Заман тудырған талап
Әр заманның талабы болады. Талап зымыраған уақыт пен оған ілесе дамыған қоғам қажеттілігінен туындайды. Тарихта айтылатын жалпы адамзаттың қалыптасу, даму эволюциясы мен соған қарай өзгеріп, жетіле түскен қоғамдық ортаны көреміз. Ол жетілген сайын адам да оған икемді, бейім болып, тіпті, кей жағдайларда болашақта болуы мүмкін нәрселерді түйсік арқылы танып, соған орай әрекет-қам жасап тірлік етеді.Біздің еліміз уақыт иірімінде бірде қалқып, бірде тұншыға малтып дегендей, бүгінге жетті. Қазақтың сырт елдермен жауласқан кезі болған жоқ, тарихымыздан белгілі қиян-кескі шайқастардың барлығы ел мен жерді «өздері келіп сүйкенгендерден» қорғау үшін болды. Бұдан айтпағымыз, қазақ – қашанда көршімен тату, бөгдені бөтен деп кеудеден итермеген халық. Қай халықпен де сыйлас, сырлас болып, қажетті жерінде олармен білек пен тілек біріктіре алған ел.
Ал бүгінгі заман не дейді? Даму ырғағы барынша күрделі, сәт сайын сан сапат өзгерістер орын алып, алпауыт елдердің өзі бұған дейін жүріп келген даңғыл бойынан ойда жоқта кездескен кедергілермен күресіп, толассыз қарбаласқа түскен шақ. Жаһанданудың иірімі әлем халқын түгел шарпуда, әлеуметтік-экономикалық мәселелер күрделеніп, жаһандық дағдарыс орын алды. Одан шығу – әрбір мемлекеттің алдына технологиялық жаңғыруды, экономикалық жетілуді, ақыл-ой күрескерлігі мен оның гуманистік сипатын арттыра түсуді қажет етеді. «Етек-жеңді қымтап» алға екілене ұмтылмаса, ығып кету қиын емес. Енді әңгіме осы «етек-жеңді қымтау» мәселесіне келіп тіреледі. Бұл ешкіммен араласпай, томаға-тұйық болу деген емес, керісінше, өзгелерден қалыс қалмай, олармен тең дәрежеде әрекет ету қабілетіне ие, белсенді, тас-түйін болу дегенді білдіреді. Қазіргі Қазақстан әріптес ретінде Ресей, Беларусь елдерімен бірге табалдырығынан аттағалы тұрған одақ – Еуразиялық экономикалық одағы осы өзара ықпалдасу, белгілі бір тұстарда бірлесе әрекет ету идеясынан туған.
Қазақстанның географиялық орналасуы оған «өзімен өзі болуға» емес, өзгелермен толассыз аралас-құралас болуға қолайлы. Ашық экономикалық саясатты ұстанатын Қазақстанның бұл үлкен сахнаға қарай жасаған тағы бір қадамы.
Бірақ, біздің халқымыз әлі аталмыш одақ туралы толық түсініп болған жоқ. Сондықтан түрлі кереғар пікірлер айтып, оны «тәуелсіздікті құрдымға кетіретін» құрылым ретінде қабылдап жүргендер бар. Тағдырдың ауыр зұлматтарынан әбден запы болған қандастардың үркектік танытуын да түсінуге болады. Біздің халық үшін ең басты қажеттілік те, құндылық та – тәуелсіздік. Оларды қолға зарықтырып қонған бақты өз қолымызбен қайтарып беріп жатқан жоқпыз ба деген ой мазалайды. Демек, үркектігі – сақтығы. Осы орайда Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяның авторы – Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев Мәскеудегі мәртебелі мінбелерден «Мұндай одақты құру – тек қана инновациялық жоба. Ол – құлаған Кеңес Одағын көксеу емес, Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің бірлескен ұстанымы. Саяси тәуелсіздікке ешкім қол сұқпайды, ол сақталады», деп аталмыш одақтың тек экономикалық бірлескен құрылым, экономикалық әріптестік екендігін ашық айтып келеді. Кеше әлем халқы социалистік және капиталистік жүйе болып екіге жарылып өмір сүрген кезеңнің өзінде, социалистік елдерде экономикалық өзара көмек кеңесі жұмыс істеді. Кеңес шарттары бойынша теміржол тасымалының жолаушылар вагоны ГДР-де, жүк вагондары Кеңес Одағында, күні кешеге дейін қолданыста болған «Икарус» автобустары Венгрияда жасалатын. Және мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ортақ игілік үшін бірлесе жұмыс жасаудан, мүдделестік танытудан осы елдердің қайсы опық жеді? Мені таңғалдыратын осыны білетін аға буынның оны оп-оңай ұмытып кеткендігі.
Кезінде Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру үшін Кеден одағы құрылған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сарапшылар пікірлеріне, экономистер есеп-қисабына назар аударсақ, Кеден одағына мүше елдер мен өзге сырт елдер арасында экономиканың күретамыры болып саналатын сауда-саттық көлемінің артуы, кедендік рәсімдердің қысқаруы, транзитті сауда тасымалдарының өсуі байқалып, жалпы өнімнің өсімі аңғарылған. Бұлардан өзге Қазақстан инвестиция көлемінің өсуі, логистикалық нарықтың дамуы сынды жетістіктерге қол жеткізген. Бұл оң көрсеткіштер біртұтас экономикалық кеңістікке барар жолды одан әрі сатылай жалғастыру қажеттігін алға тартты. Қазір үш ел – Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойып үлгерді.
