Тараз прокурорларының 2024-2025 жылдары жүргізген талдау жұмысының нәтижесі белгілі болды. Зерделеу жұмысының нәтижесінде заңсыз сатып алынған 13 пәтер мен 2 жер учаскесі анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz
Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі келтірген дерекке сенсек, заң өкілдері әлеуметтік осал топтардың құқығын қорғауға басымдық беріп отыр. Атқарылған жұмыс нәтижесінде заңсыз сатып алынған пәтерлерлер коммуналдық меншікке қайтарылып, оның біршамасы мұқтаж жандарға берілетін болады.
Қала прокурорының апелляциялық өтінішінің негізінде 3 пәтер бойынша сот актілерінің күші жойылған, оның ішінде 2 пәтер әлеуметтік осал топтарға жататын меншік иелеріне қайтарылды. Сондай-ақ, Құны 16 млн теңгені құрайтын орталықта орналасқан 4 бөлмелі пәтер мемлекетке қайтарылды.
Жылжымайтын мүлік иесі болған азамат бұл пәтерді қала тұрғынының жазбаша келісімімен сатып алған, кейіннен меншік құқығын тану туралы талаппен сотқа жүгінген, бұл талап бірінші сатыдағы сотпен қанағаттандырылған. Апелляциялық инстанцияда талапкердің пәтерде 7 жыл бойы үздіксіз тұрып жатқанын растайтын құжаттар мен басқа меншік иелерінің сатуға келісімі ұсынылмағаны анықталған. Сонымен қатар, қадағалау актісі бойынша сот қала әкімдігінің жалпы құны 60 млн теңгеге 5 пәтерді иесіз деп тану және оларды коммуналдық меншікке беру туралы талаптарын қанағаттандырды. Аталған пәтерлер кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға берілетін болады.
Сондай-ақ, прокурордың актісі мен талап арызы бойынша мемлекетке жалпы аумағы 18 сотық 2 жер учаскесі қайтарылды. Әлеуметтік осал топтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Тараз