ған қарап біздің Үкіметіміздің кәсіп­қой­лық қабілеті де ешбір елден төмен емес дегендей пікірге келеміз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».