Тұлға 28 Наурыз, 2025

Алаш мұратына адалдық

159 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз кезінде елге қызмет етудің үздік үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олардың мұрасын жастарға және әлемге паш етуіміз керек», деген болатын.

Алаш арысы М.Дулатұлының күрескерлік жолға түсіп, қай­раткер ретінде қалып­тасуы­на А.Байтұрсынұлы ықпал етті. Айта­лық, 1904 жылдың басында А.Байтұрсын­ұлы мен М.Дулатұлы Алаш азаматтарын патшаға қарсы күреске шақырып, үндеулер таратады. Бұл турасында мір­жақыптанушы ғалым, филология ғы­лымдарының докторы Марат Әбсеметов былай деп жазады: «Жақаң 1905 жылы 17 қазанда Ресей үкіметіне қазақ хал­қы атынан жолданған Қарқаралы құ­зыр­хатын дайындаушылардың бірі бол­ды... 1905–1907 жылдары Зайсан уезін­дегі Бекмұхамбет қажы ашқан қазақ мектебінде сабақ береді». Кейін М.Дулатұлы Омбы қаласында Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы және басқа ұлт белсенділерімен кездеседі.

Газеттің қоғамдағы рөліне мән берген Міржақып «Серке» газетінің ашылуына мұрындық болады. Газеттің ал­ғашқы нөмірінде оның «Қазақ жас­тарына» деген өлеңі басылады. 2-нөмірінде «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы жарық көреді. Онда Міржақып 1905 жылы Қарқаралыдағы баскөтеру мен Оралдағы съезде қазақ халқының айтқан талаптарын жинақтап көрсе­теді. Ақиқатты ашық айтады. Сол үшін Петербург баспасөз істері комитеті «газеттің осы нөміріне қатысты барлық адамдар жауапқа тартылсын» деген ше­шім қабылдайды. Әйтсе де Міржақып күрес­керлік жолынан таймайды. Мұның бәрі Міржақыптың саяси-әлеуметтік көзқарасының қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Міржақыптың көсемсөздері, әдеби-көркем сындары, өзге де материалдары «Серке», «Қазақ», «Бірлік туы», «Кедей сөзі», «Ақ жол», «Ауыл тілі», «Еңбекші қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Қызыл Қазақстан» журналдарында жарық көрді. Ол журналист ретінде «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Ақ жол» газеттерінде қызмет етеді. Қазақ еліндегі жылт еткен жақсы жаңалыққа қуанады. Айталық, «Айқап» журналы шыға бас­тағанда, көңілі толып:

«Бұл хабар қуандырар елді байтақ,

Керегін баспасөздің келген байқап.

Жасасын, ғұмырлы боп енді «Айқап», деп құттықтауын жолдайды.

Міржақыптың «Ақ жол» газетінде­гі қызметіне қатысты Тұрар Рысқұлов: «Газеттің бас мақалалары мен негізгі мақалаларының бәрін дерлік Дулатұлы жазды. «Ақ жол» – Дулатұлы еңбегінің нәтижесі, «алашордашыл» «Қазақты» жалғастырған оның перзенті» деген.

Қазақ баспасөзінің көшбасшысы саналатын «Қазақ» газетін шығару­шы­лар Ахмет пен Міржақып еді. Бұл тұрғыда, әсіресе Ақаңның еңбегін жоғары бағалаған Міржақып былай деп жазады: «Публицист ретінде А.Байтұрсы­н­ұлы ешқандай қаражат қоры болмаса да, 1913 жылдың басында Орынборда шын мәніндегі тұңғыш қазақ газеті «Қазақ­тың» негізін қалап, оның бетінде қазақ халқының мұң-мұқтажын батыл сөз етіп отырды». М.Дулатұлы 1914 жылдың ­12 мамырынан бастап газеттің екінші ­редакторы, ал 1917 жылдың 28 шілдесінен кейін газеттің негізгі ұйым­дастырушысы болды.

1926 жылы жарияланған «Қазақ тілі­нің мұңы» деген мақаласында тілдің қол­данылу көріксіздігіне, ертеңгісіне алаң­дайды: «Мен заманында қандай едім? Мен ақын, шешен, ділмар баба­ларың­ның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім. Маған әкеліп араб, парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлде жоқ қылғысы келгендер де болды». Қазіргі халыққа ой салатын сал­мақты, тегеурінді сөздер. Оның ұлт мүддесі үшін күрескенін, қайраткерлік қырын көсемсөздері таныта түседі, солардың бірнешеуін келтірелік:

«Өзінен басқаның тілегін тілей алма­ған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық».

«Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар...».

«Өзінің тарихын жоғалтқан ұлт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді».

«Мектеп саны көбеюімен қатар, оқу­дың сапасын арттыру керек».

«Ұлт әскері ел қорғаны екенін естен шығармай, ендігі ұранымыздың бірі осы болуы керек».

 Ұлттық рухты көтеретін, намысты жанитын жалынды сөздерімен жастарды жігерлендіріп отырған дауылпаз ақын «Жас қазақтар, қайдасың?» деп, былайша үн қатады:

«Жатпалық, жастар, жатпалық,

Жасқанба, жолың ашылсын.

Бақшасында халықтың

Бұлбұл боп тілің сайрасын!».

Сондай-ақ «Мадияр» деген бүркеншік атпен жазған мақалаларының бірінде Міржақып:

«Атқа мінген азамат! Сендерге ел керек болса, жұрт керек болса, басшылық қылып, алашты аман сақтау қамына кірі­сіңдер!» деп, қазақ халқына үндеу тас­тайды.

