Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Қарағанды ауылдық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Жұмекен – қазақ поэзиясының алтын сандығы» атты библио микс іс-шарасы өтті. Оған 2 «а» сынып оқушылары қатысты.

Биыл аса көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толады. Шалқар дарын иесі ә дегеннен қазақ поэзиясына өз үнімен келді. Оған жаңаша өрнек қосты. Оның өлеңдерінен ғана емес, поэмаларынан философиялық тереңдікті, парасаттылықты көресіз. Прозаға да қалам тербеп, сүйекті шығармалар жазды. Сондай-ақ Жұмекен Нәжімеденов – мемлекеттік әнұран авторларының бірі. Ақынның замандасы біртуар тұлға Мұқағали Мақатаев: «Жұмекен жұмбақ ақын. Тамырын тереңге салған, ойға бай, тілге сараң суреткер. Ақын Жұмекен, жұмбақ Жұмекен біздің поэзиямыздың бүгінгі де, ертеңгі де орнына мықтап жайғасқан», деп көзі тірісінде жоғары бағалаған.
Мазмұнды шара барысында оқушылар айтулы тұлғаның өмірімен, шығармашылығымен жақын танысты. Ақын кітаптарына библиографиялық шолу жүргізді. Сонымен бірге қабырғалы қаламгердің туындыларын жатқа оқыды. Мемлекеттік әнұранды орындады.
Сөйтіп, жас оқырмандар бірегей суреткердің шығармашылық әлеміне саяхат жасады.
Гүлжауһар ЕСЕНТАЕВА,
Қарағанды ауылдық кітапханасының қызметкері
Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы