• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2015

«Тендердің» талабында темір жәшік те болса...

323 рет
көрсетілді

Айлап-апталап кешіксе де ауылда тұратын ағайынды газет-журналдың өзі іздеп барады. Былайша айтқанда, баспасөзге жазылған болса, сөмке асынған пошташы, әйтеуір, бір жеткізеді. Ал қала­дағы ағайындар жазыл­ған газет-журналдарын өз­дері іздеп жүреді. Өйткені, қала­дағы қай үйдің кіреберісінде баяғыдай поштаның темір жәшігі бар дейсіз? Содан үйде күндіз ешкім болмай, есікке қыстырып кеткен газеттің қолды болатыны бар. Ақша шығарып, біреу жазылады, екінші біреу қолтығына қыстырып кетіп, қызығын көреді. Рас, ауылға қарағанда қала халқының газет-журналға жазылуға деген ықыласының кем болатыны баяғыдан бел­гілі. Бәлкім, олар көше бойын­дағы дүңгіршектерден сатып ала салғанды оңай көретін шы­ғар. Мүмкін қолындағы ала­қандай ұялы телефон ар­қылы жаңалықтың беттерін парақтап, кеңсе түгілі жеке пәтерлердің өзін өрмекшінің торындай шырмап алған интернеттен бәрін оқып отырамыз дейтін шығар. Қалай айтсақ та, қалалықтардың ақ­парат алуда мүмкіндігі мол екені рас. Бірақ, шаһар жұртының газет-журналға жа­зы­лайын деген қадамының кібір­тіктей беруіне бір жағы осы темір жәшік те кінәлі сияқты. Шынын айту керек, көпқабатты үйде тұратын­дар газет-журналдарының аман-есен қолына тиетініне сен­бейді. Әйтпесе, қалада да күн сайын газет қарамаса ішкен асы бойына сіңбейтін көзі қарақты оқырман көп. Қит етсек: «Баяғыда ондай еді, мұндай еді...», деп өткен­ді аңсап шыға келеміз. Әрине, айтуға тұрарлық дүние болғаннан кейін айтылады да. Бұрын осы пошта жәшіктерін орнатуды сол үйдің құрылысын жүргізетін мердігер мойнына алады екен. Қазір де елімізде қаптаған құрылыс. Мердігерлер зәулім үйлер адам баласына ыңғайлы, жайлы болу үшін барлығын жасауда. Бірақ, поштаның осы темір қорабына ешкімнің көңілі түспей тұр. Бәлкім олар­­ды да кінәлауға болмас. Өйткені, темір жәшіктер «тен­дердің» темірдей талабынан әлдеқашан шығып қалған. Жоғарыдан: «Міндетті түрде болсын», деген пәрмен бол­ма­ғаннан кейін қай құрылыс басшысы өзі біліп қолға алсын?! Меніңше, поштаның темір жәшігі анау айтқандай қымбат тұрмаса керек. Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровтың есептік баян­дамасында 573,5 млн. теңгеге 65 пәтерлік екі үйдің құрылысы салынып жатқаны айтылыпты. Ал енді осы үйлерге 6-7 жәшік орнатылу керек. Олардың бағасы жарты миллион теңге бола ма, жоқ па, әй, қайдам... Былайша айтқанда, миығынан күлген миллиондардың табанының астында жататын сома. Бәлкім бұл шаруаны мердігерлер демеу­ші ретінде өздері-ақ ат­қарып тастар. Әйтеуір, осы іске басшылардың талабы, ықыласы керек. Көп­қабатты үйлердің кіреберісі газет-журнал салатын жәшік­тер­ден көз тартып тұратын күн болар ма екен?! Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.