Жұмысшы мамандықтар жылы Кеше

Бірлескен іс берекеге бастайды

11 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек нарығын қажетті мамандықтармен қамтамасыз ету бойынша нақты талап қойды.  Осы бағытта Шымкент қаласы әкімдігі шаһардағы 40 колледж директорымен мәселені талқылап, оны  шешу жолын зерделеді.

Алдын ала жүргізілген зерттеу нәтижесінде өңірдегі мәдениет ошақтарында декорация қоюшы, бутафора әзірлеуші, дыбыс, жарық қоятын мамандарға сұраныс бар екені анықталды. Ал қалада бұл мамандықтар бірде-бір оқу орнында даярланбайды. Сондықтан Ә.Қастеев атындағы Шымкент қалалық өнер және дизайн колледжі мен Саз колледжіне осы мамандықтарға біліктілік санатын алып, бағдарлама құру бойынша тапсырма берілді. Сонымен бірге әкімдік тарапынан техникалық мамандықтарға бөлінетін грант саны көбейді. Қала әкімдігі жүргізген келіссөз аясында бірнеше кәсіпкер 53 студентті өздерінің есебінен тегін оқытып, жұмысқа орналастырмақ.

Сондай-ақ өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жыл сайын еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтар сұранысын саралау үшін кәсіпорындар арасында сауалнама ұйымдастырады. Оның қорытындысы  жергілікті бюджетті бекіту барысында  есепке алынады. Былтырғы сауалнама аясында 4 мыңға жуық бизнес өкілі қамтылып, мегаполисте 16 мыңнан астам жұмысшы мамандығына тапшылық бары анықталған. Негізінен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау, халыққа әлеуметтік көрсету салалары жұмысшы мамандықтарына көбірек мұқтаж екен.

Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы өкілдері дуальды оқыту жүйесін жетілдіру керектігін айтады. Бұл үшін арнайы ұсыныстар әзірлеген. Оның ең басында оқу орындары мен кәсіпорындардың байланысын нығайту мәселесі тұр.  Әсіресе дуальды оқыту бағдарламаларын қаржылық қолдау, кері байланысты пайдалана отырып, дуальды білім беру сапасын мониторингілеу және бағалау жүйесін енгізу маңызды. Бұл қадамдар мамандарды даярлау сапасын арттырмақ.

Кәсіпорында айлық жоғары болса оқу бітірген түлек міндетті түрде сонда қалуға тырысады. Сондықтан кәсіпкерлер палатасы өкілдері мемлекет жұмыс орындарын субсидияласа деген ұсыныс айтты.

Дуальды оқытуға байланысты бизнес өкілдерінің де айтар өз уәжі бар. Мәселен, ДДЭК компаниясының басшысы Мұрат Жұматаев жастар токарь мамандығын игеруге құлшыныс танытпайды, жол алыс болғандықтан студенттер зауытқа келіп-кетуден қиналады, олардың өндірістік оқу практикасын оқу орындарының басшылығы дұрыс қадағаласа  дейді. Ал «Janna Eltanova» ЖШС директоры Жанна Елтанова «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысатын жұмыссыз жастарды жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде тоқыма өнеркәсібіндегі фабрикаларға шақырды.

Жергілікті атқарушы билік студенттердің қатынау мәселесін шешу үшін жолаушы тасымалдаушы компаниялармен келіссөз жүргізуге әзір. Қала әкімдігі шәкірттерді сапалы маман етіп даярлап шығару үшін кәсіпорындарға өз қаржысы есебінен тәжірибелік оқу курсынан өткізуге ұсыныс жасады.

Қысқасы, Президент тапсырмасына сай «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қала әкімдігі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдері бірлесіп, тиянақты жұмыс атқаруға уағдаласып отыр.