АСТАНА. 10 ақпан. Ақтөбе қаласында тағы да оқушы жоғалып кетті. Сыныптастарымен мұзға сырғанауға кеткен бала қайтып үйіне оралмаған. Осыдан кейін оның ата-анасы полицияға барып хабар береді. Бұл туралы 24KZ хабарлады.
Тәртіп сақшылары мен туыстары бірлесе отырып, оқушыны шарқ ұрып іздей бастайды. Он жастағы Ислам Қазбековтің суретін алып, бүкіл қалада іздестіру шараларын жүргізген.
«Он екіден жиырма минут кеткенде, Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары өзі жеке шығып патрульдеу кезіңде «Мега» ойын сауық орталығының артында үлкендерсіз, жалғыз кетіп бара жатқан кішкентай баланы көрген. Қасына барып есімін сұрағанда ол Ислам екенін айтқан», - деді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин.
Осылайша, арада тоғыз сағат өткен соң полицейлер Исламды туыстарына табыстады. Айта кету керек, Ақтөбеде бұған дейін де балалардың жоғалу деректері тіркелген еді. Былтыр бес жасар Темірлан жоғалып кетіп, екі жетіден соң мәйіті табылды. Ал Хромтау ауданындағы он бес жасар Леонид Ищенкодан әлі күнге дейін хабар жоқ.
Құрыш Нұрымбет.