• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2015

Ақталған арман

1108 рет
көрсетілді

* Қазақ хандығы-550 «Жігіттің жолбарысы, арланы бар, Ақиық, арғымағы, тарланы бар, жұтаса мал-дәулеті, оқасы жоқ, Татитын мал-дәулетке арманы бар», деп жыр дүлдүлі Қадыр Мырза Әлі айтқандай, мал-дәулеттен бұрын, халықтың арманын, ұлттың еркіндігін алға шығарып, осы жолдан өмір бойы танбаған арыстарымыз туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Абылай аңсаған азаттық» («Егемен Қазақстан» 2 қазан, 2013 ж.) атты мақаласында «Қазақ халқы талайлы тағдырында ұлтқа ұстын болған хандардан, ел қорғаған батырлардан, кемел билерден кенде болмаған», деп тайға таңба басқандай етіп жазған еді. Солардың бірегейі Абылай хан десек, өткен аптаның соңында Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Абылай ханның арманы» атты тарихи драманың тұсауы кесілді. Аталмыш қойылымды көруге Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықовамен бірге Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, елордадағы зиялы қауым өкілдері келді. Шығарманың авторы – белгілі жазушы, дарынды драматург Думан Рамазан болса, режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері талантты азамат Болат Ұзақов. Осы арада автор мен ре­жиссердің бұдан бұрын да «Кене­сары – Күнімжан» деген тарихи дүниені сахналап, көрермендердің ықыласына бөленгенін айта кету­ді парыз санаймыз. Жалпы, сөз ұс­тап, өнер қуған жігіттер тың із­­деністерімен қазақ деген жұрт­тың арғы-бергі тарихын қозғай отырып, аласапыран замандардағы ұлтымыздың ұлы қасиеттерін, береке-бірліктерін, алдыңғы тол­қын­­ның айтқанына көніп, ақыл­ман­дардың дегеніне иланудың жол-жоралғысын бүгінгі ұрпаққа тағылым етіп жүр. Жаңа қойылымдағы оқиға да ой-санаңа тың серпін береді. Шы­мылдық түрілгенде, төрден орын алған қазақтың қазыналы қариясы мен немере қысқа да нұсқа Қазақ хандығының 550 жылдығы биыл тойланғалы жатқанын, оған ұйытқы болған Елбасы екенін әңгімелейді. Одан кейін Абылай ханның жоңғар тұтқынына түскен кезінен бастап, халқы ақ киізге отырғызып хан көтерген сәті көз алдыңнан өтеді. Тұтқынға түскен Абылайға қоқаңдап қыр көрсеткен қалмақ батыры Жалбының «Мынау Шарыш ағамды өлтірген қанды қол қарақшы!», деп қоқаңдағанда, Қалдан Серен қонтайшының қызы – Топыш сұлу «Білем, бірақ ерлік жасап, батырлық танытатын жер бұл емес. Бұның ендігі тағдыры ұлы мәртебелі патшамыздың қолында», деп тойтарыс береді. Осы сәт сырттан Қалдан келеді. Абылай одан айылын жимай қасқайып қонтайшының қатарына бет алады. Жалбы (Қасымхан Бұғы­бай) бастағандар Абылайдың басын имекке тыраштанады. Ол «Дұшпаныма бас имеймін!» деген­де, жалпылдаған Жалбы «Иіл­мейтін бас кесіледі» деп түсін суытқанда, «Бастың иілгенінен, кесілгені жақ­сы» деп қасқайып тұрады. Бұ­дан кейінгі жердегі Абылай мен Қал­дан Сереннің ар­басатын тұсы «Айтшы, қане, бас батырым, Шарышты қалай өлтірдің?». «Қалдан, мен Шарышты жекпе-жекте өлтірдім... Сен секілді қапыда қолға түсіріп, ордамда қан қаптырған жоқпын! Бұлай істеу хан түгілі қараға да жараспас. Мен сияқты қапияда қор болмай, жекпе-жекте жан тапсырған