5 сәуір күні Астанадағы Барыс Аренада кәсіби бокс кеші өтеді. Кештің басты жекпе-жегінің иелері жеңіліп көрмеген Ж. Әлімханұлы мен франциялық Анауэль Нгамиссенге, деп жазады Egemen.kz.
Басты жекпе-жек алдында С. Зәуірбек, Б. Жүкембаев, ағайынды Сабырхандар мен Б. Жалолов өнер көрсетеді.
Бүгін бокс кешінің алдындағы баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз жиынында өзбекстандық екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов Иван Дычкомен рингке шығуға қатысты көпшілік көкейіндегі сұраққа жауап берді.
«Мен 4-5 жыл бұрын әуесқой бокста кубалық, қазақстандық бірнеше былғары қолғап шеберлеріне есе жібердім. Десе де қазір шыңдалдым. Кез келген боксшымен реванш жасауға дайынмын. Мұндай ұсыныстар туралы менің менеджерлеріммен байланысуға болады», деді Б. Жалолов.
Б. Жалолов қазақ бокс сүйер қауымының алдында да танымал. Ол 5 сәуір күні украиналық И.Шевадзуцкиге қарсы шаршы алаңға шығады. Осы жекпе-жек алдында көрші ел өкілі қолдап, қонақжайлық көрсетіп жатқан қазақ халқына алғыс айтты.
«Мені боксшы ретінде өсірген ел Қазақстан. Жастайымнан осы елде, талай турнирде бақ сынадым. Астана өте әдемі қала екен, ұнап жатыр. Қолдауларыңызға рақмет», деді өзбек боксшысы.
Бокс кешінің билеттерін Тикетон.кз, яндекс.афиша сайттарынан сатып алуға болады.