Байқау 20 Наурыз, 2025

Студенттердің шеберлік сайысы

279 рет
көрсетілді

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 1-курс студенттерінің «Фемида – 2025» кәсіби сайысы өтті. «Құқықтану» және «Әкімшілік әділет» білім бағдарламалары бойынша бес команда арасында өткен сайыс елімізде заң мен тәртіп идеологиясын тереңдету бағытына арналып отыр.

Бес кезеңнен тұратын сайыс­қа облыстық соттың әкім­шілік істер жөніндегі сот ал­қасының төрағасы Жанат Оспанова, Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агентті­гінің Қызылорда облы­сы бойынша департаменті бас­шы­сының бірінші орын­баса­ры Айдос Жүнісов, Қор­қыт ата атындағы Қызыл­орда уни­верситеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы комп­лаенс-офицері Әлібек Жап­пасбаев қазылық етті.

«Сәлем – сөздің анасы» деп ата­ла­тын алғашқы бөлімнен-ақ сту­дент­тердің сайысқа тыңғылықты дайындалғаны байқалды. Кейбір топ өздерін әнмен таныстырса, тағы бірі қоғамдағы келеңсізсіздікті көрсететін шағын қойылым қойды. Командалар өнері 5 балдық жүйе бойынша бағаланды.

Қоғамда заң мен тәртіп идеоло­гиясын терең ор­нық­тыру мақсатында ұйым­дастырылған сайысқа қазылық еткендер жастардың жан-жақты әзірленгенін айтады. «Студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, сала маманына қажетті қасиеттерге баулуды көздейтін сайыста жастар білімдерінің тереңдігін, шығармашылық ізденіс­терін көрсетті. Осындай креативті жастардан білікті маман шығарына сенім мол», дейді облыстық сот­тың әкім­шілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанат Оспанова. 

Ал университеттегі сыбайлас жем­қорлыққа қарсы комплаенс-офи­цері Әлібек Жаппасбаев бүгінгі іс-шарада бірінші курс студенттері заң мен тәртіп  әділеттіліктің басты шар­ты екенін көрсете алғанын атап өтті.

Сайыс қорытындысы бойынша «Ю-24-7» тобы І орын иеленсе, одан кейінгі орындарды «Ю-24-1» және «Ю-24-9» командалары алды. Ал сайыстың бас жүлдесі  «Ю-24-3» тобына бұйырды.

Үздік командаларға арнайы дип­лом­дар мен алғыс хаттар табыстал­ды.

 

Қызылорда