Шарышта не арман бар?!» дейді де, мысқылмен «Сен арманыңды өзіңмен бірге алып барады екенсің ғой! Олай болса, арманда кетпей, кеудеңнен жаның шығар алдында ақырғы арызыңда айтып қал!» деп Қалдан сұс көрсеткенде «Иә, Шарышша қан майданда мерт болсам, арманым не?! Қайран күштің қызығын көре алмай, қапылыста қолға түстім. Бұл арман емей немене?! Кең-байтақ жеріме қала салдырып, қазағымды отырықшы елге айналдырсам деп едім. Ол ойымды орындай алмай, халқымды аңша жосыған күйінде қалдырып барамын. Болмаса, өзекті жанға бір өлім, ажал аса қор­қынышты емес! Тағы да арман етерім – төрт атадан бері жалғыз ем, ұрпағым жоқ еді. Бір өзімнің ғана емес, төрт атаның тұқымы тұздай құритыны жанымды жегідей жеп, өзегімді өртеп тұрғаны», деп бір қайырғанда Қалданның сұсты жүзіне қан жүгіргендей болып «Сен-дағы менің Ежен қарағымдай жалғыз екенсің ғой», дейді. Кескін-келбетіне көзі тойып, сөзі ет жүрегін елжіреткен Қалдан: «...өлімге қимайтын анық бекзат... Жеке киіз үй тігіп, сонда апарып ұстаңдар» деп бұйырады. Бұған Жалбы жар салып қарсылық көрсетеді. Бірақ Қалдан адуынды ақылсыздың сөзіне иліге қоймайды. Қайта қазақ жұртының батырлығына тәнті екенін тілге тиек етеді. Абылай мен Топыш арасындағы көңіл құсын аңғармаған болып ұшыратын қысқа әңгіме, Топыш пен Жалбының сөз қағысуы әсерлі шыққан. Абылай мен Әмірсана арасын­дағы алма-кезек сөз біраз құпияның бетін ашады. Екеуі қылышпен алақандарынан қан шығарып тұрып серттеседі. Бұл атам қазақ­тан қалған өз қолыңды өзің кес­пей­сің дегенді білдіргендей. Қал­дан Сереннің ордасына қазақ елшілерін Қазыбек би (Аманжол Молдахмет) бастап келеді. Алғаш­қы сөз сайысы қатқылдау басталып, артынан жүздеріне жылу жүгіреді. Әсіресе, Қазыбек бидің «...біз қазақ деген мал баққан елміз. Еш­кімге соқтықпай жай жатқан елміз, жай­лап жатқан мекеніміз, қасиетті қазақ даласы. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жерімізді жаулар баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Дәм-тұзымызды ақтай білген, досымызды сақтай білген елміз...», деп тегеурінді сөздерін термелей келіп, «...Шымырмын деме, шыныңды айт, шымшуырмен қайырылар. Қасарысқан хан болсаң, қарысқалы келгенбіз. Сен – қалмақ болсаң, біз – қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Сен – темір болсаң, біз – көмір еріткелі келгенбіз... Қане, қонтайшы, тыңдайық, қайтарасың ба ханымызды, бітімің мен жөніңді айт!» дейді қатуланып. Мына сөздің зорына, бидің алмас қылыштай жарқылдап тұрған түр-тұлғасына сүйсінген Қалдан «Қасарыссаң, ханды да жеңетініңе көзім жетті», деп біраз талаптарын айтып, Абы­лайды тұтқыннан босатады. Тарихи драмадағы тағы бір назар аударатын көрініс Топыш қыздың әкесіне жүрек қалауын айтуы дер едік. Іштен шыққан «шұбар жыланның» арбасып тұрған жұрт­қа бет бұрғанын алғашында ер тоқымын бауырына алған аттай тулағанмен, артынан «Көз жасыңа қалмайын! Бердім тілеуіңді», дейді. Осындай қарым-қатынас Абы­лай мен Қалдан Серен арасын­да жымдаса келіп, Қытай мен Ре­сейге байланысты ойларын орта­ға салады. Тотыдайын таранған Топыш сұлуды сеніп тапсырғаны үшін Абылай алғысын білдіріп, «Жақсылықты