Мемлекет басшысының өкімімен Абзал Нүкенұлы Нүкенов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абзал Нүкенов 1978 жылы 21 шілдеде Алматы облысында дүниеге келген. 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын «Отан» Республикалық саяси партиясы Орталық аппараты идеологиялық жұмыс бөлімінің кеңесшісі болып бастаған.
2006-2009 жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары болды.
Сондай-ақ 2016-2018 жылдары Қазақстанның Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі болды.
2019-2022 жылдар аралығында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келген Айжан Болатқызы Шайназарова Мемлекет басшысының өкімімен лауазымынан босатылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының өкімімен Қанат Амангелдіұлы Құлшыманов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Қанат Құлшыманов Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ды журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. PhD докторы ғылыми дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2007 жылы «Қазақпарат» ақпарат агенттігінің тілшісі болып бастады. Әр жылдары Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры, Жамбыл облысының әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2021 жылғы маусымнан 2022 жылдың сәуіріне дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Баспасөз қызметінің басшысы қызметін атқарды.
Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметінде де еңбек етті.