• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2015

Қолөнер мен фотоөнер

1304 рет
көрсетілді

Қыстың шытырлаған сарышұнақ аязында, жаздың шіліңгір аптабында қара базарда, құрылыста жүрген өндірдей қарагөздерді көріп, неге жастарымыз түрлі кәсіпті игермейді дейтін ой көбіміздің басымызға келген. Өзге ұлттың жігіттерінен тұратын, бармағынан бал тамған аспазды, шебер шаштаразды, ағаш ұсталарын көргенде неге біздің балалар бойында бар қабілетке емес, жұртқа қадірлі болып көрінетін мамандықтарға қарай жүгіреді деген сұрақ сөзсіз көлденеңдейді. Сол сияқты, өзге ағайындар фото­­өнерді түпкілікті игеріп жүр­ген­де, тоңдырмайтын, аш қал­дыр­май­тын осындай кәсіптерді кәсіп­қойлық тұрғыда игеруге қазақ бала­­сына не кедергі деп талай ой­ла­­ған­быз. Бас басына бастық болу қай­да? Дегенмен, басшы да, қосшы да болмай-ақ өз ісінің майталманына айналған абыройлы замандастар бар. «Жігітке жеті өнер аз» дегенді кәсіпқой фототілші Жеңіс Ыс­қа­байға қаратып айтуға болар еді. Егер ол өзі ойған ағаш төсек, өз қолымен қалпына келтірген жәді­гер жиһаздарды әлеуметтік желі­лерде көрсетпегенде, оның 2000-шы жылдары «Азия дауысы» деген халықаралық байқаудың болғанын, шетелден келген өнерпаздарға, оның ішінде, жүлделі орын алған жеңімпаздарға өз қолынан шыққан ұлттық музыкалық аспаптардың кішкентай бір бөлшегін сыйлап отырғанын ұмытқан да екенбіз. – Егер мен қазір ақша қусам – тек тойларды фотоға түсіріп, соған тоғайып жүре беруіме болар еді. Мен үшін фотоөнер, ағаш ою, сурет – мұның бәрі де шығармашылық, күн­делікті ізденіс пен оқудан тұра­ды. Бір бұйымды жасауға кей­де бір ай, кейде екі ай кетеді. Ескі жұмыстарыма қарап, кей дүниелерді дұрыс жасағаныңды түсінесің. Бірақ, тірнектеп жинаған білімнің арқасында ғана сапалы дүниелер шығып жатыр. Студент кезімде жәй фотоаппаратқа сурет түсіріп жүрдім. Әке-шешем берген қаражаттың тең жартысын осыған жұмсайтын едім. Келе-келе әскерде жүргенімде қолыма «Зенит» фотоаппараты түсті. Оның сапасын көріп, фото түсі­руге одан да қатты қызыға бас­та­дым. Бұл іс мені «Алматы ақшамы» газетіне фототілші етіп алып келді. Сол жылдардағы тәжі­рибем мені Серік Үмбетовтей ел аға­сымен табыстырды. Мен ол кісі­нің жеке фотографы болып жүр­генде, осы кәсіпті терең мең­ге­руге көп мүмкіндік алдым. Серік Әбікенұлы маған ең бастысы шы­ғар­машылық еркіндік пен жеке каби­нет берді. Бүкіл фототехника­мен қамтамасыз етті. Осыдан кейін жұмысым нәтижелі бола бастады. Фотошығару ісінде жоғары сапа­ға көтеріле бастаған тұс та осы. Құр фотоға түсіріп қоймай, жұ­мыс­­тарыма ұлттық нақыш беріп, фотоны әрлеудің соңғы жетіс­тік­терін үйрендім. Сурет бетін ақын­дардың өлеңдерімен, жур­налис­тердің мақалаларымен то­лық­тырып әрлесем, авторларын тас­тамай көрсетіп, фотоальбомдар­ды толық мәлімет беретіндей етіп жасадым. Елдің бәрі сол кезде маған «Сен жақсы фотографсың» деп мақтау айтып жүрді. Бірақ, мен өзімді әлі күнге дейін мықты фотографпын деп есептемеймін. Ал негізгі мамандығым – сәулетші. Бірақ, мен көп уақытты суретші ұстазым Геннадий Пактың шеберханасында өткіздім. Инемен құдық қазғандай әртүрлі қолөнердің қыр-сырын үйрендім. Геннадий Борисович «Адам қартайғанша оқу оқыса да, көп нәрсені білмей кетеді» деп айтып отыратын. Сол рас екен. Сондықтан, бәрін білу мүмкін емес, тіпті, кейде біліп тұрғаныңды да ұмыта бастауың мүмкін. Ал фотография қолмен салынатын сурет өнерінен бір ғана айырмашылығы бар. Ол – жылдамдық. Қас қағым сәтті тарих қойнауына енгізу. Жазуды оқуға, бейнебаянды көруге уақыт керек. Ал, фотографияның ерекшелігі көзге түскен бойда көз алдыңа өткен шақты алып келеді. Ал ағаш ою өнеріне қалай кел­дім. Сақпай атам шебер болатын. Әкем де, бауырлары да бәрі өнерлі. Бірақ ешқайсысы кәсіп етіп, дамытпаған. Атам қырық өрме қамшы өргенде кем кетіксіз өре­тін. Қамшыларын неше түрлі темірмен әшекейлейтін. Сол Сақпай атам жылқышы болды. Ешкіммен шаруасы жоқ, өз ісін ғана білетін адам еді. Оған қамшы керек, ер-тұрман керек, соның бәрін өзі ағаштан ойып жасай беретін. Бұл кісінің қамшысындай қамшыны әлі көрмедім десем де болады. Бұл өнер сол Сақпай атамнан жұққан шығар?! Ағаш жиһаздарды жасауға шәкіртім «Дарын» мектебінің түлегі Бейбіт Сәрсенбайұлы көмектесіп жүр. Сонымен, біраз өнерді бойына жинаған қазіргі заманның баласына табыс көзі қайдан? Жеңіс­ті қолынан келетін барлық ісі кезе­гімен асырап отыр десе де болады. – «Жусан» студиясы – менің шығармашылық әлемім. Мұнда кез келген адам келіп фотоға түсе салмайды. Бағасына көнсе – түсе­ді. Түсірген суреттердің бәрін шеті­нен қолдарына ұстата салмай­мын. Өзіме ұнамаса, ол суретті иесіне бермеймін. Көңілімнен шыққанша жұмыс істей беремін. Кейбір фотолар бір айға дейін дайын болмайды. Кей тапсырысты төрт ай бойы жасаған кезім де болды. Фотоөнер де кейде жылдам, кейде баяу жүреді. Қазір қазақтың күрес өнерін дамытып отырған «Қазақстан барысы» жобасымен келісімшартпен жұмыс жасап жүрмін. Үш жыл болды, жарыстарын түсіремін, фотошежіресін, альбомдарын жа­сай­­мын. Бүкіл Қазақстанның бар­лық түкпірінен жиналған балуандар «Жусан» студиясында болды. Фотоөнер – мен үшін кәсіп, Қолөнері – атамнан қалған мұра. Бұл мен үшін ермек. Онымен түпкілікті айналысып кететіндей үлкен кәсіпкер емеспін. Әркім, өзінің кәсібін сүйіп істеуі керек. Ағайын-туысты салып алған мамандыққа деген махаб­батың болмаса, ол істі сапалы атқара алмайсың және оған құлқың да болмайды. Алысқа бармай-ақ, осы фотография саласын алсақ та, шыртылдатып шетінен түсіре берсем, фотограф болып шығамын деп ойлайтындар жеткілікті. Бұл өнер екенін көбісі түсіне бермейді. Мысалы, мүсіншілікті, қала безендіру ісінде жүрген сапасыз жұмыстарды ала­йықшы. Көркемдігі, тепе-тең­дігі сақталынбаған жұмыс­тар­ды кәсіпқойлар бірден бай­қай­д­ы. Кейбір ескерткіштердің ансамблінің үйлесім таппауы, мүсіндерді анатомиядан мүлде хабары жоқ адамдар жасағандай көрінеді. Бір түйір лирикасы жоқ, сананы селт еткізбеген туындылар – ізденбеудің, өз кәсібіне жоғары деңгейде машықтанбағандықтан. Өзіне еш көңілі толып көрмеген, үнемі ізденіс, ұдайы жетілу жолында жүрген Жеңіс Ысқабайды фотоөнер – еліміздегі ең айтулы оқиғаларға ортақтастырды. Жақ­сы­лармен жолдас етіп, жай­саң­дардың тағылымымен қауыш­тыр­ғаны сөзсіз. Фотоөнер – бұл да өнердің өнері. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар