Елімізде жасанды зердені қолданып, түрлі салада инновациялық шешімдер мен жобалар жасау үрдіске айналды. Мемлекет те бұл бағытқа ерекше көңіл бөле бастады. Соның арқасында технологиялық стартаптар айтарлықтай серпіліс жасап, нарықтағы өз орнын қалыптастырып жатыр. Мәселен, «TapQan» платформасы құрылыс және тау-кен саласына қажетті ауыр техниканы тез әрі тиімді жалға алуға көмектессе, «OES» онлайн емтихандардың әділдігін қамтамасыз етеді. Ал «Bizdin.ai» жасанды интеллект көмегімен бейнебақылау жүйелерін жетілдіріп, қауіпсіздікті қадағалайды. Бұл стартаптар тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие.

«TapQan»
Құрылыс, тау-кен ісі немесе жүк тасымалдау сияқты салаларда ауыр техниканың рөлі зор. Экскаватор, жүк тиегіш, бульдозер, кран сынды машиналарсыз мұндай жұмыстарды атқару өте қиын. Алайда қажетті техниканы тез табу – оңай шаруа емес. Оны жалға алу кезінде уақтылы жеткізілуі, сапалы жұмыс істеуі, оператордың білікті болуы секілді көптеген мәселе туындайды. «TapQan» платформасы осы мәселені шешуге арналған.
Бұл стартаптың негізін қалаушы Бейбарыс Дүйсеннің негізгі мамандығы – инженер-механик. Ол Қытайда білім алып, кейін Қазақ-Британ университетін бітірген. Диплом алған соң тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істеп, сол салада техниканы жалға алу мен жалға беру ісінде бірқатар мәселеге тап болған.
«Көбіне ауыр техниканың өзі істен шығып қалады. Бір экскаватордың, бульдозердің немесе тиегіштің кесірінен бүкіл бригада немесе тіпті бүкіл өндіріс тоқтап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда жылдам балама техника табу қажет. Бірақ оны іздеу көп уақыт алады. Көпшілік интернеттен хабарландыру қарап, қоңырау шалып, төлем шарттарын келіседі. Алайда бұл әдіс әрдайым сенімді бола бермейді. Оның үстіне тапсырыс беруші жабдықты дұрыс таңдамайтын жағдайлар да кездеседі. Мысалы, экскаватор керек кезде қателесіп бульдозер шақырады. Осының салдарынан бәрі қаржылай шығындалады», дейді ол.
Осылайша, Бейбарыс Дүйсен бұл мәселені жан-жақты зерттеп, «TapQan» платформасын құру туралы шешімге келеді. Ол осы ойды іске асыру мақсатында жасанды интеллект маманы Есет Жүсіповпен тізе қосқан. Сөйтіп, команда құрылып, жаңа технологиялық шешімді жасап шығарады.
«Бұл – арнайы техниканы жалға алуға арналған платформа. Мұнда техника іздеуші мен техника иесі бір-бірін оңай таба алады. Платформа екі тарап үшін де ыңғайлы жүйе қалыптастырған. Жалға алушылар үшін «TapQan» қажетті техниканы жақын жерден таңдап, оның жарамдылығын тексеріп, оператордың біліктілігіне кепілдік береді. Ал техника иелеріне платформа сенімді клиенттер тауып, тұрақты тапсырыс алуға көмектеседі. Тағы бір артықшылығы – жасанды интеллект жүйесі. Платформа пайдаланушының сұранысын талдап, оған қажетті техниканы нақтылайды. Бұл қате тапсырыстарды азайтып, шығындарды қысқартады. Сондай-ақ «TapQan» төлем кепілдігін ұсынады. Кейде тапсырыс беруші ақшаны онлайн аударғысы келеді, ал техника иесі қолма-қол алуды қалайды. Бұл мәселені платформа өз мойнына алып, төлемді ыңғайлы түрде ұйымдастырады. Егер тапсырыс беруші төлемді кешіктірсе, «TapQan» мердігерге қаражатты өзі аударады. Меніңше, әр стартаптың арманы – әуелі жергілікті нарықты жаулау, содан кейін бүкіл әлемге танылу. Біздің мұндай мақсатымыз бар. Әуелі Алматы нарығында орын алуды жоспарлап отырмыз, содан кейін басқа аймақтарға шығамыз. Содан соң ТМД, Еуропа, АҚШ нарығына шығамыз», дейді жоба жетекшісі.
