• RUB:
    5.89
  • USD:
    505.15
  • EUR:
    550.31
Басты сайтқа өту
Тұлға 13 Наурыз, 2025

Тұла бойы тұнық жырдан жаралған

63 рет
көрсетілді

«Жырым мені ешқашан өлтірмейді,

Әнім мені алысқа жетелейді», –

деп жазып еді-ау Тұмағаң.

Өзінің қадір-қасиетін қазақтың өлең дейтін өнерімен бірге тым-тым алысқа кетерін қалай білген. Сирек болса да теледидардан «Сағындырған әндер-ай» атты жан-жүрегіңді тербер дәстүрлі әндер шырқалғанда қайран Тұманбай, Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаевтардың өлеңдеріне жазылған жүректі тербеп, жаныңды әлдилейтін әндерді тыңдағанда шынында нағыз ақындардың, нағыз сазгердің әндері ешқашан өлтірмейді екен-ау» деген ойға келесің. Ән өлеңдерін осы ақындар жазып, музыкасын Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуовтер шығарған әндерді, олардың авторлары мен композиторларын сағынасың.

Қазір кез келген той-томалақта, ағайындар бас қосқан жиындарда «Құстар әні», «Құстар қайтып келеді», «Әнім сен едің», «Бақыт құшағында», т.б. әндерін көпшілік болып шырқағанда соңында мынандай өлмес мұра қалдырып, өлеңін жазған Тұмағаңдар қандай бақытты жандар еді деп ойлайсың.

Жастарды жетілдірсе, қарттарды өкін­діргіш жүйрік уақыт күні кеше ор­тамызда жүрген сол Тұмекең, сол Қа­декең, сол Мұқаңдар бүгінде басқа әлемнің тұрғындары. Тек бізге қалдырған өлмес өлең-жырларын, әндерін ғана қанағат қыламыз. Әсіресе өмірде достар, өлеңде үзеңгі қағыстыра қатар шапқан әрі бір жылы туып, құрдастық құрған, бірінсіз бірінің тірліктерінің мәні де, сәні де болмайтынын білгендей жарық жалғанмен де бір жылда, араға айлар ғана салып қоштасқан – Қадағаң мен Тұмағаңның ғұмырлары таңданарлық. Жалғыз тұлпардың жүйріктігі басқа жүйрікпен жарыс жолына шыққанда ғана білінер. Өмірге қатар келіп, қазақ поэзиясына жаңаша үн, жаңаша екпін берулері, бәлкім, шығармашылықтағы жағымды бәсекенің арқасы болар. Тұмекең досының атынан:

«Өзіңнен Тұмаш,

бақандай үш ай үлкенмін,

Сол үшін ләйім аға деп мені ардақта», –

деп, алғаусыз достықтары туралы сыр шертсе, Тұмекең Қадыр ақын өзінен бұрын дүние салғанда:

«Қадырым менің, қадірлі асыл құрдасым,

Кеттің-ау ерте, дүниеге сыймай

бір басың...», –

деп күңіренеді. Екеуінің де кітаптары кезінде қатар шығатын. Тіпті атақ-абы­ройлары да түтін үзбей қатар келіп жататын. Қадағаң Республика комсомолы сыйлығын 1966 жылы «Ой орманы» жыр жинағы үшін алса, Тұмағаң 1968 жылы «Жаңа дәптер» кітабы үшін алды. Қадағаңа 1980 жылы «Жерұйық» жыр жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілсе, Тұмағаңа 1982 жылы «Жүректегі жазулар» кітабы үшін осы сыйлық берілді. Енді, міне, жуырда ғана Қадыр Мырза Әлінің тоқсанға толған мерейтойын біраз жерде дүрілдетіп өт­кізсе, Тұманбай Молдағалиев өзінің үш ай кішілігін күтіп, мерейтойын енді бас­тады.

Домбыраның қос ішегіндей поэзия көгінде қатар жортқан қос ақын, қос құрдастың мерейтойларын халқы аман болса талай-талай өткізе берер.

Бүгінгі сөз қос жүйріктің бірі – Тұман­бай Молдағалиев туралы болғандықтан, әрі ол кісімен он жыл бір кеңседе қызмет атқарғандықтан, оның іні-досы ретінде қолыма қалам алдым.

