
– Қой, тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетер, – деп Ғалым ағам алдымен тұрып, малдың кезегін өткізіп келудің қам-қаракетіне кіріскелі кетті. Сыртқа шыққанымызда күндегі «әдетімен» қойны-қонышымызды тіміскілейтін көктемнің қара суығы бір жаққа ауып кеткендей жым-жылас. Құстардың әсем үні, өріске шықпай қорада қалған қозылы қойдың маңырағаны, бір-бірімен арқа-жарқа амандасып, саулық сұрасқан ауылдас ағайындардың жарқын дауыстары мүлгіген табиғатқа рең бергендей. Еңсені басқан алты ай қыстың ауыр демі, көктемнің лүп еткен жылы самалымен әлдеқайда ұшып кеткендей. Күн сәулесі сайын даланың төбесінен сорғалай құйылып, тіршілік біткенге жан бітірердей қыздырып барады. Қара шаңырақтың түбінде төл иесі болар інімнің үйіндегі келін, қыс бойы үлкен-кіші қымтанып шыққан көрпелер мен көсіле төселетін көрпешелерді де күн көзіне шығарып жайып, мақтасы мен жүнін бір қопсытып алмаққа әрекеттеніп жатыр. Көкем күз басында орып алған шағыр жусанынан екі-үш сыпырғылықты буып қораның түкпіріне іліп қойған болатын. Бүгін сол сыпырғылар үй төңірегін тазалау үшін әжетке жарағалы тұр. Алдында ұйқыдан тұрып, таңертеңгі асты ішіп шыққан біздің ұйқымыз келіп, жұмысқа самарқаулық танытып тұрғанбыз. Көктем күнінің нұрынан өн бойымызға қуат құйылды ма? Әйтеуір түс әлетінде жұмысқа деген ынтамыз арта түсті. Тіпті түскі тамаққа шақырса да барғымыз жоқ.
– Қазір аз ғана қалды. Алаңсыз бітіріп тастайық, – деген бәтуалы шешімге сүйене ініміз екеуміз тазалық жұмысымызды жалғастыра түстік. Қора-қопсының іші-сырты тазаланып, бау-бақша іші жапырақтар мен түрлі қоқыстардан аршыла түскен сайын аула ішінің реңі кіре түсті.
Көрші Мұратжан бұл уақытта әлі ұйқыны соғып жатқан еді. Біз көкемнің көзқарасы мен ымын айтқызбай ұғып үйді айнала қоршаған шарбақтың лақ, қозы, ит-мысық кіретін жерлерін жамап-жасқап жатқанда Мұратжан да далаға шықты.
– Ассалаумағалейкум аға! – деп алдымен көкеме арнайы амандасып барып:
– Еңбектеріңіз рәтті болсын! – деген көршілік парызы мен игі тілегін айтуды да ұмытпады. Күн қыс бойы тіршілік біткенге көрсетпеген нұрлы дидарын теріскей өлкесіне түгел көрсеткен сәтте аядай ауылдың әр жерінен аспанға шұбалаңдай көтерілген көк түтін көк пен жерді жалғаған арқандай өрілді. Есіктің алдындағы атамның күн шуағына шомылып, ер-тұрман, жүген, ноқтасын реттестіріп отыратын арқалы ағаш орындығы да көк сырмен сырланғаннан кейін әрі кіріп жылдағы отыратын тұрақты иесін күткендей жалтырай түсті. Араға екі-үш күн салып түгелдей ауыл іші жаңарып, жасарған жаңа реңге енді. Көктемгі жылылықпен қоса екі апталық демалыс алған осы үйдің оқушы балалары да күн жылынғалы ауырлық тартқан сөмкелерін уақытша жиыстырып ойын-күлкілерімен аула ішінің ажарын кіргізе шапқылады. Әне-міне дегенше жарықтық наурыз көженің танауды қытықтар, ағза біткенді алаңдатқан дәруменді дәмін сезгізген исі алыс атырапқа жайылды. «Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар» деп біссімілләсін батаға жалғаған қариялар биылдыққа әзірленген наурыз көженің алғаш дәмін көріп, бас шайқай, байыппен тостақтарын қолдарына алды. Қыр астындағы топыраққа қымтанған зират маңайы да тазаланып қалды. Артында қалған ұрпақтарының ұмытпай рухтарына құран бағыштағанын сезгендей үнсіз мүлгіді. Осы күні ақ кимешекті әжелеріміз білезігі сыңғырлай, бір қолымен иегіне ілінген кимешегін түзей жүріп «аруақтардың мұрнына барсын! Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын» деп ошақтағы отқа май салуды да ұмытпады. Елдің, қараша халықтың ыстық ілтипаты мен мамыражай ақ пейілі арқылы өзін сағынғанын сезген әз-Наурыз да күнгейден теріскейге күлімдей жетті. Ұлысымның ұлы күні, ұрпағына нұрын шаша сәні мен салтанатын, берекесі мен несібесін алып келгенде, қырдағы шопан да, беткейдегі диқан да әз-Наурыздан мол молшылық күте білегін түре еңбек көрігін қыздыра түсті...
Мақсат ҚАРҒАБАЙ
Түркістан облысы,
Созақ ауданы