Нарықта «TapQan»-ға жанама бәсекелестер жоқ емес, бірақ олардың көпшілігі «OLX» секілді хабарландыру сайттары ғана. Олар тек тапсырыс беруші мен орындаушыны байланыстырады, ал «TapQan» техниканың сапасына, жеткізілуіне, төлем кепілдігіне жауап беретін сенімді орта қалыптастырған.
«OES»
Кейінгі жылдары әлем жаппай қашықтан жұмыс істеуге көшті. Жұмыс, сабақ, жиналыстар, сұхбаттар, тіпті емтихандар да онлайн өтетін болды. Мұның күнгей жағымен қатар, көлеңкелі тұсы да баршылық. Әсіресе білім саласында. Өйткені студент тестілеу кезінде көмекші бағдарламаны пайдалануы мүмкін немесе оның орнына басқа адам тапсыруы әбден кәдік. Әлбетте, мұндай жағдайлар қоғамға зиянын тигізеді. Сондықтан бүкіл әлемде прокторинг жүйелері, яғни онлайн емтихандарды бақылайтын технологиялар дами бастады. Бұл жүйе – студенттің жеке басын растауға, басқа бағдарламаларды қолданбауын қадағалауға, қосымша құрылғыларды анықтауға таптырмайтын құрал.
Елімізде «OES» стартабы дәл осы мәселеге шешім ұсынды. Аталған жобаның негізін қалаушы – Абай Етекбаев. Ол 2015 жылдан бері IT саласында жұмыс істейді. 2019 жылы «OES» прокторинг жүйесін құруды қолға алды. Бәсекелестерді зерттеп, олардың мықты және әлсіз тұстарын талдады. Бірақ бұл кезде идея әлі шикі еді.
«Бір күні клиенттеріміздің бірі прокторинг жүйесін қажет ететінін айтты. Осылайша, біз алғашқы нұсқаны әзірлеп, тапсырыс берушіге ұсындық. Басында бағдарлама бет-әлпетті танымайтын, тек веб-камера, экран және дыбысты жазып алатын қарапайым жүйе болды. Бірақ ең бастысы – жүйе жұмыс істеді. 2020 жылы пандемия басталғанда, университеттер жаппай онлайн оқытуға көшті. Осы кезде прокторинг жүйелеріне сұраныс күрт артты. Біз нарыққа қолжетімді әрі сенімді өнім ұсынғанымыздың арқасында, бірнеше оқу орындарымен келісімшарт жасастық», дейді жоба авторы.
Прокторинг нарығында «OES», «Oqylyq.kz» және «Platonus» сияқты үш негізгі компания бар. Көптеген университет «OES»-ті таңдайды. Себебі бұл жүйе жасанды интеллектіні, «сomputer vision» және басқа модульдерді пайдаланып, емтихан кезінде пайдаланушының камерасын, микрофонын және экранын толығымен басқарады. Емтихан алушы осы деректерге қарап, студенттің емтиханды қаншалықты адал тапсырғанын түсінеді. Регламентті сақтай алмағаны туралы рейтинг те тұрады. Егер студент өрескел бұзушылықтар жасаса, тестілеу жойылуы мүмкін. Қазіргі таңда «OES» прокторинг жүйесінің төртінші нұсқасы қолданыста, ал бесінші нұсқа әзірленіп жатыр. Бұл өнім 100% елімізде жасалған.
«OES көмегімен 1 миллионға жуық емтихан өткізілді. Рекордымыз – бір уақытта 10 мың сессияны өткізгеніміз. Сонымен қатар біздің тағы бір өнім – «OES» вебинар жүйесі туралы айта кетейін. Оның көмегі арқылы студенттермен онлайн сабақтар мен келіссөздер жүргізуге болады. Жүйеге бір мезгілде 2000 адам қосыла алады. Жобаны көршілес елдер – Өзбекстан, Әзербайжан, Армения және Қырғызстанға дейін кеңейту жоспарда бар. Әзірге біз әлеуетті нарық ретінде ТМД елдерін қарастырамыз. Емтихандардың әділ өтуі өте маңызды. Соның арқасында лауазымды қызметке алаяқтықпен сынақтан өткен кездейсоқ адам емес, нағыз білікті маман орналасатынына кепілдік бере аламыз. Бұған қоса, бұл технология сыбайлас жемқорлықтың алдын алады. Нақтырақ айтсақ, «OES» тұрғанда мұғалім оқушының бағасын көтермелеп қоя алмайды. Сондықтан қазір прокторинг жүйелері өте маңызды рөл атқарады», дейді Абай Етекбаев.
