• RUB:
    5.96
  • USD:
    499.04
  • EUR:
    544.45
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:10

Бағдары айқын алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында

26 рет
көрсетілді

Таяу күндері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына алты жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті.

2024 жылдың соңында ІЖӨ 288 миллиард долларды құрады. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады.

Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға ба­сым­­дық бере отырып, экономи­каны әртараптандыруды кезек күт­тірмейтін маңызды міндет ретін­­де айқындады. Аталған жұ­мыс­тың нақты нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз – шикізаттық емес салалар экономикалық өсудің қоз­ғаушы күшіне айналуда. 2019–2024 жыл­дар аралығында өңдеу өнер­кә­сібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Жалпы, өнеркәсіп құрылымында өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті.

Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвес­ти­циялық жоба іске асырылды. Нәти­жесінде, аталған секторда кейінгі онжылдықтағы ең жоғары көрсет­кішке – шамамен 6% өсімге қол жет­кізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады.

Нақты сандарда, 2018 жылы 30 мыңды құраған жеңіл автомобиль­дердің саны 134 мыңға жетті. Сол сияқты жүк автомобильдері бойынша да алты еседен астам – 7,1 мыңға дейін, автобустар бойынша жеті есеге, яғни 2,9 мыңға дейін, арнайы техника шығару шамамен үш есеге, яғни 711-ге дейін өсім тіркелді.

Президент тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясын қарқынды дамыту қолға алынды. Еліміз шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге біртіндеп бет бұрып жатыр. Полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндірі­ліп жатыр. Мұның барлы­ғы – әртүрлі салада сұранысқа ие қосыл­ған құны жоғары өнімдер. Ірі жобалар­дың бірі – Атырау облы­сында іске қосылған KPI зауыты бүгінде полипропилен өндірісін жолға қойды. Зауыт өзінің қуаттылығы жағынан Орталық Азиядағы осындай өндіріс орындарының ішіндегі ең ірі кәсіпорын саналады.

Астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мем­лекеттік қолдау шараларының тиім­ділігін көрсетеді. Алты жыл ішін­де агро­өнеркәсіп кешенін субси­дия­лау­ға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өні­мі­нің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау – ел Президенті ба­сымдық берген негізгі бағыттың бірі. Мем­лекеттік сатып алуда машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша тек қана отандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі едәуір кеңейтілді.

Осы орайда ұлттық даму институттары ел экономикасына салынатын инвестиция көлемін ұлғайта түсті. Тек 2025 жылдың өзінде «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 триллион теңге инвестиция салынады, ал 2027 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл сома 10 триллион теңгеге дейін өседі.

Серпінді дамуға қажетті ма­ңызды шарттардың бірі – шетел­дік инвестициялар Қазақстан экономикасына тұрақты тартылып жатыр. Мұны шетелдік кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған еліміздің экономикалық әлеуетіне деген үлкен сенім мен жоғары рейтингтер растап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан Moody's агенттігінің «Тұрақты» болжамымен өз тарихындағы ең жоғары Baa1 рейтингіне ие болды. Халықаралық S&P, Fitch рейтинг агенттіктері де еліміздің несиелік рейтингін инвестициялық сенімділік дең­гейінде растады.

Кейінгі алты жыл ішінде эко­номикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

Шетелдік серіктестер өңдеу өнеркәсібі саласына көбірек инвес­тиция сала бастағанын атап өту маңызды. Оның көлемі 72,7 миллиард долларға жетті. БҰҰ Қазақстанды теңізге шыға алмайтын елдер арасында ірі ТШИ көлемін алушы ретінде екінші орынға шығарды.

Мемлекет басшысының бел­сенді дипломатиялық күш-жіге­рінің арқасында өзге елдер­мен сауда-экономикалық ынты­мақтастық дамып келеді. Нәти­же­сінде, кейінгі алты жылда сыртқы сауда айналымы бір жарым есеге, 94,8 миллиард доллардан 141,4 миллиард долларға дейін өссе, экспорт көлемі 61,1 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға жетті.

