• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2015

Ресейлік ғалым кеңес берді

243 рет
көрсетілді

Агломерация тілдік қолданысымызға жаңадан еніп келе жатқан халықаралық термин. Бұл әлемдік деңгейде қалаларды дамытудың бұған дейін қолданылмаған, тың, мүлдем жаңаша жолдарын іздестіріп, тәжірибеге енгізу деген сөз. Бұл арада тек құрғақ, жалаң энтузиазммен алысқа құлаш сермеу қиын-ақ. Яғни, агломерацияны дамыту ісі ғылыммен тығыз ұштастырыла жүргізілмесе, бұл кейін ешқандай экономикалық тиімділік пен пайда бере алмайды. Қысқасы, агломерация теориялық тұрғыдан да, тәжірибелік тұрғыдан да ел тұрғындары үшін жаңаша ұғым. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, мұндайда таяу және алыс шетелдердегі осы саланың мамандарымен және оны теориялық тұрғыдан қарастырып жүрген ғалымдармен ой-пікір, тәжірибе алмасқанның ешқан­дай артықшылығы болмаса керек. Бұл орайда, осындай пайдалы бас­қосуға бастамашы бола білген Орал қаласындағы ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінің президенті, техника ғылым­дарының кандидаты Ақсерік Әйтімовтің интеграциялық сипаттағы қадамына тек ризашылық білдірген орынды. Ресейдегі қалалар мен ауылдарды дамыту бағдарламасын жасақтаушы, мәскеулік академик Александр Лоланың Ақжайыққа жолы осылай түсті. Аталмыш жоғары оқу орнының базасында және Орал қалалық әкімдігінде өткізілген кездесулерде мәскеулік маман оралдықтарға агломерацияның және агломеративті қалалардың қалай пайда болатыны жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді. Өз кезегінде қалалық, облыстық мәслихаттар мен Парламент депутаттары аталған мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салды. Біз бұл мәселелердің көкейкестілігі мен өзектілігін ескеріп, оны газет оқыр­ман­дарының назарына ұсынғанды жөн көрдік. Айталық, Александр Лола ірі қалалар мен олардың төңірегін дамыту үшін оны кәсіби түрде басқара білу, жаңа істің заманауи тетігін табу қажет деп санайды. Бүгінгі кезде үлкен қалалардың төңірегіндегі шағын ауылдар қалай дамуы керек деген сауал да салмақты болса керек. Маман-ғалымның пікірінше, мұндағы коммуналдық шаруашылық пен инфрақұрылым мәселелері ойдағыдай шешілсе, бұл фактор агломеративті дамыту үдерісіндегі қаланың неғұрлым тезірек пайда болуына септігін тигізбек. Қала теориясы мен басқару теориясын бес саусақтай меңгере білудің қажеттілігі де осында. Қаланы дамыту дегеніміз, тек онда тұратын тұрғындардың санын көбейту деген түсінікті білдірмейді. Бұл бірінші кезекте қала іргесінде тұратын ауыл тұрғындарына дәл қаланың өзіндегідей жағдай туғызу деген сөз. Агломерациялық қала атануға қажетті фактордың бірі – қала маңында, жоғарыда айтылғандай, шағын ауылдардың көп болуы. Бұл орайда агломерацияның туындау төркіндерін терең зерттеп жүрген Лола пікірінің жаны бар. Яғни, агломерацияның жөні осы екен деп қала маңында шоғырланған ауылдардың мәртебесін өзгерте салуға болмайды. Бұл қала дамуын басқарудың оң факторы болып табыла алмайды, деп өз ой-пікірін білдірді кездесу кезінде Орал қалалық мәслихатының депутаты Шалқыма Құрманалина. Ал Парламент Мәжілісінің депутаттары Самиғолла Оразов пен Шавхат Өтемісовтің көтерілген мәселеге байланысты тұжырымдары да назар ауда­рар­лықтай. Мұның түп-төркіні төмендегідей. Республика Президенті Нұр­сұлтан Назар­баев Қазақстан халқына Жол­дауында атап көрсеткендей, келешекте Қазақстанда төрт агломерациялық орталық құрылмақ. Бұлар Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары. Дегенмен, агломерациялық қала атануға еліміздегі өзге де қалалардың құқы мен мүмкіндігін шек­теуге болмайды. Айталық, Ресей Феде­ра­циясының бес бірдей облысымен шек­тесетін Орал өңірінде де агломерацияға негіз бола алатындай факторлар жоқ емес. Бұл қадамға Еуразиялық экономикалық одақ­тың құрылуы да оң әсерін тигізе алады. Әрине, агломерация құруға ең қажетті факторлардың бірі – тиісті капи­талдың жасақталуы және қажетті инфрақұрылымның болуы. Қазіргі жағдайда бұған біршама жақын еліміздегі өңірлердің бірі Ақтөбе қаласы болып отыр. Оны Батыс Еуропа жолдары кесіп өтеді. Соған сәйкес, бұл қаланың даму жолдары да ширақ. Сондай-ақ, еліміздің батыстағы қақпасы – Оралды да Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолдарына қосу мүмкіндігі жоқ емес. Сондықтан да, ел Парламенті бұған баса назар аударуда. Әрі бұл мәселені түбегейлі түрде талқылауға ден қоюда. Бұған қоса бүгінде аталған мәселеге қатысты кешенді шаралар шоғырын қолға алуға да тура келеді. Түйіп айтқанда, агломерация Қазақ­стандағы қоныстану институтының жаңа жүйесі іспеттес. Мұны ғылыми интеграция шеңберінде де бірлесіп, басқосып шешу жолдары бар екені белгілі болып отыр. Сондай-ақ, агломерация терминін урбанизация, конурбация және мегаполис ұғымдарынан тыс, бөлек қарастырудың жөні жоқ. Бұл ретте елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көрініс бергендей «жабайы» урбанизацияның белең алуына жол беруге болмайды демекпіз. Сондай-ақ, агломерациялық қала атану қайда деп бұдан ат-тонды ала қашудың да еш қисыны жоқ секілді. Өйткені, оның өткел бермес асу емес екендігі айдан анық. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.