Көктемгі қар суы қауіп төндіреді-ау деген аймақтарда алдын алу жұмыстары күшейтіліп, тиісті мамандардың бақылауына алынған. Өзендерде мұздар жарылып, бұлақ көздері тазартылып жатыр.
Мәселен, жуықта Күршім өзенінде Теректі-Бұлақ ауылының маңында профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілді. Мұз жару 14040 шаршы метр аумақта жүзеге асырылды. Бұл елді мекендерді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік берді. Жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ШҚО ТЖД құтқарушылар тобы жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта өзендерге тәулік бойы мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр. Алтай ауданына келген Қ.Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері су тасқынына қарсы іс-шараларды қолға алған. 50 метр арық жүйесі, көпір асты, 27 су өткізу құрылыстары тазартылды. 420-дан астам қап инертті материалмен толтырылды.
Елді мекеннің қары ерігенімен тау қарының көбесі сөгіле қойған жоқ. Сондықтан қолға алынған қауіпсіздік жұмыстары әлі жалғасады.