Экспорт құрылымында өң­дел­­ген тауарлар үлесінің артуы атқа­рылған жұмыстың елеулі нә­ти­жесі болды. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша олардың шетел нарықтарына экспорты 28,8 мил­лиард долларға жетті. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспап­тар мен құрылғылар экспор­ты­ның үлесі 1,1%-дан 5,8%-ға дейін артты. Экспорт құрылымындағы шикізаттың үлесі де барған сайын азайып, 2018 жылғы 74,5%-дан 2024 жылы 63,5%-ға дейін төмендеді.

Президенттің басшылығымен еліміз­дің инфрақұрылымын ау­қым­ды жаңғырту жұмыстары жүр­гізіліп жатыр.

Ұзақ жылдар бойы жылу энергетикасы секторына тиісті көңіл бө­лін­бей келді: республика бойынша инфра­құрылымдық желілердің тозу деңгейі 65%-ға, ал жекелеген өңір­лерде тіпті 90%-ға жетті. Қазір энер­­гетика және коммуналдық сала­­­лардағы дағдарыстың ауыр кезе­ңін еңсере алдық. Егер 2019 жылы жылу көздерінің орташа тозу дең­гейі 71%-ға жетсе, қазір оны 61%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік ту­ды. Бұл жұмыс жалғасатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр 86 мың шақырым инженерлік желі­ні жаңғыртуды, сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуды көздей­тін Ұлттық жоба іске асырыла бас­тады. Бұл технологиялық апаттар санын 20%-ға қысқартуға, еліміздегі энергетикалық және коммуналдық секторлардың тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға азайтуға, генерацияны 7 ГВт-тан астам арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл бағытта отандық өндірістің қуатын барынша тартуға маңыз берілетінін айта кету керек. ТКШ саласы үшін өнім шығаратын кәсіпорындардың әлеуетін толық пайдалану жоспарланып отыр. Отан­дық компаниялардың жос­парланған өнім көлемі шамамен 3,5 триллион теңгені құрайды.

2019 жылдан бері электр энергиясын тұтыну 14%-ға өсіп, шамамен 120 миллиард кВт/сағ құрады. Халық санының өсуін, сондай-ақ жүргізіліп жатқан индустриялық даму және цифрландыру саясатын ескере отырып, энергия тұтыну одан әрі арта түседі деп болжанып отыр. Осыған орай Президент тапсырмасына сәйкес ядролық энергетиканы дамыту қолға алынды. Бірінші АЭС құрылысының ауданы анықталды. Тағы екі станса салу үшін құрылыс орындарын анықтау жұмыстары басталды.

Сондай-ақ құрылыс индустрия­сы да рекордтық өсу қарқынын көр­сетіп отыр. 2024 жылы пай­да­лануға берілген тұрғын үй көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 6,4 миллион шаршы метрге немесе 51,4%-ға артып, 19 миллион шаршы метрге жетті. 2019–2024 жылдар аралығында барлығы 97,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл ондаған мың отбасыға жылжымайтын мүлік сатып алуға және тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етті.

Сонымен қатар жолдардың құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары Президенттің тұрақты бақылауында. Кейінгі алты жылда республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожолдарды, оның ішінде Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және басқа да күре жолдарды реконструкциялау аяқталды. 2024 жылы 12 мың шақырым көлік магистралі құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның 8 мың шақырымы – республикалық, ал қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдарға тиесілі. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Сондай-ақ аталған мерзім ішінде 250-ге жуық жол бойындағы сервистік жаңа нысандар салынды. Жол бойында ұлттық стандартқа сай келетін қызмет көрсету нысан­да­рының үлесі 52%-дан 90%-ға дейін ұлғайтылды.

Теміржол көлігі арқылы жүк тасымалдау көлемінің өсуімен қатар жолдарды жөндеу жұмыстарына деген қажеттілік те арта түсті. Жыл сайынғы күрделі жөндеу көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2024 жылы 41%-ға өсті. Алты жыл ішін­де барлығы 3 мың шақырым темір­жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл Достық – Мойынты темір­жол учаскесінің екінші желісінің құрылысы аяқталады, бұл өткізу қабілетін 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін арттырады. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі де қала торабының жүктемесін 40%-ға жеңілдетеді.

