• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2015

«Нұрлы Жол» – баянды болашақ бастауы «МӘҢГІЛІК ЕЛ»

789 рет
көрсетілді

Ұлттық идеясының философиялық-мәдениеттанулық негіздемесі Ел болу мәселесі, ұлтты сақтау, жерді, туған атамекенді қорғау мәселесі қазақ халқы үшін қашанда тарихи даму тұрғысынан маңызды болып келе жатқаны белгілі. Осы аталған мәселелер ешқашан да күн тәртібінен түскен емес. Олар әртүрлі тарихи кезеңдерге байланысты көкейкестіленіп, қоғамдық ой-сананың өзегіне айналып отырған. Бүгінде осы мәселелер тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің алдында тұр. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи астарына тоқтап өтті. « Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым», – деп атап өткен болатын. Міне, осы айтылған ойға тереңірек тоқталуды жөн санадық. Біздің бұл мақаладағы басты ойымыз «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының мәдени-философиялық негіздеріне назар аудару болып табылады. Біріншіден, қандай да болмасын идея, оның ішінде Қазақстан жағдайындағы ұлттық идея халықты біріктіретін, бір мақсатқа жұмылдыратын, тұтастыққа негізделген, қоғам дамуында шешуші рөлге ие қозғаушы күш болуы керек. Онда тек өткенмен қатар қоғам дамуының бүгіні, ертеңгі болашағы көрініс табуы тиіс. Осындай сипаттарға «Мәңгілік Ел» идеясы лайық екені сөзсіз. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға, біріншіден, мемлекеттің басқару жүйесі ынталы, құлықты болуы тиіс. Себебі, ол мемлекеттің ішкі және сыртқы қажеттілігін қанағаттандырудан туындап қана қоймайды, сонымен бірге, ол мемлекет құраушы ұлт алдында тұрған басты мақсат пен шешуші міндеттердің жиынтығы ретінде өмір сүреді. Жалпы алғанда, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы философиялық талдауды қажет етеді. Біріншіден, «Мәңгілік Ел» идеясы қазақ халқы тарихының басты мәселесі болып отырғаны белгілі. Осы мәселеге қазақ халқы тарихында жауап іздемеген батырлар, қара қылды қақ жарып, әділін айтып, елді аузына қаратпаған шешендер мен көсемдер, хандар мен билер, тіпті, халық арасынан шыққан даналардың тарихта үнемі болып тұрғаны әлімсақтан белгілі. Бүгінде осы сұраққа жауап іздеу үрдісі әлі жалғасуда. Заман өзгерді, соған сәйкес жауаптың бағыты мен мазмұны да өзгерді. Қойылған тарихи сұраққа жауап беру деңгейі әрқилы, сан алуан. Сонымен, мәселе қойылды, идея, тұжырымдама ретінде халыққа ұсынылды. Ендігі мақсат осы мәселені дұрыс шешу, оның әлеуметтік-философиялық, тарихи-мәдени, саяси-экономикалық негіздерін жасау. Оған саясаткерлер мен отандық гуманитарлық ғылым да өз үлесін қосуда. Ал «Мәңгілік Ел» идеясын философиялық тұрғыдан талдаудың өзіндік ерекшелігі бар екендігін айта кеткен жөн. Біздіңше, ең басты философиялық ұстаным – ол қазақ халқының осы идеямен бірге өмір сүріп келе жатқандығында, оған үнемі оралып, оны сана мен ойдың пәні ретінде сезінуінде, тіршіліктің басты бағыты ретінде қабылдап, оны үнемі білім және рухани құндылықтармен толықтырып, өмір сүру философиясының өзегі деп қабылдауында болса керек. «Мәңгілік Ел» – ұлттық дүниетанымның басты бағыты және қайнар көзі. Оның ішкі мазмұны үнемі даму, өзгеру, жаңғыру арқылы жүріп отырады. «Мәңгілік Ел» идеясында қазақ халқының сығымдалған, жүйеленген өмір сүру тәжірибесінің әлеуметтік-мәдени коды бар. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясын ұлттың тарихи даму үрдісінен тысқары қарау мүмкін емес және қолдан немесе ойдан шығарылған мәселе еместігі тағы белгілі. Себебі, бұл мәселе қазақ қоғамы үшін қашанда өзекті. Екіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясы, кейбіреулер айтқандай, «утопия» немесе ойдан шыққан адам қиялы жетпейтін, абс­трактылы ұғымдар жиынтығы емес. Ол – Қазақстанның антологиялық болмысын анықтайтын ұлттық идеяның темірқазығы, қоғам дамуына бағыт-бағдар беретін, сан ғасырлар бойғы ата-бабаларымыздың арманын жүзеге асырудағы рухани-сая­си ұстаным. Басқаша айтқанда, ол – ұлттық идеологияға пара-пар нәрсе. Кешегі тоталитарлық жүйе кезінде бір идеология болғаны белгілі. Ол идеология социа­лизм жүйесінің күйреуімен бірге тарих саханасынан келмеске кетті. Қайта құру дәуірі кезінде радикалдық тұрпаттағы «реформаторлар», Қазақстан мемлекеттік идеологияға мұқтаж емес, мемлекет идеологиядан тысқары болуы керек, тоталитарлық идеология мен демократия ұғымдары өзара сәйкес келмейді деген ойларды айтқаны белгілі. Тоталитарлық идеология мен демократиялық құндылықтар арасында қайшылық бар екені және олар бір-бірімен келіспейтіні, тіпті, антогонистік сипатта екені белгілі. Бірақ, бұдан жалпы қоғам, мемлекет дамуына идеология керек емес деген ой тумаса керек. Кешегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «идеологиясыздандыру» үдерісі және тәуелсіз ел идеологиясын қалыптастыру мен дамыту қатар жүргені белгілі. Идеология туралы нақты айтылмаса да тәуелсіз мемлекет құрудағы идеологиялық ұстанымдарды мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру іс-әрекеті болғанын мойындауымыз керек. Бүгінгі күнге келер болсақ, ұлттық идеология туралы еркін айтуға мүмкіндік бар. Бұл жолдағы ең басты ұстаным ұлттық идеологияны қазақстандықтардың дүниетанымдық бағытына айналдыру болуы тиіс. «Мәңгілік Ел» идеясын ұлттық идеологияның негізгі факторы ретінде қарай отырып, оны барлық қазақстандықтар қолдайтын ортақ, әлеуметтік, этностық, діни бірегейлікті қамтамасыз ететін басты ұстанымға айналдыру қазіргі кезеңнің басты міндеті болмақшы. Сонымен бірге, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының басты, негізгі іргетасы бірлік екенін ұмытпағанымыз абзал. Бірлік – ол елдің рухани бірлігі, халықтың мәдени, тілдік, ділдік, ақпараттық кеңістікке деген бірлігі. Қазақстандықтардың әлеуметтік, мәдени, рухани бірегейлігін дамыту ұлттық идеологияны дамытудың басты факторы болуы тиіс. Сондықтан да «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудың тұжырымдамалық негізін философиялық тұрғыдан талдау қажеттілігі туындайды. Біздіңше, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бері жүзеге асырып келеді. Ол қазақ халқының тарихи санасын қалыптастырып дамытуға бағытталған. Осындай бір алғашқы қадамдардың қатарына «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара туралы» Заңын жатқызуға болады. Мұны «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудағы басты нық қадам деп қабылдауымыз керек. «Мәңгілік Ел» идеясының келесі тұғыры, негізі – Елбасы үнемі айтып келе жатқан елдің ішкі тұрақтылығы, халықтардың өзара достығы мен татулығы, бір-біріне деген сыйластық қарым-қатынасы. Этнос және дінаралық келісім мен татулық Қазақстан дамуының басты тұғыры. Тек тату, бірлігі жарасқан ел ғана алға қойған мақсат-мұраттарына жете алады. Сондықтан ел ішіндегі татулық пен тұрақтылық «Мәңгілік Ел» жолындағы басты ұстаным болып қала бермекші. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру белгілі бір құндылықтар жүйесіне негізделетіні белгілі. Сол құндылықтардың ішіндегі ең бастысы – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде нығайту, қазақстандықтардың үш тілде еркін сөйлеуіне жағдай жасау. Мемлекеттік тіл «Мәңгілік Ел» идеясының негізі, өзегі. Мемлекет билігінің құдіреттілігі мен күштілігі қазақ тілінде сөйлеуімен өлшенеді. Мемлекет қай тілде сөйлесе, сол тілдің құдіреті қашанда үстем болады. Мемлекеттік тілде сөйлеу қазақ халқының ішкі бірегейлігін нығайтып, өркениеттік, мәдени бағытын арттырады. Тіл – ұлттың мәдени коды, ойлау және таным, дүниеге қатынасының, құндылықтарды бағалай білу жүйесінің коды. Сонымен бірге, тіл – билік, үлкен саясат. Тіл – «Мәңгілік Ел» идеясының бас­ты негізі. Ана тіліңді құрметтеу – ұлттық намысты ояту мен жаңғыртудың көзі. Бұл жолда тілдік және ақпараттық кеңістікті қорғау, оған мемлекеттік тұрғыдан ықпал ету, ақпараттық кеңістік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ел тәуелсіздігін қорғаудағы басты ұстаным болуы тиіс. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырудың тағы бір негізі халық пен билік арасындағы сенімді нығайту. Халықтың билікке сенімі күшті болған сайын, қоғамды ортақ мұратқа жұмылдыру жеңіл болады. Халықтың билікке сенімсіздігін көрсететін бірден-бір фактор – сыбайлас жемқорлық. Жемқорлық қоғамды рухани тұрғыдан ірітіп, тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Адамдардың ментальдық болмысын өзгертіп қоғамның барлық саласына өзінің жағымсыз әсерін тигізеді. Сондықтан да жемқорлық мінез-құлыққа қарсы күресті күшейту арқылы адал еңбекке негізделген іс-қимыл «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға көмектеседі. Қазақстан алып мемлекеттер жанында (Рессей, Қытай) тек рухани сілкініс арқылы, жалпытүріктік жұмылдырушы әлеуетін пайдалану, рухани, діни, саяси бастамаларға мұрындық болу, белсенділік таныту арқылы өмір сүре алады. Басты философиялық ұстаным: «Идея императоры кім болса, болашақ сонда» деген қағиданы жүзеге асыру барысында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеядан ұлттық идеологияға айналады. Ал ұлттың бәсекеге қабілеттілігін білім беру жүйесін жаңа сапаға көтеру арқылы қол жеткізуге болады. Сапалы білім беру жүйесін дамыту – «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын басты негіз. Білім беру жүйесі мәдениетпен тікелей байланысты. Білім беру жүйесінің бас­ты мақсаты қандай деген сұраққа күні бүгінге дейін толық та нақты жауап жоқ. Мұндай жағдайды мына себептермен түсіндіруге болады: білім беру жүйесінің мақсатын педагогтар мен философтар емес, керісінше, саясаткерлер мен білім саласының шенеуніктері айқындап отыр және бұл міндет солардың мойнына жүктелген. Олар үшін креативті, шығармашылық сипатта ойлайтын адамдардан бұрын, қарапайым орындаушылар көп керек тәрізді. Бүгінгі білім беру жүйесі ортаңқолды орындаушыларды дайындауға қабілетті болғанмен, бәсекеге қабілетті шығармашылық деңгейде ойлайтын мамандарды дайындауға қабілетсіз болып отыр. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру үшін білім беру жүйесінің мақсатын өзгерту керек. Ол, біздіңше, креативті, шығармашылық сипатта ойлайтын «мәдениетті тұлғаны» қалыптастыру. «Мәңгілік Ел» идеясының филосо­фия­­­лық мәдени астарын талдауда ерекше назар аударатын мәселе – ұлттық тәрбие. Тәрбие тал бесіктен басталады десек, ұлттық тәрбие отбасынан бастау алуы керек. Отбасылық тәрбие мәдениетті тұлғаларды қалыптастыруды басты мақсат ретінде ұстануы керек. Бұл жолда үлкенді құрметтеу мен ата-ананы сыйлауды, ар, намыс, ұят сынды құндылықтарды жастар санасына сіңдіруді басты идеологиялық ұстанымға айналдырудың маңызы зор. Қазақ болашағы тектілік пен кісілікті, бірлік пен татулықты, білім мен адамгершілікті ұштастыру негізінде жүруі тиіс. Отбасы мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Отбасы болашақ жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, олардың санасына патриоттық сезім ұялатуы тиіс. Сонымен бірге, әйел-ананы қорғау, құрметтеу, жетім мен жесірін қорғау қоғамның ұлы жолдағы басты құндылығы ретінде мойындалуы тиіс. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын және оны одан әрі дамытатын бүгінгі жастар екені белгілі. Жастар осы ұлттық идеяны жүзеге асыру үшін өз Отанын сүйетін ұлтжанды, патриот болулары керек. Патриотизм біздің қазақстандық жастар үшін этностарды бөлшектейтін, жіктейтін, бір-біріне қарсы қоятын күш емес, керісінше, біріктіретін күш ретінде мойындалуы тиіс және олардың ментальдық болмысында қағида ретінде қалыптасуы қажет. Ел мәртебесі, оның асқақтығы мен биіктігі, тұтастығы мен мызғымастығы тек әділеттілік пен өзара ынтымақтастық пен сыйластық негізінде қол жеткізілуі тиіс. Қысқасы, бүгінгі қазақстандық жастарды осы аталған позитивті бағытта тәрбиелеудің маңызы зор. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзега асыруда ұлт зиялыларына да жүктелер жұмыстың салмағы өте ауыр. Ұлт зиялылары ұлт мүддесін қорғай алатын жағдайда болуы тиіс. Бұл жолда Қазақстанға инновациялық, креативті тұрғыдан ойлайтын элита қажет. Ол дәстүрлі емес, пассионарлық рухта тәрбиеленген элита болуы тиіс. Бұл жолдағы басты бағыт – құлдық санадан арылу, жалтақтық пен жағымпаздық дертінен ада сана қалыптастыру. Ұлтты руға бөлшектемейтін, трайбализм дертінен арылған, ұлт болмысына сын көзбен қарайтын ұлттық ойлау жүйесі қалыптасуы керек. Қазақ біртұтас, мемлекет құраушы ұлт деген ой жетекші күшке айналуы тиіс. Бұл – басқа этностық топтар алдындағы артықшылық емес, керісінше, асқан жауапкершілік әрі бұл қазақтан асқан саяси мәдениеттілікті талап етеді. Өз кезегінде ұлттық сананың жаңаруы жаңа жағдайға сай жаңаша еңбек ету философиясын қалыптастырады. Бірінші орынға адал да өнімді еңбек ету, ғылым мен техника, жаңа технологияға негізделген бәсекеге қабілетті өнім өндіру шығады. Бұл өз кезегінде жаңа дүниетаным мен жаңаша өмір сүру үлгісін қалыптастыруды талап етеді. Қазақстан бұл жолда тек инновациялық, синергиялық, экологиялық, ақпараттық, ақылды экономикаға, рухани салада ұлттық құндылықтарға ғана сүйене алады. Бір сөзбен айтқанда, «Мәңгілік Ел» идеясын ұлттық идея ретінде қабылдау бүгінгі Қазақстан дамуының ішкі қажеттігінен, мемлекеттің тұтастығын сақтау идеясынан туындап отырғаны сөзсіз. Бұл идея тәуелсіз мемлекет алдында тұрған басты сұраққа жауап беріп, ұлттың болашақтағы дамуына жағымды әсер етуі тиіс. Сонымен бірге, ұлттық идея алдыңғы қатарлы және адамзаттың даму бағыты мен үрдісіне сай келетін болуы керек. Міне, осы тұрғыдан келгенде, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан халқын біріктіретін, елдің басты мақсатынан шығатын және соған толық жауап беретін идея десек, артық айтқандық емес. Төлеуғали БУРБАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.