Елордада су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңнің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқыны қаупі бар елді мекендерді аралап, шұғыл шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берген еді. Осы тапсырма шеңберінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ұлытау облысына келді.

Ұлытау өңірі су тасқыны қаупі жоғары аймаққа жатады. Облыс аумағындағы 27 елді мекенде су басу қаупі бар. Ол жерлерде екі мыңнан аса адам тұрады.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Алдабергенұлы өңірдегі бөгеттер мен су қоймаларының жайымен танысты. Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Қараторғай, Сарысу секілді ірі өзендердің арнасын тікұшақ арқылы аралап өтті. Былтыр ондаған үйді су басқан Жезді кентіне барып, Жезді өзені арнасының жағдайын тексерді. Онда санация, арнаны тазарту және жағалауды нығайту (2 шақырым) жүргізіліп жатыр.
Кеңгір және Жезді су қоймаларында болып, Жезді ауылындағы қорғаныс бөгеттерін көтеруді тапсырды. Малшыбай, Бозтұмсық, Қорғасын ауылдарын, Қостанай облысының шекарасына дейін аралап шығып, Кененбай және Қарсақбай бөгеттеріне тексеру жүргізді. Сарысу өзенінің бойында орналасқан Жыланды және Жаңабас елді мекендерін аралады.
Былтыр облысқа қарайтын үш ауылда 22 үйді су басқан. Биыл осы аймақтар ерекше бақылауға алынған. Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің айтуынша биыл облыс бойынша 15,7 шақырым бөгет және 115 метр арық салынды.5,8 шақырым канал, 1,3 шақырым арық және 281 бірлік су өткізу құбырлары тазартылды. Талдысай өзенінің арнасы тазаланып, Жыланды ауылындағы Сарысу өзенінің жағалауын бекіту бойынша шаралар қабылданған.
Вице – министр Қ. Бозымбаев «Арнайы жүргізілген талдау нәтижесі бес-алты - ауылға қауіп төніп тұрғанын көрсетті. Сондықтан осы ауылдар қатаң бақылауға алынсын. Егер қажет болса бөгет тұрғызып, арық қазу керек. Қар шығару жұмысын жеделдетіп, бұл міндетті 10-15 күнде аяқтау қажет. Әр ауылда кемінде 10 арнайы техника мен жүзден астам жеке құрам төтенше жағдайға әзір тұру керек», деп қадап айтып, отын, азық-түлік және медициналық құралдар резервтерін дайындауды қамтамасыз етуге тапсырма берді.