Қайраткердің ұлттық рух, ана тілі, мем­лекетшілдік, әдебиет, мәдениет, оқу-ағарту, саясат және т.б. мәселелерге қатыс­ты ой-пікірлері өзектілігімен, өмір­шең­дігімен ерекшеленеді. Шығар­ма­шылық мұрасында «Есеп құралы», «Бақыт­сыз Жамал», «Азамат», «Терме» және т.б. кітаптары ерекше орын алады. Міржақып «Алаш ұраны», «Алаш маршы» өлеңдеріне ән де шығарған.

Міржақып дегенде, алдымен оның «Оян, қазақ!» деген сөзі тілге оралады. Мұндай әлеуетті, елең еткізер тегеурінді сөзді халыққа жанашыр, ел мүддесін көз­дейтін азамат қана айта алады. Сөйтіп, ол 1909 жылы туған халқына:

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты»

деп жар салады. Тұңғыш өлеңдер жи­нағы 1909 жылы Қазан қаласында «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шық­­­ты. Міржақыпты алты алашқа таныт­­­қан – осы туындысы. Бұл жинақ Қырым, Кавказ, Түркияға дейін тарап ке­теді. Мір­жақыптанушы ғалым М.Әбсә­метов­тің жазуынша, М.Дулат­ұлын ұстаз тұт­қан, азаттықты аңсаған азамат­тар­дың қата­рында Түркияның тұңғыш прези­денті Мұстафа Кемал Ататүрік болған. Ол «Оян, қазақ!» кітабын түрік тіліне аударт­қан. Осы кітаптың әсерімен «Оян, түрік!» деген атпен кітап басылып шыққан.

Міржақыпқа үлкен көмек көрсетіп, «Серке» газетінің екі нөмірін шығарған татар баспагері Әбдірашид Ибрагимов Жапонияға қоныс аударады. Өзімен бірге «Серке» газетіне қатысты құжаттарды да ала кетеді. Сол жақта жапон зиялыларымен кездеседі. Оларды М.Дулатұлының ұстанымы, қайраткерлігі қызықтырады. Сөйтіп, ол туралы жапон елінде біршама мақала, зерттеулер шығады. «Оян, жапон!» деген атпен кітап жарық көреді. 1997 жылы ғалым Уямо Томохихо жапон тілінде М.Дулатұлының саяси көзқарасы туралы диссертация қорғаған.

1917 жылы шілденің 21-26-сында Орынборда өткен І жалпықазақ съезін­де «Алаш» партиясы құрылды. Қазақ халқының тарихындағы осы тұңғыш саяси ұйымды даярлап құрушылардың бірі және белсенді идеологі Міржақып Дулатұлы еді. «Алаш» партиясының негізінде «Алаш» ұлттық үкіметі дүниеге келді. Алаш арыстары бірін-бірі демеп, қолдап отырғаны белгілі. Айталық, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан тер­геу ісіндегі жауабында: «Мен тек Бай­тұрсынұлымен, Дулатұлымен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын» дейді. А.Бай­тұрсынұлы денсаулығына байла­ныс­ты, сұранып кетерде: «Мені «Қазақ» газеті редакторлығынан уақытша босатып, орныма Міржақып Дулатұлын бекітулеріңізді өтінемін», деп жазады. Осыдан-ақ Міржақыптың сенімді әріптес, жанашыр дос екенін, қоғамдағы рөлін бағамдай беруге болады.

Ұлтқа жанашыр тұлға 1924 жылы Орынборда қазақ-қырғыз білімпаз­дарының тұңғыш съезінде сөз сөйлеген. Ол қазақ елінің тарихи тұлғаларын таныта түсуге де атсалысып, алғашқы болып Ясауи, Шоқан, Абай, А.Байтұрсынұлы және т.б. туралы мақалалар жазып, тұлға­тану іліміне жол салды.

М.Дулатұлының азаматтық ұста­нымы, саяси белсенділігі, қоғамдағы рөлі кеңес өкіметіне ұнай қоймады. Ол 1928 жылдың желтоқсанында қамауға алынды. 1930 жылы ату жазасына кесіліп, кейін бұл үкім он жыл абақтыға ауыстырылды. Жалынды күрескер Беломор-Балтық каналының құрылысы бойындағы Соловецк лагерінде жазасын өтейді. Тұтқында жүргенде де Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлымен хат-хабар жазы­сып, мән-жайды біліп отырған. Соловецкі­нің жап-жақсы кітапханасы болған. Міржақып осы кітапханаға бірнеше қазақ әдеби кітаптарын тапсырған. Лагерьде орыс тілін білмейтіндерге қатты зорлық-зомбылық көрсетілетінін ескеріп, қамақта отырып, өзге жердің ызғарлы түндерінде қарындаш тұқылымен түрік-орыс сөздігін жазып шығады.

Арыс туған ер 1935 жылдың 5 қаза­нында осы лагерьде ауыр науқастан қайтыс болды. Сүйегі 1992 жылы қыр­күйек айында Торғай өңіріндегі өз есімі­мен аталатын ауыл бейітіне әкелініп, қайта жерленді. Дауылпаз ақын, жазушы, көсемсөзші, қайраткер, қазақ тарихындағы кесек тұлға Міржақыптың өнегесі, оның тағылымды сөздері қай кезеңде де санаға қозғау салып, жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеу ісінде өз маңы­зын жаңғырта бермек.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру саласының құрметті қызметкері

 

Қостанай