28 сәуірде Мәскеу қаласындағы М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетте ресейлік ғалымдар мен жастар алдында дәріс оқыған Н.Назарбаев бұдан 21 жыл бұрын идея ретінде айтылған, осы уақыт ішінде сыналу, талдану, байқап-бағамдау кезеңін бастан өткерген бастаманың болашағы туралы да айтты. 2050 жылға қарай одақтағы әріптес елдерге әлемдегі интеграциялық бірлестіктердің көшбасшы үштігінде болуға ұсыныс білдірді. Кеше Кеден одағы болып басталған, бүгінгі үш тағанды Еуразиялық экономикалық одақтың ертең көкжиегі барынша кеңейіп, әлем елдері қызығушылықпен қарап, бағалайтын бірлестік болатыны күмәнсіз. Демек, экономикалық мүдделестік танытып, өзінің мәдениетін, тілі мен ділін сақтап, тәуелсіздігін тұғырынан тайдырмайтын Қазақстан бұдан ұтылмайды.
Мен өзім байырғы ұстазбын. Зейнеткерлікке шықсақ та, осы саланың тыныс-тіршілігін сырттай қарап отырамыз. Шақырылған жиын-басқосулардан, семинар-кеңестерден қалыс қалмаймыз. Бұл уақыт өткізудің есебі емес, тәуелсіз Қазақстанның білім беру саласын әлі де болса қалай жетілдіре түсеміз, жас ұрпақ бойына елжандылықты, ұлттық қасиет-құндылықтарды қалай етсек сіңіре түсеміз деген ойдың жетелеуі. Өткен жылы мамыр айында Маңғыстау облысындағы ардагер ұстаздар, қызметте жүрген ұстаздар мен мектеп бітірушілер, яғни үш буын өкілдері жиылып «Тәуелсіз елдің ұлттық мектебі және оны дамытудың негізгі бағыттары» атты семинар-кеңес өткізген едік. Нәтижесінде еліміздің білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру бағытында бірнеше ұсыныстары туындаған болатын. Солардың бірі – орта мектептің жоғары сатысында негізгі және орта мектеп бағдарламаларын математика, физика, информатика, химия, биология пәндері бойынша Кеден одағы, әсіресе, Ресей мектептері пәндері бағдарламасымен сәйкестендіру, күнтізбелік жоспарларды бірдейлеу мәселесі болды. Өйткені, әлемдік ғылым жетістіктері барша ұлтқа ортақ, оны көрші елдермен өзара ықпалдаса отырып, байланыса оқытатын болсақ, ортақ ғылыми жетістіктерді бірге меңгергеннен ешқандай саяси мән іздеп қажеті жоқ деп есептеймін. Мемлекет басшысының былтырғы 28 сәуірде М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де оқыған дәрісінде осы мәселе айтылғанын естіп, қуандым. Экономикалық ықпалдасудың елдердің мәдени-гуманитарлық салада да өзара қарым-қатынасын тереңдете түсуге септігі тиетіндігін айтқан Н.Назарбаев, одаққа мүше елдердің бір-бірінің тарихын, әдебиетін, мәдени мұралары мен тілді оқып-үйренуге, ғылымды дамытуға тиіс екендігін ұқтырды.
Интеграция – қажетті құбылыс. Экономикалық интеграцияны жоққа шығарудың, шетелдермен экономикалық тұрғыда ықпалдаса отырып, инвестиция тартудың ел экономикасын көтерудің бірден-бір жолы екенін түсінбей, Еуразиялық экономикалық одақты «тәуелсіздікке қарсы әрекет ретінде» бағалаудың қажеті жоқ. Көп жағдайда, мұндай түсінік еліміздің географиялық жағдайын білмеуден туындайтын сияқты. Қазақта «алаған қолым – береген» деген сөз бар. Әркім өз жерінің асты-үстіндегіні ешкіммен бөліспей, ештеңеге айырбастамай отырса, қалай болар еді?! Мысалы, «Қытайға мұнай берді» деп қызғанамыз, еліміздің солтүстік облыстары тұрғындары таңдайын шылап, ауыз суын айырып отырған Ертістің бастауы қайда жатыр? Қытай Қара Ертістен ішке қарай Қарамай каналын салды. Ертең Шыңжаң округіндегі халықтың әл-ауқатын арттыру үшін өз аймағымызды суландырамыз деп, Қазақстанға келетін арнаны тұмшалай қойса ше? Іле Алатауынан бастау алатын Іле өзенінің жағалауына ирригациялық жұмыстарды жобалап отырған Аспанасты елінің маңдайынан сипап, әріптестікке шақырмасақ, Қапшағай, Балқаштан айырылып, Аралдың кепешін кимейміз бе? Әму мен Сырдың суы үшін қырғыз елімен, Еділ мен Жайық үшін Ресеймен тіл табысып, өзара достық қатынасты жоймай, тіл табыса тірлік етудің кемшілігі бар ма?
Еуразиялық экономикалық одақты кешегінің елесі емес, келешектің белесі деп білу керек.
Ордалы ҚОСАЙ,
ардагер ұстаз.
Маңғыстау облысы.