Жүрегіңді шым еткізер өлеңі мен әуені келіскен әндерін тыңдаған кезде, кітаптарын ақтарып, өлеңдерін оқыған кезде Тұмағаңның өз заманында жастықты жырлаған, адамның ішкі жан-дүниесін, сезімін, махаббатын әлдилеген лириканың көшбасшысы болғанын тағы да сезіне түсесің.

Ай да бүгін аласарып, төбемізден төнеді,

Сәулешімді рұқсатсыз

қайта-қайта көреді.

Көлегейлеп жабар едім албыраған

жар бетін,

Бірақ менің өзімнің де

көре бергім келеді.

Сонау 1957 жылы қалыңдығы пы­шақтың қырындай ғана алғашқы «Сту­дент дәптері» атты жыр жинағы жас­тардың іздеп жүріп оқитын кітабына айналды. Өйткені ол алаулаған жастық шақты, мөлдір сезімді, жан тазалығын жырлайтын тұнып тұрған лирика болатын. Сол «Студент дәптерінен» басталған кітаптар керуені қырықтан асыпты. Әңгіме кітаптың санында емес, ақынның бойындағы барын қалдырмай беріп үлгеруінде деп ойлаймын. Тек лирикалық өлеңдер емес, туған ел, дос-жарандары, әсем табиғатты жырлаған өлеңдері, түрлі тағдырларды толғаған поэмалары қаншама.

Біз жақсы жырды оқығанда тамсанушылар ғанамыз. Сондықтан әбден танылып болған классик ақын жырларына мен үңілмей-ақ, естелігімді айтайын.

 

* * *

«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жүрген кезім болатын.  70-жылдардың басы. Редакторымыз Сей­дахмет Бердіқұлов шақыртқан соң, ка­би­нетіне кірсем, жанында «Балдырған» журналының жауапты хатшысы ақын Тұманбай Молдағалиев отыр екен. Ол кісінің өлеңдері мерзімдік баспасөздерде жиі жарияланып тұратын. Кітаптары да жыл сайын дерлік шығып жататын атақ-абыройы ел ішіне кең тарап үлгерген ақын. Оның кісі жанын баурап алар әндері айтылмай қалатын тойлар, отырыстар, сауық-кештер болмайтын.

Жылы-жылы сәлемдесіп жатырмын. Ақын ағамыздың өзі де қол алысып амандасты. Сөз арасында «Жазғандарыңды оқып тұрамын» деп қойды. Редакторым бетіме қарап, әзіл айтты. – Тұмаш ағаң мені емес, сені тойға шақыра келіп отыр.

– Қалай? – деппін ештеңенің байыбына бармай.

Тұмекеңнің өзі мені қандай тойға шақырып отырғанын түсіндірді. Өзінің туған жері осы қалаға ең жақын Еңбекші- қазақ ауданының Жарсу деген ауылы екен. Сол ауылдағы қазақ орта мектебінің 50 жылдығын мерекелемек көрінеді.

– Бауырым, жерлестерімнің сол қуаныштарын газетке жазып берсең деп өтініш айта келдім. Жазудың реті келмесе, тіпті тойлап... – дей берген оның сөзін бөліп:

– Көңілдеріңізден шықпай қалмаса, жазамын ғой. Бір қызығы, менің туған ауылым да Жарсу деп аталады, – деп жатырмын.

Бардық. Жарсулықтармен бірге түннің бір уақытына дейін тойладық. Тура өз ауылымдағы сияқты саман кір­­піштен қаланған жатағандау мектептің әр жылдардағы түлектері, әр жылдары қызмет істеген ұстаздар көп жиналыпты. Сөйлеген кісілердің пікірлерін қойын дәптеріме жұртқа байқатпай түртіп отырмын. Түн ортасына дейін той­лап, қалаға қайтып келе жатқанда өз маши­насының рулінде отырған Тұмекең:

– Қалай, ауылымның тойы ұнады ма? – деп сұрайды. Ұнаса газеттеріңе жақсылап жазшы. Аудан, ауыл бас­шыларының бәріне: «Лениншіл жасқа» мақала шығады», деп мақтанып айтып қойып едім, – деп ақын ағам өтінішін айтты.

Ол кісі біреулерге уәде беріп қойса және редакторыма өзім уәде беріп қой­ғаннан кейін бұл мақаланы жазбай қояр жөнім жоқ болатын. Көп кешікпей газетімізге «Шағын ауылдың шалқар тойы» атты көлдей мақала жарқ ете қалды. Тұмекеңді қуандыра алғаныма қуан­дым. Осыдан кейін арада үш-төрт жыл өтсе де бір-бірімізге деген дос-жар кө­ңіліміз жақындай түскендей.

Қызмет баспалдақтарында көп аялдап отырып қалмай, жылжи бергенді кім жек көрсін. Қайдан, қандай орын бұйырар екен деген ойдың иектей бастаған тұсы. Бұл кезде өзім редактордың орынбасары болып істейтін «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») – ғылыми журнал болғандықтан, әдебиетші қауым мол жиналатын Жазушылар одағына қарай көз тастай бастағанмын. Күні кешегі жастар газеті редакциясының бір бөлмесінде қатар отырған Әнес, Оразбек, Оралхан, Ахат, Кәрібайлардың бірі баспа деп, біреулері Одақтың өзі деп, кейбіреулері газет-журнал деп сол Жазушылар одағы ғимаратының ішінен орын тапқан. Бір күні Тұмекең қоңырау шалсын. Ол сол одақ ғимаратының ішіндегі «Жалын» альманағының бас редакторы болып жуыр­да бекіген болатын.

Әрине, Тұмекеңнің одақтың бірінші қабатындағы кабинетіне құстай ұшып жеттім. Айтқаным айдай келді. Тұмекең мені өзіне орынбасарлық қызметке шақырған соң, бірден-ақ қуана келісімімді бердім. Осылайша, Тұмекеңмен табаны күректей он жыл бойы қызметтес болыппын. Бірінші күннен-ақ ағалы-інілі адамдардай бір-бірімізбен тату-тәтті қызмет істеппіз. Барынша еңбекқор жан болатын. Екі айда бір шығатын альманахтың кезекті саны жарық көрген соң, келесі санының жоспары жасалады. Оған әрі кетсе бір жарым, екі сағаттай ғана уақыт жұмсаймыз.

Ол кісінің екінші бір ерекше қасиеті – барынша көңілшек, онда да ақындарға ғана тән алды-артына қарамай, бі­реуге жақсылық жасау үшін ойланбай тәуекел дейтін мінезін айтар едім. Айталық, журналдың ке­зекті са­нының бау-шуы жиналып, баспаханаға жібергелі отырғанда бі­реулер келіп, біраз мақтап, ақын көңілін қорғасындай балқытса болды, ол кісі әкелген өлең не әңгімені нөмірдегі бір материалдың орнына салдыруға тырысар еді.

Әлі есімде, альманахтың кезекті бір санын баспаханаға жіберіп қойып отырғанбыз. Көршілес бөлмеде отырған Тұмекең телефонмен шақырған соң, кабинетіне кірсем, қияқтай ғана мұрты бар, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы тойған қозыдай томпайған жігіт отыр.

– Жұматай Жақыпбаев дейтін классик ақын, – деп редакторым келушіге жоғары баға беріп, таныстырды. Оның жақсы ақын екені туралы естігенім де, өлеңдерін оқығаным да бар еді, бастығымның берген бағасы жақсы ақынды қолма-қол мойындауы еді.

– Былай, – деді Тұмағаң, – нөмірге бара жатқан пәленшенің екі бетке берілген өлеңдерінің орнына дәл сондай көлеммен Жұмекеңді орналастыр.

– Тұмаға-ау, келесі нөмірге... – дей беріп едім, сөзімді бөлді.

– Алдымен өлеңдерін оқы, сонан соң оның классик болғалы тұрғанына көзің жетеді, – деді. Әрине мен сөз таластырмай, Жұматайдың өлеңдерін қолыма алдым.

Кейіндері Ибрагим басқа қызметке ауысқанда Жұматай альманахтың поэ­зия бөліміне қызметке келді. Айтып айтпай, Жұмекең өзінің мықты ақын екенін дәлелдеп жүрді. Бір қызығы, Тұмекең оның жиі қайталайтын еркелігін көтеретін.

Редакторымның маған әбден сеніп алғаны соншалық, журналдың кезекті нөмірінің жоспарын жасауға қатысып, негізінен ақындардан кімдердің берілуі қажеттігіне көбірек көңіл бөледі де, материалдарды, әсіресе проза, сын, басқа да мақалаларды «өзің дұрыстап қара» дей салатын. «Менің дүниелерім журналдарыңа шықпағалы пәлен уақыт болды ғой» деп біреу тілек айтса, ол: «Шынында ана кісіден ұят болды. Пәленшенің орнына соны берейікші», деп жоспарға өзгерісті жиі енгізе беретін. Ондай кезде мен де айтқанын бұлжытпай орындай бермей: «Тұмаға-ау, журналымыздың осы жолғы санында өңшең жастарды беріп отырмыз ғой. Қатарларын бұзбай-ақ қояйық. Мына кісіңізді келесі нөмірге жақсылап берсек те кеш болмайды ғой» деген сияқты уәж айтсам, «Менің айтқанымды орындайсың» дейтін аса «принципшіл» кей бастықтар сияқты емес, «Е, оның да жөн екен» дей салатын.

 

* * *

«Еңбекқор жан болатын» дегенде, ол өзінің бар уақытын, күш-жігерін толайымымен поэзия дейтін падишасына арнар еді. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» деген тәмсілдің ақиқат екенін осы көкемнен көрдім. Отыра қалып, жазуға кіріскенде, әр шумақты біреу құлағына сыбырлап тұрғандай, суырып салып, тізе берер еді. Кей жолдарды, сөздерді сызып тастап, басқа жолдармен, сөздермен алмастыру деген ол кісінің тәжірибесінде болмайтын. Тіпті бір жазғанын қайта редакция­лап, жөндеп те отырғанын көрмеппін.

Біреулердің тойына, туған күндеріне Күлтай жеңгей тарту-таралғы, шапан-шақпытын даярласа, Тұмекең өлең арнамай бармас еді. Он жыл қызметтес болсам, көбіне ол кісінің туған күніне барған екенмін. «Ей, бауырым, ертең менің туған күнім ғой, ұмытып кеткен жоқсыңдар ма? Келінді ертіп, барлығың кешкілік келе қалыңдар. Сый-сияпат іздеп әуре болмаңдар. Туған күніңде көңіл жетер жандармен бірге отырып, әңгіме-дүкен құрғанға не жетсін» дер еді. Ол күндері өзіне арнап өлең жазбаса да, тың шабытпен жаңа жыр жолдарын жазып, оларының қайсы бірін бізге оқып бергенге ерекше рақаттанып отыратын. Тұмағамның менің туған күндеріме арнаған үш-төрт өлеңін оқығанда, «мен шынында да жақсы кісі екенмін-ау» деп өзімше мәз болып қаламын.

Тұмағаңның жалғыз ұлы мен қыз­дарына деген әкелік мейірімі көп жұртқа үлгі болардай болатын. Олардың туған күндеріне аналары тарту таралғысын ұсынып жатса, әкелері оларға арнап өлеңін оқыр еді. Әсіресе, сөзуарлықтан ада, тіпті әр сөзін аузынан санағандай ғып шығаратын, кез келген кісіні бия­зы ғана күлкісімен риза қылатын Күл­тәй жеңешем екеуінің қабақпен ғана түсі­нісетін сыйластығына риза болатынбыз. «Рахайлы отбасы қандай болу керек?» десе, менің ойыма осы екеуі оралар еді.

Ақынның жұртына ертерек қадірі артқаны турасында бір мысал келтіре кетейін. Еңбек демалысында жыл сайы­н басқа біраз жігіттер сияқты теңіз жа­ғалап, ғажайып жерлерді іздеп кету деген менде жоқ. Мен үшін ең ға­жайып жер – өзім туып-өскен Сауыр тауының қолат-қойнауларындағы жасыл жайлауым. «Жалын» альманағына орналасқан соң, кезекті демалысымды алып, тағы да елге тартқанмын. Орта­лықтарға көп аялдамай, бірден жайлауым­ды бетке алдым. Мектептің бастауыш кластарында бірге оқыған, болмаса балалық шақтың қызығын бірге бөліскен Қапсадық, Қазыбек, Кәкен сияқты бала достарым менің келісіме мәз болысып қалады. Олар маған елдің жыл айналғанша болған жаңалықтарын, мен астанадағы әңгіме етуге тұрарлық жайларды айтып, бір жасап қаламыз. Олар әдеттегідей үй ішінің есендігін, сонан соң жұмыс жайын сұрайды. Мен біраз бұрын өздері жаздырып оқып жүретін «Жалын» альманағына, бас редактор ақын Тұманбай Молдағалиевке орынбасар болып барғанымды айтамын ғой. Бір-бірімізбен емін-еркін әзіл-қалжың айтатын әдетімізге салып, олардың біреуі: «Әй, дос, мақтанғанның жөні осы деп кеткен жоқсың ба?» – деп, сөзіме мүлде сенбейтінін байқатты. Шамасы бұны Кәкен айтты-ау деймін.

