Аймақтар 21 Наурыз, 2025

Абай облысының әкімі аудандардағы ахуалмен танысты

80 рет
көрсетілді

Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Көкпекті, Жарма аудандарына барды. Ондағы әлеуметтік, мәдени маңызды нысандарды аралап, аудандардың ахуалымен танысты.

Көпір және көлік қатынасы

Аймақ басшысы жұмыс сапарын Көкпекті ауылындағы көпірдің жағдайымен танысудан бастады. 1979 жылы салынған көпірдің ұзындығы – 104 метр, ені – 8 метр. Әзірге халықтың кәдесіне жарап тұрған құрылыс нысаны біршама ескіргені байқалады. Аудан әкімі Әділет Қожанбаев нысанға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін тиісті басқармаға бюджеттік өтінім берілгенін айтты.

Көпірдің күйін көрген аймақ басшысы күрделі жөндеуден өткізудің маңызды екенін жеткізді. Бұған қоса қар қалың түскен аудандағы басшыларға су тасқынына дайындықты күшейтуді, елді мекендердегі қауіпті аумақтарды күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі аудан орталығындағы автобекетті жаңғырту жұмысымен танысты. Автобекет ғимараты 1976 жылы салынған. Бұған дейін қараусыз тұрған нысан қазір жеке инвестордың қаржысы есебінен жөнделіп жатыр. Жоба құны – 55 миллион теңге. Аудан әкімі ғимарат құрылысы екі ай көлемінде аяқталып, пайдалануға берілетінін айтты.

Аймақ басшысы тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданға автобекеттің аса қажет екенін айта келе, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар аудандағы инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты жандандыру да айтылды.

«Алдағы уақытта облыста инвестициялық форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Туған жеріне қолдау көрсеткісі келетін азаматтармен болашақ жобаларды бірлесе талқылаймыз. Біз өз тарапымыздан жан жақты қолдау білдіреміз. Бұл «Азаматына қарап, ауылын таны» деген екінші жобамен жалғасады. Мемлекет басшысы да мұны жиі айтады. Ауылдан шыққан азаматтар туған жеріне қолдау білдіруі керек. Осы бағытта жұмыс істейміз», деді облыс әкімі.

Мектеп пен аурухананың мән-жайы

Облыс басшысына аудандағы әлеуметтік нысандарға нақты қажетті мұқтаждықтар айтылды. Оның бірі – Көкпекті орта мектебі. 600 орынға шақталған мектепте бүгінде 631 оқушы білім алып жатыр. Бұл ғимаратқа күрделі жөндеу қажет.

«Облыстық Білім басқармасы өкілі аймақ басшысына мектепті 2026 жылы күрделі жөндеуден өткізу жоспарға кіргенін айтты. Облыста бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 75 мектеп бар. Бұл тізімге Көкпекті мектебі де енген», дейді облыс әкімдігінің баспассөз қызметі.

Аудан орталығындағы 427 оқушы білім алатын Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектебі былтыр «Қазақстан халқына» қорының көмегімен күрделі жөндеуден өтіпті. 27 кабинет толық жаңартылып, заманауи білім беру технологияларымен жабдықталған.

Бұдан соң облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті аудандық аурухананың жағдайымен танысты. 2010 жылы пайдалануға берілген аудандық ауруханада 243 адам еңбек етеді екен. Медициналық мекемеде 40 төсек-орын бар. Хирургия, инфекция, гинекология, терапия және педиатрия бөлімдері жұмыс істеп тұр.

Дәрігерлердің айтуынша, былтыр аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Шатыры толық ауыстырылып, жылу жүйесі жаңартылған. Биыл ғимараттың қасбетін жөндеу және «Жедел жәрдем» блогының кіре берісін реконструкциялау жобаларына қаржы бөлінген. Ғимараттың іші, терезелері, есіктері мен едені жөндеуді қажет етеді. Ауруханада гинеколог, анестизиолог, хирург мамандары жетіспейді.

«Аудандық аурухана заман талабына сай жабдықталуы тиіс. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті көмек көрсетеміз. Аудан әкімі аурухана басшылығымен бірлесіп, дәрігер мамандарды жұмысқа тарту, баспанамен қамту мәселесін шешіңіздер. Медициналық нысанда жүргізілетін құрылыстың сапалы болуын бақылауда ұстаңыздар», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Көкпекті ауданындағы Оқушылар шығармашылық сарайы да назардан тыс қалған жоқ. 1984 жылы салынған ғимарат әуелде Балалар үйі болған. Кейін жабылып, 2022 жылы қайта ашылыпты. Қазір мұнда мәдениет, білім бөлімдері және аудандық кітапхана орналасқан. Орталық көркемдік-эстетикалық, музыкалық-эстетикалық, әлеуметтік-педагогикалық, спорт-туризм және техникалық сынды бес бағытта жұмыс істеп тұр. Онда қазір 56 педагог 1 050 балаға қосымша білім береді.

Аймақ басшысы орталық жұмысымен танысып, әртүрлі үйірмеге қатысатын оқушылардың өнерін тамашалады. Облыс әкімі орталықтың балалар мен жастар үшін маңызды әлеуметтік-мәдени алаң екенін айта келе, жұмысты одан әрі жандандырып, үйірмелер санын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, осындай тәжірибені басқа аудандарда да енгізу керектігін айтты.

Мөрті келгенде өңір басшысы жергілікті ақсақалдармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қазыналы қариялармен жүздесу барысында өңірде қолға алынатын жобалар мен тың бастамалар туралы да айтылды.

«Жақында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жаңадан ашылған облыстар мен аудандарға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Президенттің қолдауымен облыс орталығы – Семей қаласында облыстық аурухана, еңселі, жаңа театр салынады. Семейдегі Оқушылар сарайының құрылысын толық аяқтау үшін қаржы бөлінетін болды. Бұл – үлкен қолдау. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге тың серпін беретін бастамалар», деді аймақ басшысы.

Өмірден көрген-түйгені көп көнекөз қарттар жұмыс сапарымен жүрген делегацияға алғаусыз ақ тілектерін білдірді.

Жарманың жайы қалай?

Бұдан соң облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданына арнайы ат басын бұрды. Әкім әуелі аудандағы жұмыс сапарын Шуақ кентіндегі жылыту қазандығының жағдайымен танысудан бастады. Қазандық кенттегі 12 нысанды, соның ішінде 8 көпқабатты тұрғын үй, мектеп, балабақша және басқа да мекемелерді жылумен қамтамасыз етеді. Ондағы жылу желісінің жалпы ұзындығы – 5,4 шақырым. Алайда оның 95% әбден тозығы жеткен. Жылу желісін күрделі жөндеуден өткізу үшін 382 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазір тиісті министрлікке бюджеттік өтінім әзірленіп жатқанын айтты аудан басшысы.

Осы ретте облыс әкімі Энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік өтінімді тезірек әзірлеуді тапсырды.

«Тозығы жеткен жылу желілерін жөндеу – өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі. Жақында Аягөз қаласындағы «Орталық» жылу қазандығына қарасты жылу желілерінде ақау шыққан болатын. Мұндағы 10 шақырымға жуық жылу жүйесін жаңарту үшін 571 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Үкімет қолдау көрсетіп, тиісті қаржы бөлеміз деп отыр. Сондықтан бұл жұмысты жедел қолға алуымыз керек», деді Б.Уәли.

Аудандағы маңызды нысандардың бірі – Қалбатау ауылындағы Оңалту орталығы мен Шар қалалық ауруханасы.

«Оңалту орталығында бүгінде 327 адамға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Мекемеде 99 адам жұмыс істейді. 1981 жылы салынған орталықтың ғимараты жөндеуді қажет етеді. Нысан мүгедектігі бар адамдарға бейімделмеген. Жабдықтар да ескірген», дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек.

Сондай-ақ ол ауданға мұндай мекеменің маңыздылығы зор екенін жеткізді.

«Егер халық тарапынан сұраныс болса, шағын 50 орындық типтік оңалту орталықтарын салу керек. Мұны бір жүйеге келтіріп, бірыңғай үлгідегі ғимараттарды барлық аудан орталықтарында жүзеге асыру мәселесін қарастыруымыз қажет. Ұсыныс беріңіздер», деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Шар қалалық ауруханасының жұмысымен де танысты. Медициналық мекемеде 206 адам еңбек етеді. Ауруханада терапия, педиатрия, хирургия және акушерлік-гинекология бөлімдері бар. Құрал-жабдықтардың 76%-ы жаңартылған. Алайда аурухана емханасының жылу желілері ауыстыруды қажет етеді. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіпті. Медициналық мекемеде анестизиолог, хирург, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандары жетіспейтіні де айтылды.

Аурухананың бас дәрігері облыс әкіміне медициналық нысан жанында үш қабатты ғимараттың бос тұрғанын айтып, соны қайта жаңғыртып, ауданаралық оңалту бөлімін ашса деген ұсынысын жеткізді.

Аудандық ауруханада жұмыс істеп жүрген жас маманның бірі – Абай Әлімжанов.  Оның айтуынша, ауданда тұрақтау үшін тұрғын-жай керек.

