• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2015

Әуедегі медицина әлеуеті

242 рет
көрсетілді

Егеменді еліміздің өркениетке ұмтылған қадамы жыл өткен сайын өмірімізге оң өзгерістер әкелуде. Әсіресе, денсаулық сақтау сала­сында ілгерілеушілік іздері айқын­далып, адамдардың меди­циналық көмекке қолжетімділігі арта түсуде. Дегенмен, алыс елді ме­к­ендерде малдың қамы, шаруа­ның жәйімен шалғай қыстақтарда отырғандарға әлі де қиындау. Әсіресе, аумағы 300,6 мың шаршы шақырымды алып жатқан біздің облыс жағдайында. Қарап отырсақ, Ақтөбе аумағы елімізде екінші орынды алады екен. Міне, осындай күрделі жағдайда өңір халқын қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығындағы медициналық жедел жәрдем ауруханасы жанынан құрылған санитарлық авиа­ция бөлімшесінің ақ желеңді қызметкерлері талай адамдардың өміріне төнген қауіптің бұлтын сейілтіп, тіктеп келген ажалға араша түскенін айту орынды болмақ. Әрине, бұл осы қызметтің халыққа қажеттігін түсініп, Үкімет пен жергілікті биліктің қаржылай қолдау көрсетуінің арқасы. Қазір ауа райының қандай да күрделі жағдайында шалғайдағы елді мекендерден сырқаттарды ажал аузынан алып қалуға толық жағдай бар. Жыл өткен сайын ма­те­риалдық-техникалық қамту жақ­сарып келеді. Бөлімше дәрігер­лері мен кіші медицина қызмет­керлері боран мен тұманға да, бат­пақ пен жауын-шашынға да қара­май діттеген жерге жетіп, ау­руға сапалы медициналық қыз­мет көрсетуге әрқашан әзір. Бөлім­ше облыстың он екі ауданын, облыстық перинаталдық орта­лықты, облыстық және қа­лалық балалар ауруханасын, ме­дициналық жедел жәрдем ауруханасын қамтиды. Бөлімшеде тұрақты 4 дәрігер, 9 фельд­шер, 2 санитар жұмыс істейді. Дәрігерлердің барлығы да өз мамандығының шын мәніндегі шеберлері, қандай күрделі жағ­дайда да дұрыс дәрігерлік ше­шім қабылдай алатын мамандар. Сондай-ақ, мұнда қажет бо­ла қалған күрделі жағдайда облыс­тың барлық деңгейдегі емдеу мекемелерінен білікті дәрігер­лерді де шақырта алады. Олар­дың кезекшілік кестесі алдын ала бекітілген. Шалғай елді мекен­дерде сырқаты жандарына батып, ажалмен арпалысқан талай аза­маттарға өмір сыйлауда нейро­хирургтер М.Оразжанов, С.Көк­шібаева, травматолог А.Қожақов, невролог Д.Төкешова, акушер-ги­не­кологтар Г.Жабаева, Ж.Тө­леуова, реаниматолог Г.Әмірова және басқаларының еңбегі зор. Қолы жеңіл, көмегі көп фельд­шерлер Қанат Жандаев, Жанар Қуанышбаева да талай сырқаттың алғысына бөленген ақ желеңділер. Қандай білікті маманның да осы заманғы медициналық қондырғыларсыз қолы қысқа десек орынды. Шыны керек, бұл мәселеде де ілгерілеушілік байқалады. Бөлімшедегі осы заманғы озық медициналық қондырғылармен жарақтандырылған диагнос­тика­лық машиналардың үшеуі, сондай-ақ, емдеу қондырғыларымен жаб­дық­талған «Фольксваген» реа­нимобилі бар. Бұл ма­шиналарда сырқат меңдеген ауруды стацио­нарлық емдеу мекемесіне жеткізу үшін барлық жағдай жасалған. Осылардың біреуі әйелдерді босандыруға және жаңа туған салмағы 500 грамнан жоғары шараналарды орталыққа жеткізуге арналған. Бұл ғажап техниканың және білікті дәрігерлер мен фельд­шер­лердің арқасында қаншама өмір жалғасты десеңізші. «УАЗ» және «Нива» жедел жәрдем машиналарының жабдықталуы көңіл қуантады, ауруға дәрігерлік көмек көрсетуге қолайлы. Осы техникаларды үнемі жарақтылықта ұстайтын 9 жүргізуші еңбек етеді. Жүргізушілер Алмат Шаңдыбаев, Игорь Нұралин, Бигелді Қам­баров, Болат Дендербаев өз кәсі­бінің шеберлері. Олар қандай қиын­дықтан да жол