Ұлттық құрылтайдың секциялық отырысында көтерілген мәселелердің әрбірі шешімін тауып келеді. Кешегі өткен секциялық отырыста біз бірнеше өзекті жайтты ортаға салдық.

Соның бірі – мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруін талап ету. Парламентке келген кейбір орталық министрліктің өкілдері мемлекеттік тілге өте шорқақ. Тіпті кейде мемлекеттік тілде берілген сұрақтарға басқа тілде жауап беріп жатады. Олар мемлекеттік қызметке орналасар алдында тест тапсырады. Ол жерде мемлекет тілді білуін тексеретін тест бар болғанымен, оның нәтижесі ескерілмейді. Бұдан былай қазақ тілінен тапсыратын тест нәтижесі ескерілуі керек. Егер тиісті межеден өте алмаса, үміткер қайта дайындалып келуге тиіс. Сөйтіп, біз бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілді білуге үйретуіміз керек.
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін жетік меңгеруіне барлық жағдай жасалған. Мысалы, менің әріптестерім арасында Максим Рожин, Наталья Дементьева секілді мемлекеттік тілді жақсы білетіндер бар. Мемлекеттік қызметкер осы елдің айнасы болғандықтан, тіл мәселесіне немқұрайды қарауға болмайды.
Сондай-ақ елімізде қазақ ұлтының үлесі 90 пайыздан асатын бірнеше өңір бар. Атап айтқанда, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстары. Осы өңірлерден бастап іс-қағаз жүргізуді толықтай мемлекеттік тілге көшіретін уақыт жетті. Егер халқының барлығы дерлік қазақ болса, құжат айналымын екі тілде жүргізіп, артық қағаз шығындаудың қажеті қанша? Бұл үрдіс кезең-кезеңмен ел көлемінде жүзеге асырылуы керек. Алдымен аталған облыстардан бастап, кейін демографиялық өзгерістерге сай өзге өңірлерге осы тәжірибені тарата беруіміз қажет. Осылайша, іс-қағазды толықтай мемлекеттік тілге көшіреміз.
Секциялық отырыста мен «Қырымның қырық батыры» жырын бүгінгі дәуірімізге жеткізген Мұрын жырауды насихаттау туралы да бастама көтердім. 1942 жылы Қаныш Сәтбаев оны Маңғыстаудан арнайы алдырып, бірнеше ай бойы 36 жырды жазып алған. Елге қайтқан соң, тағы 4 жырды жазып жіберген. Осы жырау бабамыз әлі күнге тиісті деңгейде насихатталмай жатыр. «Қырымның қырық батырын» жатқа білетін, біздің заманымызға жеткен жалғыз адам Мұрын жырау еді. Алайда кеңестік тоталитаризмнің солақай саясаты салдарынан оның өзі де, жыры да ешбір оқулыққа енбей, насихатталмай қалды. Ал бұл – біздің тарихымыз, ұлы мұрамыз. Оны ЮНЕСКО деңгейінде көтеріп, мәдени мұра тізіміне енгізуіміз керек. Мұрын жырауды мектеп бағдарламасы арқылы кейінгі ұрпақтың танып-біліп өсуіне мүмкіндік жасауымыз қажет.
Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген өзекті мәселенің бірі – ЛГБТ насихатына тыйым салу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның көптеген елге күшпен таңылып келгенін айтты. Отбасылық кодексімізде отбасы еркек пен әйелден тұрады деп жазылған. Ал қазір сырттағы күштердің ықпалымен біржынысты махаббатты насихаттап жүргендер бар. Бұған заң жүзінде тыйым салуымыз керек.
Отырыс барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев интернет-алаяқтық проблемасына арнайы тоқталды. Оған тосқауыл қоймасақ, қаншама азаматымыз алданып қалып жатыр. Тіпті үй алуға немесе тойға деп жинап қойған ақшасынан түгелдей айырылғандар бар. Себебі қазіргі алаяқтар заманауи технологияны, әртүрлі тәсілді шебер пайдаланады. Біз олардың алдын орауда кеш қалып жатырмыз. Мамандар жетіспейді, технологиямыз мәз емес. Сондықтан алдымен мамандарды оқытуымыз керек. Әсіресе құқық қорғау органдарының академияларында ақпараттық технологияларды жетік білетін кадрларды даярлауымыз керек.
Мемлекет басшысы еліміздегі кино индустриясының сапасына қатысты да сын айтты. Осы орайда мына мәселеге тоқталғым келеді. Елімізге келетін шетелдік фильмдерге дубляж жасауды бір жекеменшік компания иемденіп алған. Ол тек орыс тілінде ғана дубляж жасайды. Мемлекеттік тілге мойын бұрмай келеді. Аталған компанияға фильмдердің 50 пайызын қазақшаға аударасың деп талап қоюымыз керек, болмаса лицензиясын қайтарып алуға тиіспіз. Бәлкім заңға да өзгеріс енгізу керек шығар деп ойлаймын. Өйткені әлемдік кинодан біздің азаматтар да тыс қалмауы керек.
Еділ ЖАҢБЫРШИН,
Мәжіліс депутаты