Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктер мен микроқаржы ұйымдарында 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан клиенттер тұтынушылық кредит алуға өз келісімін беретін жүйені енгізуді жоспарлап отыр.

ҚНРДА атап өткендей, қарыз онлайн рәсімделген жағдайда несие бюросынан немесе «электрондық үкімет» веб-порталынан келісім алуға болады.
Былтыр Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов азаматтардың киберқылмысқа қарсы іс жүзінде әлсіз екенін мәлімдеп, осы орайда онлайн-несиелеуге тыйым салуды ұсынған болатын. Қаржы талдаушысы Юрий Масановтың айтуынша, онлайн-несие алуға тыйым салмай, қаржылық сауаттылықты арттыруға мән беру керек.
«Банктердің өздері күдікті транзакцияларды есептеп, алаяқтардың атына ақша аударуды тоқтатады, алаяқтардың атына ақша аударатын банк карталарын бұғаттайды. Алаяқтардың ықпалына түсу қаупін азайту үшін халықтың қаржылық сауаттылығымен көбірек жұмыс істеген жөн. Онлайн-несиелендіруді жабу – алаяқтар тарапынан жеңісті мойындау және адамдар шағын несие немесе бөліп-бөліп төлеу үшін банк бөлімшелеріне немесе тұрмыстық техника дүкендеріне баруға мәжбүр болған 2000 жылдарға қайта оралу», дейді.
Сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, елдегі ең ірі банктердің өзі онлайн алаяқтар үшін қолжетімді. Сол себепті, тек жекелеген банктер емес, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы немесе Ұлттық банк базасында ортақ киберқауіпсіздік орталығын ашатын кез келді.
«Банктер жеке-дара бұл мәселе алдында қорғансыз екенін көріп жүрміз. Технология дамыған сайын оның әлсіз тұсын ұрымтал жерден соғатын кибершабуыл технологиясының мүмкіндігі де әртараптандырылып барады. ҚНРДА-ның бірінші кезекте кәмелет жасына жетпегендер мен зейнет жасындағы азаматтарға несие алудың дәстүрлі түрін ұсынуы көңілге қонымды. Меніңше, осы топқа қатысты шешім 2000 жылдарға кері оралуды білдірмейді. Тыйым салудың орнына ол цифрландыру үдерісін бұзбай, азаматтарды қорғай алатын реттеу шараларын енгізуді ұсынады. Алаяқтардың әрекеттері үшін банктердің ортақ жауапкершілігін заңмен нақтыласақ, банктердің ұрланған қаражат үшін жауапкершілігі де заңдастырылады. Банктердің жауапкершілігі заңдастырылса, банк қауіпсіздік жағына көбірек көңіл бөлер еді», дейді Мақсат Халық.
Айта кету керек, Бірінші кредиттік бюро жақында жаңа қызмет – қоңырау шалу арқылы несие беруге тыйым салатын тетіктің пайда болғанын хабарлады.