«Мен оқуымды Семей мемлекеттік медициналық университетінде он жыл оқып бітірдім. Туған ауылым – Үржар. Қазір Шар қаласында жұмыс істеп жатырмын. Мамандығы – анестизиолог, реаниматолог. Мұнда маман тапшылығы қазір болмағанымен, болашақта кардиолог, невропатолог мамандар қажет.  Ал оларға үй-жай керек. Өзім қазір осындағы туыстарымда тұрып жатырмын», дейді жас маман.

Өңір басшысы аудан әкімі мен медициналық мекеменің бас дәрігеріне жас мамандарды жұмысқа тарту, баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

«Қалалық аурухана заман талабына сай жабдықталуы тиіс. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы арқылы мекемені жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін боламыз. Тиісті ұсыныс, өтінімдерді осы бастан беріңіздер», деді облыс әкімі.

Колледж және кен орны

Бұдан кейінгі бағыт –  Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны болды. Облыс әкімі әуелі Шар қаласындағы Жарма технологиялық колледжінің жұмысымен танысты.

«Колледжде бүгінде 135 студент 5 мамандық бойынша білім алып жатыр. 72 студент жұмысшы мамандықтарын оқиды. Инженерлік-педагогикалық құрамда 33 оқытушы бар. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары» жылына орай Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының тапсырысымен биыл екі жаңа мамандық ашу жоспарланып отыр», дейді колледж қызметкерлері.

Кен орны колледжбен тығыз байланыста жұмыс істейді. Студенттер теорияны тәжірибемен ұштастыру мақсатында эксковатор мен БелАЗ тау-кен техникасының жаттығу кешенін сыйға тартқан.

Оқу орнына былтыр облыстық бюджеттен 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базасы толық жаңғыртылыпты.

Аймақ басшысы жаңғыртылған колледжді аралап, білім ордасының жұмысына жоғары баға берді. Оқу орнының тәжірибесін өңірдегі басқа колледждерге енгізу керектігін айтты.

«Президент биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жариялады. Колледжде жұмысшы мамандықтарын дайындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Осы жұмысты жалғастыру керек», деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы аудандағы сапары барысында аймақтағы ірі өндіріс нысандарының бірі – Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында болды.

Алтын өндірумен айналысатын кәсіпорын өндіріс көлемін жылдан жылға арттырып келеді. Өндірісте 1 525 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын 2023 жылы бюджетке 62,3 млрд теңге, 2024 жылы 75,2 млрд теңге көлемінде салық төлеген. Мұндағы карьерлік өндіріс 2030 жылға дейін жалғасады. 2027 жылы жерасты кенішінің құрылысы басталады екен.

Облыс әкімі кәсіпорынның жұмыс процесін бақылап, өндіріс орнының басшылығымен аймақ экономикасына қосатын үлесін арттыру бойынша пікір алмасты. Қызметкерлердің жалақысын инфляцияға сай айырмашылығын ескере отырып, көтеруді ұсынды. Сондай-ақ, облысқа әлеуметтік нысандар салуға көмек көрсетуге шақырды. Өңірдегі іргелі кәсіпорын ретінде Ұлы Абайдың 180 жылдығына тарту жасау керектігін айтты.

36 оқушы 2 ауысымда білім алып жүр

Сапар соңында Жарма ауданына қарасты Шар қаласындағы Карелин атындағы орта мектебі мен Новотаубинка бастауыш мектебінің жағдайымен танысты. Новотаубинка бастауыш мектебі 1964 жылы балабақша ретінде салыныпты. Қазір 36 оқушы 2 ауысымда білім алады екен. Ғимараттың қабырғалары жарылып, апатты жағдайда тұр. Электр желілері мен су құбырлары да ескірген. Спорт залы, кітапхана, мұғалімдер бөлмесі және медициналық пункт мүлдем жоқ. Ауылдың 5-11 сыныптарындағы 42 оқушы Суықбұлақ ауылына автобуспен барып оқиды.

Мектеп директорының айтуынша, жаңа ғимарат салу мәселесі 2011 жылдан бері көтерілген. 2 қабатты, 100 орындық мектеп салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Содан бері аядай үйде үміттене жүріп, білім беру жұмысын жалғастырып келе жатқан мұғалімдердің жанкештілігене риза болдық.

Облыс әкімі жағдайды өз көзімен көріп, жағдайды жіті сезінген соң, көп сөзге келген жоқ, бірден жаңа мектеп салу қажет екенін, оған қолдау білдіретінін кесіп айтты.

«Балалардың қауіпсіздігі – бәрінен де маңызды. Үлкен жолдың бойында орналасқан Суықбұлақ ауылының келешегі зор деп ойлаймын. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады. Тиісті шешім қабылдаймыз», деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар