Аймақтар Кеше

Өткізу бекеті қалай жаңартылады?

28 рет
көрсетілді

Биыл ақпанда Батыс Қазақстан аумағынан Ресейге өтетін «Сырым» өткізу бекеті уақытша жабылатыны туралы ақпарат тарады. Шыны керек, өлкедегі ең үлкен кеден бекетіндегі кідіріс талай адамды алаңдатып тастады. Өйткені Көлік министрлігі таратқан хабарда бекеттегі жаңарту жұмысы 16 айға созылатыны мәлімделген.

Бұл екі ел арасындағы кө­лік­ қа­тынасына, кәсіпкерлік бай­­­­ланысқа едәуір тұсау болады. Тосын хабарға орай облыс­тық кәсіпкерлер палатасы шұғыл жиын өткізді. Абырой болғанда, «Сы­рым» өткізу бекетіндегі жөндеу кейінге шегерілген екен. Мұны «Қаз­АвтоЖолдың» облыстық филиалының директоры Асылбек Мардан хабарлады.

Дәл қазір «Сырым» бекетінде мемлекеттік шекарадан автокөлік өт­кізетін 6 жолақ жұмыс істеп тұр. Біз­дің аймақ Ресейдің 5 облысымен шектесетінін ескерсек, бұл бекеттің тек екі ел үшін емес, Орталық Азиямен арадағы жүк тасымалында да маңызы зор екенін байқаймыз. Шекаралық бекеттің өткізу әлеуетін арттыру үшін де жоғарыда айтылған жаңарту керек-ақ. Бірақ жыл жарымға жуық мерзімге созылатын жұмыс кезінде күретамыр­дай болған күре жолды мүлдем жауып қоюға да болмайды.

Жоспарға қарағанда, шекарадағы бекеттің өткізу мүмкіндігі жаңарту жұмыстарынан кейін екі есе ұлғаймақ. Жолақ 12-ге жетеді, сондай-ақ кеден­дік рәсімдерді жүргізетін әкімшілік ғимарат жаңадан салынады. Жоба құны 21 млрд теңгеге бағаланған. Әу баста ақпанның 1-нен басталып кетуге тиіс құрылыс жұмысы мемлекеттік сатып алу байқауында жеңілген құрылыс компаниясының талабымен басталған сот отырыстарының шешімі шыққанша кейінге шегерілген.

«Сырым» шекара бекетінің кеңе­йетініне қуаныштымыз, оны қол­даймыз. Бірақ жаңарту кезінде бұл бекетті мүлдем жауып тастауға болмайды. «Сырым» бекеті жабылса, шекара арқылы өтетін бүкіл жүк тасымалы «Озинки» бекетіне ауысады. Сөйтіп, ол жерде адам айтқысыз кептеліс басталады. Біздің шекара арқылы Еуропаға өтетін көліктердің жүрісі баяулайды, бұл жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің уағдаласқан уақытына үлгермеуіне, келісімшартты сақтай алмай, оның соңы айыппұл төлеуіне әкелуі мүмкін. Оның үстіне, қазір көп кәсіпкердің мойнында ай сайын төлейтін несие қарызы, салық төлемі бар. Сондықтан «Сырым» бекетіндегі 6 жолаққа әзірге тиіспей, жаңа жолға кірісіп, оны бітірген соң ғана ескі жолақты жаңартуын Үкіметтен, «ҚазАвтоЖол» мекемесінен сұраймыз», дейді кәсіпкер Рустам Сайфулин.

Әдетте тауар құнының басым бөлігін тасымал шығыны құрайды. Ал халықаралық жүк тасымалын жыл жарым уақытқа кідірту өңірге, тұтас елге Еуропадан және Ресейден келетін азық-түлік пен басқа да тауар құнын қымбаттатпақ. Бүгінде Орал қаласынан Самара мен Орынборға екі жолаушылар автобусы қатынап тұр. Бекет жабылған жағдайда жолаушылар Бұзылық арқылы айналып жүреді. Бұл сапардың уақытын да, шығынын да өсіреді.

«Қалааралық бағыттар жөніндегі мәселе Жолаушылар көлігі комитетінің құзырында. Қазір екі ел арасында жаңа маршрут ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл тек біздің ел емес, Ресей Көлік министрлігімен де келісілуге тиіс. Сондықтан мәселені түбегейлі шешу үшін 50-60 күн керек болады. Бұзылық бағытындағы жолды да қарастырамыз, бірақ бұл жағдайда арақашықтық 117 шақырымға ұзарып кеткелі тұр», дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Темірғалиев.

Мәліметтерге көз салсақ, 2024 жылы Ресейден Қазақстанға 606,5 мың көлік кірген. Оның 40,4%-ы – жүк көліктері. Ал Қазақстаннан Ресейге 411,5 мың көлік өтсе, соның 63,5%-ы жүк тасыған ке­руен екен. Осы айтылған көлік ағынының 90%-ы біз әңгіме етіп отырған «Сырым» бекеті арқылы өткен. Жақында Көлік министрі Марат Қарабаев «Сырым» бекетіндегі жаңарту жұмысы сәуір айын­да басталатынын хабарлады.

«Өткізу бекетін жаңартуды сәуір ­айында бастаймыз. Егер ол толық жабылса, көлік ағынын басқа бекеттерге бөлу мүмкіндігін Ресейдегі әріптестеріміз­бен келісуіміз керек. Ал кеденді толық жаппай, жартылай қалдырсақ, оны құрылыс жұмысына кедергі жасамайтындай етіп ұйымдастырған жөн», дейді М.Қарабаев.

Министрдің айтуынша, 2030 жылға дейін көршілес елдермен арадағы барлық 52 шекаралық өткізу бекетін жаңарту жоспарланған.

 

Батыс Қазақстан облысы