Алматыда жастар саясаты басқармасының қолдауымен іске асырылып жатқан «Жастарға арналған жалпықалалық мансап күндері» ауқымды жобасы басталды. Осынау бастама – жас мамандарға жұмыс табуға, кәсіби дағдыларын дамытып, әлеуетті жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектесуді көздейді.
Осы жобаға орай Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында қалалық мансап орталығының жұмыс берушілермен және әріптестермен жұмыс бөлімінің басшысы Ақарыс Төребеков: «Қазақстан халқының 27%-ын жастар құрайды – бұл 5,3 миллион адам. Жыл сайын еңбек нарығына 250 мыңға жуық жас маман шығады, алайда олардың барлығы бірден өз мамандығы бойынша жұмыс таба бермейді. Біз бұл жағдайды өзгерткіміз келеді», деді.
Маманның айтуынша, алғашқы бос орындар жәрмеңкесі 31 наурызда Алмалы ауданында, Алматы технологиялық университетінің базасында өтіп, оған 50-ден астам жұмыс беруші мен 500-ден аса жұмыс іздеуші қатысқан.
«Біз жастарға жұмыс табумен қатар, өз дағдыларын дамытуға, нарық талаптарын түсінуге және мотивация алуға мүмкіндік беретін бірыңғай алаң құрып жатырмыз», дейді Ақарыс Төребеков.
Ол жақын арада жоба қаланың барлық аудандарын қамтитынын айтты. 14 сәуірде бос орындар жәрмеңкесі Медеу ауданында Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университетінің базасында, ал 24 сәуірде Бостандық ауданында Satbayev University базасында өтеді. Көктемнің соңына дейін тағы бес, ал күзде үш іс-шара өтеді.
Ұйымдастырушылар 8 мыңнан астам жастарды қамтуды және кемінде 500 адамды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуді жоспарлап отыр. Жәрмеңкелерден басқа, кәсіпорындарға экскурсиялар және БАҚ пен әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық қолдау қарастырылған.
«Жалпықалалық мансап күндері» жобасы жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетудегі маңызды қадам әрі алматылық жастар арасында кәсіби дамуға тұрақты ынталандыруды қалыптастыруға көмектеседі», деп қорытындылады сөзін спикер.