тауып, ауруды діттеген жеріне жеткізіп жүр. – «Аэро» әуе компаниясынан «Ан-2» ұшағын жалға алу төлемін республикалық бюджет көтереді. Оның бір сағаты 80 мың теңге тұрады. Жақында бұл ұшақ күрделі жөндеуден өткізілді. Ол ауруларды алып жүруге бұрынғыдан гөрі қолайлы болды. Мұнда балаларды, әсіресе, шала туған сәбилерді алып жүруге қолайлы жағдай жасалған, ұшақта реанимациялық үстел, медициналық құралдар үстелі бар. Ал, «ЕврАзияЭйр» ком­па­ниясының «МИ-8» тікұшағы тиі­сінше 400 мың теңгеге түседі. Сон­дықтан негізінен «Ан-2» ұшағын пайдаланамыз. Бұдан басқа да қолқоржынға немесе шабаданға салынған жүрек соғысын жасанды қалпына келтіру, тыныс алдыру, тыныс жолдарын тазарту, ЭКГ сияқты осы заманғы жетілдірілген аппаратуралар науқасқа дер кезінде қажетті медициналық қызмет көрсетуге кепілдік береді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде кемдік жоқ, – дейді санитарлық авиация бөлімшесінің меңгерушісі Зинаида Бисенбаева бізбен әңгі­месінде. Құтқарушы дәрігерлер мен мед­бикелер бөлімше құрылғаннан бергі төрт жылда 900 шақыруға автокөлікпен, 100 шақыруға ұшақ­пен барып, медициналық көмек көрсеткен, 200 ота жасалып, 500 жаңа туған сәбиді, оның ішін­де күні жетпеген 213 шарана­ны ажалдан арашалап қалған. 60 адамды Астана және Алматы қа­ла­ларындағы ғылыми медици­налық орталықтарға жеткізуге себебі тиді. Жол апаты, улану жә­не бас­қа бақытсыздық жағдайда жүз­де­ген адамның өмірін сақтап қалды. Өткен жылдың алты айында ғана ауыр науқастардан 505 шақыру түскен. 63 ауруға ұшақпен, бір шақыруға тікұшақпен жетуге тура келді. Дәрігерлер сол жерде әртүрлі 15 ота жасады. Ау­дандардан 150 ауыр халдегі сырқат жеткізілді. Соның 97-сі бала. – Біздің жұмысымыз аса жауапты да күрделі. Тағдыры қыл үстіндегі жанның бізге соңғы үмітін артатынын да жақсы түсінеміз. Сонау облыс орталығынан 600 шақырым қашықтағы Дияр ауылынан жас келіншектің қатты ауырып жатқаны туралы хабар келді. Біздің дәрігерлер дереу жолға жиналды. Барса, келіншектің бойындағы шарана жатыр сыртына біткен, қан көп кеткен әрі ол жерде операция жасау мүмкін емес. Сондықтан дереу іске кіріскен дәрігерлер қан құйып, аудан орталығына жеткізген, сол жерде ота жасап, ананы ажал тырнағынан аман алып қалды. Екінші бір жағдай, көршілес Атырау облысы Қызылқоға ауданында жол-көлік оқиғасы кезінде жаңа туған сәби ұстап отырған адамның қолынан ұшып кетіп, басы жарылған, миға зақым келген. Бұл жағдайда да біздің дәрігерлер «Ан-2» ұшағымен дереу барып үлгеріп, сәбиді аман-есен Ақтөбеге жеткізді. Дереу ота жасалып, жас ананың үкілі үміті – бала аман қалды. Қазір он айдан асты, сәби өсіп жатыр. Мұндай жағдай күнделікті өміріміздің ырғағына айналып кетті. Осылай алдын алмағанда арты неге соғарын кім білген, – дейді Зинаида Орынбасарқызы. Президент еліміздің басты байлығы адамдардың денсаулығы екенін үнемі айтып келеді. Құр ғана айтып келе жатқан жоқ, денсаулық сақтау саласының дамуын ұдайы қолдап отыр. Осындай қолдау арқасында, биыл облыстағы санитарлық авиация түріндегі медициналық қызмет көрсетуге бұрынғы 8 миллион теңге орнына 24 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, республикалық бюджет есебінен үш есеге артуының өзі бұл салаға қаншалықты мән беріліп отырғанын көрсетсе керек. Біз әңгімелеп отырған облыстық медициналық жедел жәрдем ауруханасының санитарлық авиация бөлімшесінің бүгінгі тыныс-тіршілігі де бұған нақты мысал болары сөзсіз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.