Құрылтай Кеше

Көкшетауда теңдесі жоқ спорт кешені салынады - Мемлекет басшысы

39 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары балалар спорты қарқынды дами бастады. Бұл туралы Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

- Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Соңғы жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами бастады. Бірақ, бұл – жеткіліксіз. Сондай-ақ бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алады деп ойлаймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің айтуынша, Астанада шығармашылыққа арналған үйірмелерді де, жекелеген спорт секцияларын да ашып, көпке үлгі болып отырған жекеменшік Балаларды дамыту орталығы бар.

Бұл тәжірибені басқа аймақтарда да қолданған жөн. Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының, Жетісу облысында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Оралда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады.

- Биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын. Үш жылдың ішінде екі триллион теңгеден астам заңсыз активтер елге қайтарылды. Бұл қаржының аймақтардағы өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатқаны өте маңызды, - деді Мемлекет басшысы.