Астана қалалық соты масаң күйінде «FlyArystan» АҚ-ның Астана – Өскемен бағытындағы әуе кемесі бортында бұзақылық жасаған айыпталушының ісін қайта қарады, деп жазады Egemen.kz.
Т.есімді айыпталушы «FlyArystan» АҚ-ның Астана – Өскемен бағытындағы әуе кемесі бортында бұзақылық жасап, әуе кемесінің бортсерігін ұрып-соғып, жолаушының ескертуін елемей оған да жұдырық жұмсаған. Тергеу барысында екі жәбірленуші де дене жарақатын алғаны анықталды.
Жолаушы рейстен қалдырылғанда бұзақылық ниетпен терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаған. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны 3 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Айыпталушының адвокаты жазаны бас бостандығын шектеу түріне ауыстыруды сұраған. Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа сотталғанға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
«Сот үкімімен Т. терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны (ҚК 273-бабы) және әуе кемесінің бортында бұзақылық жасағаны үшін ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 4 тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің айғақтары, сарапшылардың қорытындылары және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген», делінген Астана қалалық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сот актісі заңды күшіне енді.