– Сонда сөзіме сенбей отырсыңдар ма? – деймін ғой.

– Әрине, – дейді ол бетіме қарап. – Тұманбай ағай қайда, сен қайдасың? Қазақстанға белгілі атақты адам, ал сен болсаң, бар болғаны біздің жанымызда отырсың...

– Жандарыңда отырмай, аспанға ұшып кетуім керек пе еді? Маған сен­бесеңдер журналдың соңғы бетіндегі мәліметті ашып қараңдар. Биылғы үшін­ші санынан бастап жазылатын болар.

– Е, бопты, ол журналға мен жазыл­ғанмын. Ол саны әлі келе қойған жоқ, қараймын ғой, – дейді әлі де күмән­ді үнмен. Бұларға: «Мен сөйттім де, мен бүйттім» деп артық мақтана бер­мейтін сияқты едім, сөзіме сенімсіздік көрсетулерінің себебі – Тұмекең беделінің тым биіктігінен болса керек...

Әлденеге риза болмаса ашуланбай-ақ: «өй, енеңді» дей салатын. Онысын балағат сөзге балап емес, «өй, айналайы­н» деген сияқты райда айтатын.

Шығармашылық адамның қызмет орнын ауыстырып отыруы ілгері жыл­жудың бір көрінісі болғандықтан, ол кісінің де жайлырақ креслоға ауысуы он шақты жыл өткен соң жарасымды әрі заңды өзгеріс болды. Көп өтпей, Тұмағаң Қазақстан Жазушылар одағына екінші хатшы болып ауысты.

Жаңа қызметіне құлшыныспен, риза көңілмен аттанар алдында ұжымымызды кабинетіне жинап қош­тасты. «Бір үйдің баласындай болдық» деп толқи сөйледі. Жи­ын­нан соң мені оңа­шалап алып қалып:

– Інім, ертеңнен бас­тап ақ көйлек, қара галстугіңді тағып, ине-жіптен шық­қандай болып келетін бол жұмыс­қа. Анау «үлкен үйдегі» (пар­тияның Оркомын солай атайтынбыз) мықты көкелеріңе сенің кандидатураңды ұсындым. Олар да қарсы емес сияқты, – деп Тұмағам кетер алдындағы сырын айтты. Әрине, несін жасырайын, ағамыздың бұл қамқорлығына қуанып қалдым.

Ақ көйлекті пәлен рет жудырған соң, бір күні үлкен үйіңнің арнайы кісісі де жетті. Қасында ақын Мұхтар Ша­ха­нов бар. Ақын ретінде, қоғамдық жұмыс­тарға белсенді азамат ретінде Мұқаңның да атағы дүрілдеп тұрған. Бас редактор ретінде таныстырған соң, Мұқаң аза­мат­тық сөзін айтты. «Бұл орынға сені бекіт­келі отырған екен. Алайда, маған бір қолайлы жұмыс тауып беруге көмек­тес­пекші аса құрметті бір қарияны салып, сенің жолыңды кестім, ренжи көрме» деп шынын айтқанына риза болдым.

Иә, аузын ашса, жүрегі көрінетін, баладай аңқау, біреулермен шармаяқ­тасып, ренжісу дегенді білмейтін, тіпті біреудің көңіліне келетін сөз айтып, сыртынан ғайбат айтпайтын, әртүрлі әрекетке барып қалмас үшін барынша сақ жүретін, өмірінің мәні де, сәні де жырларым деп білетін, сол жырларымен ғана сырласып, мұңдасуды әдетіне айналдырып алған Тұманбай Молдағалиевпен өткізген он жыл он күнгідей болмай өте шығыпты. Осы уақыт ішінде жыл құрғатпай деуге болардай жарыққа шығарып тұратын том-том кітаптарының қуанышын бірге бөлістік. Ақынның кісілік келбеті санама өшпестей болып жазылып қалды.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты