Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде бейнелеу өнерінің біртуар тұлғасы Орал Таңсықбаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрме Өзбекстан Республикасының мәдениет және өнерді дамыту қорының ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан Республикасы Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның жазушылары, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Көрмеге Ташкент қаласындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Орал Таңсықбаевтың музей-үйінен және Нүкіс қаласындағы Қарақалпақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінен келген, сонымен қатар Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қорынан алынған суретшінің ерекше стилін, шығармашылық мұрасын және ұлттық кескіндеменің дамуына қосқан үлесін көрсететін 78 кескіндеме және графика туындылары қойылды.
Экспозиция – Орал Таңсықбаевтың өмірі, оның драмаға толы шығармашылық тағдыры мен шебердің қолтаңбасының күрделі эволюциясы туралы, бастапқы кезеңдердегі модернистік эксперименттерден бастап, терең символизм мен философиялық мағынаға толы монументалды пейзаждарға дейін кеңінен таныстырады. Көрмеде О.Таңсықбаевтың орыс авангардының және француз модернистерінің ықпалын көрсететін алғашқы туындыларына ерекше назар аударылған. Экспонаттар арасында атақты «Күрең күз» (1931), «Автопортрет» (1935) картиналары, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғысы кезеңіндегі туындылар мен «жылымық» кезеңінің көрнекті пейзаждары ұсынылды.
Өз сөзінде Аида Балаева Орал Тансықбаевтың өнері екі елдің халқын жақындастырып, санғасырлық достық пен өзара түсіністікті нығайтуға үлес қосқанын атап өтті.
«Ол туған жері Өзбекстанның көркем табиғаты мен тау-тасын шынайы әрі асқан шеберлікпен бейнелеп, өнерсүйер қауымның жоғары бағасын алды. Айта кетерлігі, Орал Таңсықбаев Әбілхан Қастеевпен бір жылда дүниеге келген. Екі азамат та өз елдерінде ұлттық көркемсурет мектебінің қалыптасуына ықпал етіп, кейінгі толқын жастарға әсер етті. Олардың шығармашылығы – туған жеріне, халқына, табиғатына деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі», деді министр.
Сондай-ақ Аида Балаева Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени саладағы белсенді ынтымақтастығын атап өтті. Министрдің айтуынша, кейінгі жылдары мәдениет күндері, кино күндері, театр гастрольдері мен көркемөнер көрмелері жемісті ұйымдастырылып келеді.
Саида Мирзиёева өз кезегінде көрменің ұйымдастырылуына ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени диалог пен ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Көрмені тамашалаған кейін С.Мирзиёева өз телеграм-арнасында: «Бұл бірегей көрме қылқалам шебері шығармашылығының бастапқы кезеңіндегі эксперименттер мен толысқан кездегі туындыларының даму сатыларын көруге кең мүмкіндік береді. Таңсықбаевтың шығармашылығы Қазақстанмен тығыз байланысты өркен жайды. Ол көп еңбектенді, Әбілхан Қастеевпен дос болды», деп жазды.
Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрме осы жылдың маусым айына дейін жалғасады. Көрме бейнелеу өнеріндегі көшбасшы тұлғаны ұлықтауға арналған ұлт руханиятындағы маңызды мәдени оқиға ғана емес, жаңа кезеңдердің замандасы болып қала беретін жасампаз суретшінің ұлы мұрасын зерделеудің жаңа бастамасы болмақ.
АЛМАТЫ