1991 жылдың желтоқсанында, Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағанда оны ресми таныған, Алматыда елшілігін ашқан ең алғашқы мемлекеттердің бірі – Иран. Тарихта үнемі мәдени және діни ортақтастықтар негізінде жалғасып келген қарым-қатынастар Қазақстан Үкіметінің құрылуымен жаңа кезеңге аяқ басты.
Қазақстан өзінің ұлттық билігінің негіздерін нығайтумен айналысып жатқан тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Иран геосаяси, экономикалық және мәдени әлеуетіне сүйене отырып, Қазақстанмен байланыстарын кеңейте түсті. Иранның геосаяси орналасуы Орталық Азияның сыртқы әлемге шығуының ең қысқа, ең қауіпсіз және ең тиімді бағыты болғандықтан, осы аймақтың Иранмен өзара іс-әрекеттер жасауының негізгі себебінің біріне айналды. 1996 жылы Иранның солтүстік-шығыс шекарасында Серахс-Теджен теміржолының ашылуы Орталық Азиядағы құрлықпен қоршалған мемлекеттердің, атап айтқанда, Қазақстанның сыртқы әлеммен байланысу жолының ашылу кезеңі болды.
Енді, міне, 18 жыл өткеннен кейін, Иран Ислам Республикасының Президентімен бірге Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердымұхамедовтің қатысуымен 2014 жылғы 3 желтоқсанда Инчебурун шекарасында ашылған Иран – Түрікменстан –Қазақстан үшжақты теміржолының салынуымен, Каспий теңізі шығысындағы өнеркәсіптік және мұнайлы аймақтардың ашық теңіздермен ең жақын байланысына жаңа бағыт орнады. Наурыз – Иран мен Қазақстан арасындағы ортақ мереке, қазақ халқы оның бастауында ирандықтар тұр деп біледі және жыл сайын көктем мезгілі келгенде осы ұлттық және дәстүрлі оқиғаны қуанышпен атап өтеді, өзінің ежелгі атадан балаға жеткен дәстүрлерін Наурызда жаңғыртып, оны сақтап қорғауға зор мән береді.
Тарихи кезеңдерде ұлы Түркістанның бір бөлігі болған Қазақстан оңтүстігінің ирандық өркениетпен мәдени жақындығы көп. Мәуереннаһр мен оңтүстік Түркістандағы ғылым мен мәдениеттің бесігі Тараз қаласы болса, ұлы философ әл-Фараби мен әйгілі мистик Қожа-Ахмет Ясауи сынды ұлы тұлғалар осы өңірден шықты. Ал Қазақстан мұрағаттары мен кітапханаларындағы көптеген парсылық қолжазбалар қос тараптың жазу мен тіл саласындағы терең байланысын баяндайды. Қазақстан ұлттық кітапханасында жүзге жуық парсы қолжазбалары болса, Ұлттық ғылым академиясының кітапханасында да көптеген парсы қолжазбалары сақталған. Олардың қатарында Хафиз, Сағди, Бидел және Жамидің өлең жинақтары бар және екі мемлекет те осы бағалы туындыларды қорғап, сақтауды және болашақтың игілігіне пайдалануды қалайды.
Фирдоусидің «Шахнамасы» қазақ әдебиетіне әсер еткен жазба туындылардың бірі болып табылады. Абай сынды әйгілі қазақ ақындары мен әдебиетшілері Фирдоусидің өлеңдері мен «Шахнаманы» дәріптейді. Қазіргі таңда Қазақстанда бірқатар парсы тілінің ұстаздары мен мамандары осы әйгілі шығарманы қазақ тіліне аудару үстінде. Осы күнге дейін бұл шығарманың төрт томы аударылып, жарық көрді. Айта кетейік, қазақтың ұлы ақыны Абай өзінің қара сөздерінде: «Балаларымыз алдымен ана тілін үйреніп, кейін түркі мен парсы, сонан соң арап және орыс тілдерін үйренгені жақсы», десе, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы да осы тілдермен таныс еді және оның Хафизден әсер алғаны аян.
Қазақстан тәуелсіздік тізгінін ұстаған соң, ортақ тарихи және мәдени мұралардан бастама алатын қолдағы құндылықтар екі елдің қарым-қатынастарының дамуы үшін, әсіресе, соңғы жиырма жылда мәдени саладағы қатынастарды қалыпты өркендетуге негіз болды. Иран мен Қазақстанның мәдени байланыстары 1993 жылы үкіметаралық мәдени келісімге қол қойылуы мен елшіліктің мәдени өкілдігін ашуымен басталды. Жалпы алғанда, осы мерзім ішінде айтарлықтай ғылыми, мәдени және білім қарым-қатынастары орнықты. Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени шараларының бірі–ЖОО-ларда парсы тілі кафедрасын ашып, оның жұмысын нығайту болды. Қазіргі уақытта Қазақстанның әл-Фараби, Абылай хан, Абай атындағы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық және Ақтау қаласының университеттерінде парсы тілі оқытылады, сондай-ақ, әр жыл сайын парсы тілінің үздік оқытушылары мен студенттері білім арттыру курстарына қатысуға және Иранның мәдениетімен көбірек танысу мақсатында жол тартуда.