Аталған жобаларды іске асыру Еуропа мен Қытай арасындағы жүк айналымын, сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

2019 жылдан бері теңіз көлігі арқылы тасымалдау көле­мі 20%-ға өсті. Транскаспий халық­ара­лық көлік бағыты бойынша айтар­лықтай өсім қалыптасып отыр. Көлік инфрақұрылымын жаң­ғыр­ту бойынша жүргізіліп жат­қан жұмыстардың есебінен ТХКБ арқылы транзиттік тасымал көле­мі 2019 жылдан бері алты есеге (2024 жылы – 4,5 миллион тонна), отан­дық өнім экспорты 12 есеге өсті. Мем­лекет басшысы жариялаған Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз жаңа тас жолы аталған бағытқа тың сер­пін бермек.

Елімізді газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. 2025 жылдың басында 12 миллионнан астам адам та­биғи газға қол жеткізді. 2024 жылы 1,7 мың шақырымнан астам газ желі­­лері салынды. Биыл елді мекен­дер­ді газдандыру бойынша тағы 45 жоба іске асырылуда, бұл газбен қам­тылғандарды 12,4 миллион адамға дейін, ал газдандыру деңгейін 62%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Басым міндеттердің бірі – ел азаматтарын сапалы ауызсумен қам­тамасыз ету және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту. Кейінгі жылдары ауқымды жұмыс атқарылды: егер 2019 жылы сумен жабдықтау қалаларда 97,2% және ауылдарда 86,4% болса, бүгінде бұл көрсеткіштер тиісінше 99,4% және 97,8%-ға жетті. 6 256 ауыл­дың ішінен 5 523 ауыл сумен қам­тылды. Қалған 833 ауыл осы жыл­дың соңына дейін таза суға қол жет­кізеді. Соның ішінде 238 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері салынады, 595 ауылдық елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылады.

Астанадағы ауызсу тапшылығы мәселелерін шешу үшін Президент тапсырмасы бойынша 2023 жылы қуаттылығы тәулігіне 105 мың м3 болатын №3 сорғы-сүзгі стансасының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Сәтбаев атындағы каналдан су құбырын тарту жұмысы басталды. Бұл елорданы сумен қамтамасыз ету мәселесін ұзақ мерзім­ге шешуге мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымды жаңар­ту, газбен жаб­дықтау және жол құ­ры­лысымен қатар адам­дарды төтен­ше жағ­дай­­лардан қорғау да маңыз­ды орын алады. Қайғылы оқиға­лар тізбегі ТЖ қызметтерінің мате­риал­дық-техникалық жарақ­тан­дыру ісінің түйткілді мәселелерін ашып берді.

Президенттің тапсырмасы­ бо­йынша апаттық-құтқару жұмыс­тарын шұғыл әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи апат­тық-құтқару техникалары, құрал-жабдық үлгілері сатып алынды. Кейінгі алты жылда жабдықталу деңгейі 53%-дан 64%-ға дейін өсті және одан әрі өсе бермек.

Аталған шаралар төтенше жағ­дайларға қарсы дайындық дең­гейін жақсартып қана қой­майды, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті де арттыруға ықпал етеді. Халықты құлақтандыру жүйесі сияқты жаңа технологиялар қолданыла бастады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді тәсілі ТЖ қызметтерін дамытуды ғана емес, сонымен қатар Заң мен тәртіп қағидаты шең­бе­рінде қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылықтардың ал­дын алу жөніндегі шараларды күшейтуді де қамтиды. 2019 жыл­дан бері қылмыс деңгейі 52%-ға, қо­ғамдық орындарда 60%-ға тө­мендеді.

Азаматтардың, әсіресе әйел­дер мен балалардың құқығын қорғау­ды күшейтуге басымдық беріліп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев отба­­сы­лық-тұрмыстық зор­лық-зом­бы­лықтың жолын кесу туралы үнемі айтып келеді. Осы саясат шеңберінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған, ұрып-соғуды және денсаулыққа қаса­қана жеңіл зиян келтіруді қылмыс­тық жазаға жатқызуды көздейтін заң қабылданды. Ол бұрын тек әкімшілік нормалармен реттеліп келген болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жақында ғана өскелең ұр­пақ­ты қолдау шараларын жүйеге кел­тіруге және күшейтуге бағыт­тал­­­ған «Қазақстан балалары» атты жаңа біртұтас бағдарламаны ұсын­ды.

Биылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Президент еліміз әлеуметтік мемлекет болып табылатынын тағы да атап өтті. Әрі бұл әлеуметтік көрсеткіштердің өсуі бойынша мемлекеттің нақты шараларынан көрініс тауып отыр.

Кейінгі алты жылда ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен екі есе, яғни 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайды. Бұл шамамен 2 миллион азаматтың әл-ауқатына оң әсер етті.

600 мыңға жуық педагогтің жалақысы екі есеге артты, үш жыл ішінде дәрігерлердің жалақы­сы жыл сайын 30%-ға, орта меди­циналық персоналдың жалақысы 20%-ға көтерілді, әлеуметтік қам­сыз­дандыру саласындағы 38 мың қыз­меткердің жалақысы екі есеге ұлғайтылды.

Көпбалалы отбасыларға олар­­­­­дың табысына қарамастан төле­­­нетін жәрдемақы енгізілді, бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы төлем енгізілді.

2019 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайды. Жалпы, өлім-жітім 7,8%-ға, ана өлімі – 26,3%-ға, нәрес­те­лердің шетінеп кету көрсеткіші – 15,8%-ға төмендеді. Бұған профилактиканың тиімділігін арттыру жә­не скринингпен қамту деңгейін кеңейту ықпал етті.

2019 жыл­дан бас­тап елі­міз бо­­йынша 955 денсау­лық сақ­тау нысаны салынды. Олардың ішінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық және Ұлттық жедел меди­циналық үйлес­тіру орталығы сияқ­ты маңыз­ды мекемелер бар.

Президенттің «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасының арқа­сын­да бала сүйе алмаған отбасыларда 2021 жылдан бері 9 мыңнан астам сәби дүниеге келді.

Денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға, әсіресе ауылдық жерлерді қажетті маман­дар­мен қамтуға ерекше назар аудары­лып келеді. Мәселен, ауыл­дық ел­ді мекендерге кемінде 5 жыл мер­зімге жұмысқа келген меди­­­цина қыз­мет­керлеріне 8,5 миллион теңге мөл­шерінде біржолғы ақша­­лай төлем енгізілді. Тұрғын үй мәсе­ле­лерін шешудің қолжетімді құралдары бар.

Білім беру саласында атқа­рылып жатқан іс-шаралар мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын жоюға, білім сапасын жақсартуға, педагог мәртебесін көтеруге бағытталған. Кейінгі алты жылда 1 367 балабақша ашы­лып, кезекте тұрғандардың санын 5 есе­ге қысқартуға қол жеткізіл­ді. Әлеу­меттік жағдайы төмен отба­сы­лар­дың балалары 100% тегін тамақ­пен қамтамасыз етілді.

2019 жылдан бері елімізде рекордтық көлемде – 1 200 мектеп салынып, 1 миллионға жуық оқушы орны ашылды.

Ауылдық жерлердегі 3 мыңнан астам мектеп жаңғыртылды. Бұл 32 апатты жағдайдағы және 71 үш ауысым­ды мектептің мәселе­сін, сондай-ақ еліміздегі 200 мектеп­тегі орын тапшылығын шешуге мүмкіндік берді.

Биыл шамамен 200 мектептің құрылысы жалғасады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, аудан орталықтары мен ауыл­дарда бір мың мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өте маңызды бағыт, өйткені еліміздегі орта мектеп­тердің 2/3 бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан.

Президент жариялаған «Жұ­мыс­­шы мамандықтары жылы» техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге тың сер­пін берді. Жаңа экономика үшін бі­лікті әрі сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында колледж­дер мен өнеркәсіптік кәсіпорын­дар арасындағы ынтымақтастық нығайтылуда. Қазіргі уақытта 498 компания 410 білім беру мекеме­сін қамқорлыққа алды, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж жаңғыртылды. Колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға ұлғайтылды. ЖОО студенттеріне арналған 62 мың орындық 251 жатақхана пайдалануға берілді.