білмейтін тексіз емеспін!» деп аттанады. Топыш Абылайға Қасымдай ұл сыйлайды. Ендігі бір назар аударатын нәрсе, Абылай хан ордасындағы хан кеңесі. Кеңес үстіндегі Төле би, Бұқар жырау, Әйтеке би, Қазыбек би, Жәнібек тархан, Қабанбай батыр арасындағы ырғасулар, Абылайдың шамырқанып, айға шапқандай мінезбен сөйлеуіне әкеледі. «Мен кіммін? Иә, қанішер Абылайдың Уәлиінен қалған жал­ғыз тұяқ – Әбілмансұрмын!», деп өткен жолын тарата айтып, ел­дің жайын қозғайды. Ентелеген жау­дан ығып-бұғу қатер екеніне көз жеткізеді. Сөзге тоқтаған игі жақ­сылар бұра тарт­қан ойларынан қай­тіп, жұмған жұдырықтай бірігіп жауға аттанады. Жеңіс тұғырынан көрінеді. Шығармадағы тағы бір елеулі көрініс Қытай мен Ресей елші­лерінің Абылай хан алдына алма-кезек келуі еді. Алғашқы тұста Қытай елшісі На-Ванг (Дастан Әлімов) жорғалай басып келіп, өзінің жоралғысын ұранқайлар мен торғауыттарға шабуыл жасап, малдарын айдап кетіп жатыр екенсіздер деп ішкі қыл-қыбыр ойын жет­кізгенде Абылай: «Біз ешқандай да ұранқайлар мен торғауыттардың жеріне басып кіргеміз жоқ, тек кезінде солар иеленіп кеткен қазақ жерін өзімізге қайтарып алдық. Тарбағатай өлкесі, Ертістің жоғары алқаптары, Іленің бойы қазақтардың ежелгі мекені. Біз ол жерлерге қазақтарды қоныстандырамыз. Осыны императордың назарына жеткізіңіз», дегенде елші «Жоңғар­лар жайлаған жердің барлығы да біздің иелігіміз. Ал сіздер өз елдеріңіздің топырағын қапысыз қорғаңыздар... Сөзбұйдаға салса­ңыз­дар, ұлы патшамыздың қаһары­на ұшырайсыздар!» деп қыр көрсеткенде Абылай Цин им­периясы өзін Жоңғар ханды­ғы­ның құқық мұрагері санайтынын, шындығына келгенде, ол жерлер қазақтың атамекені екенін, бір кездері қалмақтар күшпен басып алғанын айтып, «Қандай күші асқан мемлекет болса да, егер бізге қоқан-лоқы жасаса, табандап қарсы тұрамыз! Алтай мен Аты­раудың, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұлан-ғайыр атырап, көшпелі қазақ жұртының бағзыдан бергі ірге тепкен атақонысы, алтын бесік ата жұрты», дейді де тиімді ұсы­нысқа қарсы емес екенін жет­кізеді. Қытай елшісі имене басып, иіліп келсе, ал орыс елшісі Иван Ураков (Кеңес Нұрланов) осқы­рынып, орта жүзге хан болып сайланғаннан кейін Петербургке барып, куәландырылған белгі алу қажеттілігін ескерткенде: «Мені халқым хан сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір куәлік алудың қажеті қанша?» деп оның жер туралы пікіріне «Жер – біздікі. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Сондықтан бас жаққа барыспайық, елші мырза», деп қайырып тас­тайды. Қытай мен Ресей арасын­дағы жайды қозғап барып, кім жағына шығасыз дегендей емеурін танытқанда Абылай: «Бізге бәрінен де тыныштық қымбат. Құдай қосқан көршілерімізбен тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбіт өмір сүргіміз келеді», деп сөз аяғын түйеді. Кезінде асып-тасқан Жоңғар мемлекетінің жойылуының «сыр-сипаты» тарихи драмада жан-жақты көрініс тапқан. Әсіресе, Әмірсана мен Топыштың арасындағы қасі­ретті сөздер жанды күйзелтеді. Бас­тағы бақты бағаламай, тақ таласы осы күйге түсіргенін Топыш көзінің жасын алты тарам етіп тұрып, Жоңғар мемлекетін құла­тып, халқының мойнына қыл бұрау салып, аяққа таптатқандарға қарғыс айтқан тұс, отпен ойнап опынған сәт кімге де болса сабақ бо­ларлық. «Ішімнің удай ашып, бара жатқаны-ай! Елжіреген елім-ай, қалжыраған халқым-ай!» деп зар төгеді кешегі Топыш сұлу. Абылай мен сүйкімді баласы Қасымның (Айбар Өмірбек) алма-кезек әңгімесі, ұлының әкесіне дулыға мен қылышты ұсынуы – ұрпақ сабақтастығын көрсетіп тұрғаны анық. Соңында хан бас­таған батырлар мен билер сахна төрінен көрінгенде, бүкіл азат қазақ елінің бүгінгі береке-бірлігі көз алдыңа келгендей болады. Әсіресе, басында айыр қалпағы мен иығындағы ақ шапаны, беліндегі кемер белдігі, от шашқан жанарымен астасып кететін хан тұлғасы жұртымыздың жұдырықтай жұмыр, білектей берік екенін дәйектейді. Осы арада Шәкәрім ақынның «Қазаққа Абылайдан өкіметті хан болды ма? Алғашқы хан болғандағы арманы – қала салғызбаққа 70-ке келгенше жетпіс үйдің басын бір жерге қоса алды ма? Елі білмей, өзі білген ер – дарияның жүзіндегі жанқадай ағынға амалсыз айда­лып жоғалады да» деген сөзі ойға оралады. Басы бірікпеген Жоңғардың жоғалуын жоғарыда айттық. Тарихи драманың өн бойында Абылай хан бастаған батырдың, бабалардың қиын-қыстау кезеңдегі ақыл-парасаты, көрегендігі әдемі баяндалған. Былайғы кезде жеке жүргендей көрінгенмен, елдік іске келгенде ұйысып кететін сәті шыққан. «Ай­барлы Абылай аңсаған асқақ ар­ман­ға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ ж­етті» деп, Президент Нұрсұлтан На­зар­­баев айтқандай, қазақты бүгін­­гі күнге жеткізген осы береке-бірлігі. Бірте-бірте ширап, ширыққан, шыңдалған Абылай бейнесін бұған дейін Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің тұлғасын кинода сомдаған, «Дарын» мемлекеттік сый­лығының лауреаты Қуандық Қыстықбаев, Қалдан Серенді та­лантты актер, тірі Мұ­қа­ғали атанған Жанқалдыбек Төлен­баев, болмысы бөлек Жол­­барыс сұлтанды Жәнібек Мұсаев, Әмірсананы Ержан Нұрым­бет, Топыш сұлуды Айман Қарп­сейітова, билерді ха­лық әртісі Тілек­тес Мейрамов және Болат Ыбыраев, батырларды Мейрам Қайсанов және басқалар ойнады. Қойылымның соңында Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қа­лықова тарихи тақырыптағы атал­ған спектакль Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Қазақ хан­дығының 550 жылдығын мерекелеу жөніндегі тапсырмасы бойынша қойылып отырғанына ризашылығын білді­ріп, біз жоғарыда дәйек келтір­ген Президенттің Абылай хан­ның 300 жылдығына арнаған ма­қа­ласында аталып өтілген ішкі ын­ты­мағымызды, сүттей ұйыған тату­лығымызды айтып, осындай тарихи дүниені шығарған ұжым­ға ілтипат танытып, шаңырақ ке­ңейсін деген тілегін жеткізіп, гүл­дестесін тапсырды. Театрдың көр­кемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, та­ри­­хи драманы көруге келген жұрт­шылыққа ризалығын білдіріп, қазақ өнері туралы, әсіресе, театр жа­йына тоқталып, елордада бой көтер­ген сәні мен салтанаты келіс­кен еңселі үйлерді көз алдыға елес­тетіп, алдағы уақытта сондай жаңа ғимарат Қазақ театрына да бұйы­рады деген үкілі үмітін алға тартты. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».