Алматы облысының Балқаш және Іле аудандарында халықтың әлеуметтік осал топтарына жаңа тұрғын үйлердің кілті салтанатты түрде табыс етілді. Жаңа баспананың кілтін алу – кез келген жан үшін үлкен қуаныш екені сөзсіз. Ал, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.

Бақанас ауылында аталған жоба аясында «BC Lengthy Life» ЖШС 4 пәтерлі 6 тұрғын үйді тұрғызған. Жалпы саны 24 кең әрі жайлы пәтер өз иелеріне табыс етілді. Мемлекеттік бағдарлама негізінде салынған бұл баспаналар 638,4 млн теңгеге сатып алынған.
Пәтер кілтін табыстау салтанатына аудан басшылығы, құрылыс компаниясының өкілдері және жаңа пәтер иелері қатысты. Жылдар бойы үйлі болуды арман еткен азаматтар қуаныштарымен бөлісіп, мемлекет тарапынан жасалған қолдауға ризашылықтарын білдірді.
Мұндай қуанышты сәтті Өтеген батыр ауылының тұрғындары да сезінді. «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына 10 пәтер берілді. Бұл – тек баспанамен қамту бағытындағы алғашқы қадамдардың бірі ғана.
Айта кетейік, бүгінде Іле ауданында 5443 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 1878-і – көпбалалы отбасылар, 1993-і – халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар, 807-сі – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 765-і – бюджеттік сала қызметкерлері. Сондықтан ауданда баспанамен қамту мәселесі ерекше назарда.
Алматы облысы.