Ғылыми кадрларды қолдау да ерекше маңызға ие, әсіресе кейінгі алты жылда ғылымдағы жастардың үлесі алты есе өсіп, 46%-ды құра­ғанын ескерсек, бұл мәселенің өзек­тілігі арта түскенін байқауға бола­ды. Ол үшін докторантураға бөлі­не­тін білім беру гранттарының саны артып, ғылыми зерттеулер жүр­гізу мүмкіндіктері кеңейе түсті.

Ғылыми жетістіктерді нақты экономика секторына енгізу және оларды коммерцияландыру – ма­ңызды бағыттардың бірі. Биыл 2 297 ғылыми жоба мен 299 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда. Жас ғалымдар ғылыми қызметке белсенді түрде тартылып, олардың қатысуымен 1 055 жоба іске асырылып жатыр.

Ғылыми әзірлемелерді ком­мерцияландыруға келетін болсақ, бүгінде 208 жоба қолда­нысқа сәтті ен­гі­зілді, 180-нен астам өнді­ріс сатылым кезеңі­не шық­ты. Коммер­ция­­­­лан­дыру жоба­лары­ның елі­міз­дің эконо­ми­ка­сындағы жалпы үлесі 118,7 миллиард теңгені құрады. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 25 жоба экспортқа шықты, 6 жобаның сатылым көлемі 1 миллиард теңгеден астам сомаға жетті.

Спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Алты жыл ішінде өңірлерде 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 58 бассейн салынды. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 40-қа, яғни 481-ден 521-ге дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтардың үлесі 31,5%-дан 41,4%-ға немесе 5,9 миллион адамнан 8,4 миллион адамға дейін өсті.

Заңсыз иемде­ніл­ген активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеу­меттік міндеттерді шешуге бағыттау жөніндегі Президент тапсырмасы әлеуметтік инфра­құрылымды жаңғыртудың пәрменді құралына айналды.

Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында 280-ге жуық жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ инженерлік желілер мен су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға 194 миллиард теңгеден астам қаражат аударылды.

Мемлекет басшысы жаппай­ цифрландыру және жасанды интел­лектіні енгізу міндетіне басым­­дық беріп отыр. Бұл эконо­ми­ка­лық өсудің жаңа қозғаушы күшіне айналуға тиіс.

Қазақстан IT-қызметтер экспортын ұлғайта отырып және осы бағытта елеулі жетістіктерге қол жет­кізіп, Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көш бастап келеді.

Бұл сала бойынша еліміздің бәсекелестік артықшылықтары жетерлік. Цифрлық шешімдер түрлі салаларға дендеп еніп, олар­дың тиімділігі мен жедел дамуын қам­тамасыз етті. Балабақшаларда «Отбасының цифрлық картасы», «Әлеуметтік әмиян» және цифрлық ваучерлер белсенді қолданылады, QazaqLaw (заңнамалық база бойын­ша көмекші), LLM ұлттық тілдік моделі жасалды, «Бизнестің цифр­лық картасы» және басқа да жоба­лар әзірленіп жатыр.

Кейінгі бес жылда иннова­циялық өнім көлемі екі еседен астам, 1,1 триллион теңгеден 2,4 трил­лион теңгеге дейін өсті.

ЖИ дамуына жәрдемдесу үшін Президент тапсырмасы бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында қар­жыландырудың мақсатты көлемі 1 миллиард долларды құрай­тын «Qazaqstan Venture Group» қор­ларының венчурлық қоры құрылды.

Қор Қазақстан мен Орталық Азияның инновациялық жобаларына басымдық бере отырып инвестиция салады.

Биыл еліміздің жедел цифрлық трансформациясына ықпал ететін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады.

Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік, энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталының даму әлеуеті жоғары екенін ерекше атап өтті. Үкімет жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады.

Көріп отырғанымыздай, алты жыл ішінде атқарылған жұ­мыс аз емес, бірақ алда бұдан да ауқым­ды міндеттер тұр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тегеурінді басшы­лы­ғы­мен еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзінің орасан зор әлеуе­тін толық іске асыратынына сенімдімін.

 

Олжас Бектенов,

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі