• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2015

Өзбекстанда әкімдерді есеп беруге міндеттейтін заң дайындалуда

333 рет
көрсетілді

АСТАНА. 5 мамыр. Өзбекстан парламентінің төменгі палата қарауына «Жергілікті жерлердегі мемлекеттік билік туралы» Заңына өзгертулер енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті. Бұл туралы podrobno.uz ақпарат агенттігі хабарлады. Конституцияның 103-бабына енгізілген түзетулерді жүзеге асыру үшін заң жобасын бір топ депутат дайындаған. Заңда Халық депутаттары кеңесі тарапынан облыс, аудан, қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өте маңызды мәселелер бойынша әкімдердің есеп беруін тыңдау механизмі көрсетілген. Атап айтқанда, Халық депутаттары кеңесінің аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне арналған отырысында Ташкент облысы мен қала әкімдерінің есептерін тыңдау көзделіп отыр. Бұл жиын Министрлер кабинетінің осындай отырысынан кейін он күн ішінде өткізіледі. Сондай-ақ, аталған отырысқа Заң палатасының депутаттары, Ұлы мәжіліс сенатының мүшелері, премьер-министрдің орынбасар дәрежесіндегі өкілдері, Министрлер кабинетінің мүшелері және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жауапты жетекшілерді шақыру қарастырылуда. Аудандық (қалалық) отырыстарға Заң палатасы депутаттары, Министрлер кабинетінің сенаторлары мен мүшелерінен бөлек, облыстық депутаттар кеңесі, облыс әкімі мен оның орынбасарлары да қатыстырылмақ. Ең бастысы, осындай жолмен жергілікті атқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жауап іздеу, нақты ұсыныстарды енгізу мен салалар дамуын сараптағаннан кейін кеңес беру мүмкіндігін арттыру көзделуде. «Заң жобасында Халық депутаттары кеңесінің шешімдері мен әкімдердің есептері ресми басылымдар және жергілікті мемлекеттік билік органдарының веб-сайттарында міндетті түрде жариялануы қарастырылған. Бұл аймақтардағы мемлекеттік қызметтің ашық әрі жариялы болуына сеп болады», – дейді Өзбекстан Әділет социал-демократилық партиясы фракциясының мүшесі Е.Холеров. Аталған заң жобасы төменгі палатаның бірінші оқылымында мақұлданғанын айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек: padrobno.uz. Сурет: azh.kz.