«Bizdin.ai»
Соңғы онжылдықта компьютердің көру технологиясы қарқынды дамып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Қазір смарт-камералар объектілерді еркін тани алады, соның арқасында автономды көліктерде, «ақылды үй» экожүйесінде, жалпы қауіпсіздік жүйелерінде кеңінен қолданылады. Ал «Bizdin.ai» стартабы жасанды интеллект негізінде компьютерлік көруді жетілдіріп, оны тек нысандарды анықтауға ғана емес, көргенін түсінуге үйретті. Бұл жүйе камераға түскен оқиғаларды талдап, қажет болған жағдайда тиісті органдарға хабар береді. Мысалы, мектеп дәлізінде оқушылар төбелесіп қалса, жасанды интеллект оқиғаның маңыздылығын түсініп, автоматты түрде әкімшілікке хабарлама жібере алады.
Стартаптың негізін қалаушы әрі бас директоры – Айбек Нұртазаев. Оның айтуынша, компанияның басты мақсаты – әлемді адам сияқты көре алатын «көзі бар» ЖИ агенттерін жасау.
«Біздің ЖИ моделі бар камера нысандарды танып қана қоймай, не болып жатқанын түсінеді. Сонымен қатар біздің нейрон желіміз өзі көрген үдерістерді сипаттайды. Бұл технологияны әр адам өз қажетіне бейімдей алады. Мысалы, мектеп директоры болсаңыз, мектеп аумағындағы камераларға қарапайым адам тілінде тапсырма бере аласыз. «Егер ұрыс-керіс, қорлау немесе темекі шегу оқиғаларын көрсеңіз, бұл туралы маған дереу хабарлаңыз» дейсіз. Камера мұндай жағдайды анықтаған бойда әкімшілікке автоматты түрде хабарлама жібереді. Ал егер музейде гид қызметін атқару қажет болса, нейрон желі камера арқылы объектіні танып, оның тарихын айтып береді. Туристер смартфон камерасын белгілі бір ғимаратқа бағыттаса, жүйе сол жер туралы ақпарат ұсынады. Одан бөлек, супермаркетте камераны тауарлар сөресіне бағыттап, тек вегетариандық немесе халал өнімдерді табуды сұрауға болады. Жүйе сол мезетте-ақ қажетті тауарларды көрсетіп береді. Керемет емес пе?», дейді Айбек Нұртазаев.
Қазіргі таңда компания Narxoz университетімен қанатқақты жобаны іске қосып жатыр. Бұл жүйе ата-аналарға баласының мектепке немесе университетке аман-есен жеткені туралы хабарлама жібереді. Сонымен қатар нейрон желі студенттің немесе оқушының көңіл күйін талдап, оның бірнеше күн бойы шаршаңқы яки көңілсіз екенін байқаса, психологке хабар береді. Сондай-ақ «Bizdin.ai» технологиясы зағип жандарға арналған арнайы көзілдірік жасауға да қолданылады.
Осы күні «Bizdin.ai» Гонконг, Сингапур, Филиппин және Малайзияда қанатқақты жобаларды іске асырып жатыр. Одан бөлек, АҚШ нарығына ену жұмыстарын бастап кетті.
Айбек Нұртазаевтың айтуынша, жасанды интеллект нақты өмірдегі мәселелерді шешуі керек. Қазіргі әлем деректерге негізделген, ал жоғары сапалы деректермен үйретілген алгоритмдер нақты шешімдер қабылдауға қабілетті. «Bizdin.ai» міндеті де сол – ЖИ-ге қоршаған ортаны түсіне отырып, адам сияқты көруді үйрету. Бұл технология қылмыстар мен апаттардың алдын алуға, ғылыми зерттеулерге және көптеген маңызды жұмысқа айтарлықтай көмектесе алады.