Екі елдің дамып келе жатқан қарым-қатынастарын сақтап, нығайту саяси, экономикалық және мәдени салалардағы байланыстарды жан-жақты жүргізуге байланысты. Мәдени байланыстар Иран мен Қазақстан қарым-қатынастарында маңызды үлеске ие болып қана қоймай, басқа салаларды толықтырушы рөлін атқарады. Былайша айтқанда, экономикалық және саяси байланыстардың дамуы екі елдің салт-дәстүрлері және мәдениетімен танысуды қажет етеді. Бұл іс, ғылым, өнер салаларының өкілдерінің, жоғары оқу орындарының байланыста болуымен және олардың ынталы түрде араласуымен жүзеге асады. Осы орайда, Иран Ислам Республикасының президенті доктор Руханидің жуықтағы Қазақстанға сапары барысында Назарбаев халықаралық университетіндегі баяндамасы өте маңызды. Доктор Рухани осы сөзінде мәдени байланыстардың маңыздылығын қуаттап, тарихтағы Ислам өркениетінің адамзат қоғамына жасаған бағалы қызметін атап өтіп, Әл-Фараби сынды әйгілі тұлғаны аймақ халықтары әсіресе, Иран мен Қазақстан үшін ортақ мирас және біріктіруші фактор деп атады. Қоғамдық пікірді қалыптастыру мен қоғамдық дипломатия тетіктерін пайдалану мемлекеттердің мүдделерін жүзеге асыру құралына айналған қазіргі әлемде, Иран мен Қазақстан қолда бар мәдени әлеует күшін біле отырып, оларды өз қарым-қатынастарын тереңдетуге жұмсауға ниетті.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезден-ақ, өзінің аймақтық және халықаралық аренадағы жұмысында Иранмен арада байланыс орнатты. Таяу Шығыс және мұсылман мемлекеттерімен байланыстарын дамытуды өзінің сыртқы саясатының күрделі бағытына айналдырған Қазақстан тез арада Экономикалық ынтымақтастық ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше болып, тіпті 2011 жылы Иранның қолдауымен, ИЫҰ сыртқы істер министрлері кеңесін қабылдауға және төрағалық міндетін атқару мүмкіндігіне ие болды. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім жөніндегі кеңесті құру Қазақстанның аймақтық әріптестік шеңбердегі шараларының бірі болды десек, Иран осы ұйымның белсенді мүшелерінің бірі болып есептеледі.
Өткен жиырма жылда Иран мен Қазақстанның түрлі саяси, экономикалық және мәдени салалардағы екіжақты байланыстары сындарлы ырғақпен дамыды. Соңғы жылдары оның екпіні көптеген себептермен, тәуелсіздіктің алғашқы он жылындағыдай болмағанымен, екі мемлекет зор әлеуеті бар екендігін түсіне отырып, алдағы мүмкіндіктерді пайдалануға бел буды.
Орталық Азияның ең ірі және ең тұрақты мемлекеті Қазақстанның экономикалық даму үдерісі, жақсы технологиялар мен түрлі кәсіптерге ие ирандық компанияларға көптеген мұрсат, мүмкіндіктер ашуда. Қазіргі уақытта бірқатар ирандық компаниялар Қазақстанда құрылыс, тұрғын үй салу, ауылшаруашылығы және жол құрылысы салаларында белсенділік көрсетуде. Қосжақты экономикалық келісімдер әсіресе 2014 жылы Теһранда өткен екі мемлекеттің үкіметаралық бірлескен комиссиясының 13-ші отырысы мен жеке меншік секторлары арасындағы кәсіби отырыстардағы келісімдерінің жүзеге асырылуымен, экономикалық қарым-қатынастар көлемі қазіргі 1 млрд. долларға жуық мөлшерден алдағы уақытта 2 млрд. доллардан астам көрсеткішке жетеді деп күтілуде.
БҰҰ мен оған қарасты ұйымдар тәрізді халықаралық шеңбердегі ынтымақтастықта парламентаралық қарым-қатынастар екі елдің әлемдік сахнадағы байланыстарының маңызды бөлігін құрайды. Иран аймақтық және халықаралық әріптестіктерде Қазақстанға – дүниежүзінің түрлі аймақтарымен тең байланыста болуды қалайтын мемлекет ретінде ынтымақтастық жасауға зор мән береді. Осы орайда өткен жылдың қазан айында Женевада БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінің отырысында екі мемлекет бір-бірінің ұстанымдарын қолдады. Қазақстан 2017-2018 жылдарға және Иран 2029-2030 жылдарға БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақсыз мүше болуға үміткерліктерін жариялады және доктор Рухани мырзаның Қазақстанға соңғы сапары барысында, тараптар осы үдерісте өзара қолдау көрсетуді ұйғарды. Ортақ мүдделер негізінде халықаралық жүйені реттеуге атсалысу және әлемдік шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді қатысу екі елдің осы форматтағы ынтымақтастығын құрайды.
Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген соң елдегі Кеңес заманынан қалған ядролық қаруларды Ресейге тапсырып, қарусыздандыру мен ядролық қаруларды таратпау саласындағы белсенді мемлекетке айналды. Соңғы жылдары атом электр стансасын салуда және күн сайын ұлғайып келе жатқан өзінің энергия саласындағы қажеттілігін қамтамасыз етуді көздеп отырған, әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретіндегі Қазақстан, Иранның бейбіт ядролық қуатқа ие болу құқығын қолдайды. 2011 жылғы желтоқсанда Иранға қарсы қысымдар мен санкциялар өршіп тұрған кезде Қазақстан Президенті Иранның ядролық бағдарламасына қатысты қосарлы стандарттар қолдану мен аймақтағы өзге елдердің ядролық қарулары жөнінде жақ ашпауды сынға алды. Өткен жылғы тамыз айында екі мемлекет басшысы қабылдаған бірлескен мәлімдемеде де бұл тақырып қуатталды. Осындай достық ұстаным, 2013 жылғы наурыз бен сәуірде Алматыда Иранның алтылық топпен ядролық келіссөздерінің екі кезеңінің өткізілуіне себеп болды. Халықаралық сахнадағы маңызды үдерістің бірі болып есептелетін бұл келіссөздер, Қазақстанның Алматыны аймақтың дипломатиялық байланыстар орталығына айналдыру талпыныстарына айтарлықтай септігін тигізді. Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов 2014 жылы желтоқсанда, мемлекетінің келіссөздерді қайта қабылдауға ынталы екендігін қайталап, Иран мен алтылық арасындағы ядролық келіссөздер 2015 жылдың бірінші жартысында нәтижеге жетер деген үміт білдірді. «Иран мен Батыс арасындағы келісім Қазақстан үшін маңызды, ол аймаққа әсіресе экономикалық тұрғыдан аса оңтайлы әсер етеді», деп қуаттады ол.
Иран мен Қазақстанның құрылықтағы ортақ шекарасы болмағанымен, Каспий теңізі арқылы көршілес болып саналады. Екі мемлекеттің Каспий мәселелері жөніндегі әріптестігі қосжақты қарым-қатынастардың маңызды бөлігін құрайды. Иран мен Қазақстан Каспийге байланысты істерде үшінші тараптың араласпауы мен қатыспауы, Каспийдің қоршаған ортасы мен жануарлар дүниесін қорғау, сауда кемелерінің жүзу еркіндігі мен осы теңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәрізді мәселелерде ортақ пікірге ие. Ресейдің Астрахань қаласында Каспий теңізі жағалау мемлекеттері басшыларының соңғы саммиті барысында доктор Рухани және Назарбаевтың қолдауымен, ұлттық егемендік аймағы үшін 15 мильдік аумақты тағайындау туралы шешім қабылданды, бұл, Каспийдің құқықтық мәртебесін толықтыру бағытындағы айтарлықтай ілгерілеу болып саналады. Бұған қоса, екі мемлекеттің порттары арасында да осы теңіз аумағында жүйелі сауда қарым-қатынастар бар.
Иранда 11- ші үкімет қызметке кіріскен соң, оны алғашқы қолдаған мемлекеттердің бірі Қазақстан болды және Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың тамызында доктор Руханидің ұлықтау рәсіміне қатысты. Иран Ислам Республикасы президентінің өткен жылы қыркүйектегі Астанаға ресми сапары, яғни доктор Руханидің Орталық Азияға алғашқы қосжақты сапары, Иранның аймақтық саясаттағы Қазақстанның алатын орнын ғана емес, екі тараптың ынтымақтастықты дамытудың алдында жаңа бағыттар тұрғандығын көрсетті. Осы сапар барысында қол қойылған үкіметтік құжаттармен қатар, доктор Рухани мен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен екі мемлекет кәсіпкерлерінің бірлескен форумында Иран мен Қазақстанның жекеменшік салаларының арасында көптеген сауда келісімдері жасалды. Екі президент содан көп ұзамай тағы екі маңызды аймақтық оқиғаға, яғни Душанбеде өткен ШЫҰ басшыларының саммитіне және Астрахань қаласында өткен Каспий теңізі жағалау елдері президенттерінің саммитіне қатысты.
Өткен бір жыл ішінде екі мемлекет басшыларының екіжақты және көпжақты бағдарламалар аясында жеті рет кездесуі, тараптардың байланысындағы қолайлы әрекетті аңғартады, осы саяси жақындық іс-жүзінде, атап айтқанда, экономикалық және халықтар арасындағы алыс-берістегі екіжақты ынтымақтастықтарды дамытуға әсерін тигізеді деп үміттенеміз.
Хасан КАРРАБИ,
Иран Ислам Республикасы елшілігінің Орталық Азия елдері бойынша маманы.